• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2011

Әйелге – құрмет, жасқа – үміт

755 рет
көрсетілді

Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының алғашқы күні осындай ақ ниетпен басталды Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы (БИЭФ) өз жұмысын бастады. Маңызы жағынан БИЭФ-ті «Ислам Давосы» деп те атайтынын ескерсек, мұсылман елдері үшін бұл форумның маңызы қандай екенін аңғаруға болады.  Оның соңғы уақыттарда өтіп жүрген форумдардан айырмашы­лығы да бірден сезілді. Пле­нар­лық отырыс қасиетті Құран Кә­рімнің оқылуымен ашылды. Кө­ңі­лге жылылық ұялатқан тағы бір көрініс – мінбеге көтерілген сөй­леушілердің барлығы «Ассалаумалейкум уа рахматуллахи уа баракатух» деп амандасуы болды. Мұсылман баласы кез келген ісін бастарда, алдымен Алланың атын ауызға алып, ұлықтайды. Сол секілді форум да таң бозы­нан Тәуелсіздік сарайының ішінде фо­румға жиналғандар алдын­да Ерке­бұлан Әлпейісұлының әуезді ма­қам­мен қасиетті Құ­ран­ды оқуымен бастал­ды. Осылайша бір серпіліп алған қа­тысушылар алдына Пре­мьер-Ми­нистр­дің орын­басары – Ин­дустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев шы­ғып, ұйымдас­тырушылар атынан сөз алды. Жас мемлекеттің жаңа астана­сында 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумына қатысу­шы­ларды қарсы алуға мүмкіндік берген Алла тағалаға ризашы­лы­ғымды білдіремін, дей келе Әсет Өрентайұлы форумның ұйымдас­ты­рушылық комитеті төрағасы ретінде тұңғыш рет Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанға білдірілген зор сенім үшін БИЭФ-тің басшылығы мен хатшылы­ғына шынайы алғысын жеткізді. Жыл бойы ұйымдастыру комитеті жа­һан­дық деңгейдегі шараны өткізу жөнінде үлкен жұмыс атқарды. Біз сіздердің елімізге қонақ ретінде ғана келіп-кетпей, келешекте әріп­тес болғандары­ңыз­ды қалаймыз. Әріптестік, бірігу және үдеріс – жай ұран сөз­дер емес, бұлар біздің табысы­мыздың өзегі және алға жылжытатын күш, деді ол. Мәжіліске 45 алыс-жақын шет елдерден, қаржы институтта­ры мен халықаралық ұйымдардан өкілдер қатысып отыр. Мен фо­рум­ның негізгі тақырыбының жо­ғары интеллектуалды әлеуеті қатысушы елдердің сауда-эко­но­микалық, инвестициялық, мәдени әріптестігіне жаңа серпін береді деп ойлаймын. Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумын Шы­ғыс пен Батыстың арасындағы бизнес-сұхбатты жандандыруға тап­тырмас алаң ретінде қарас­ты­ра­мын. Осы орайда, Елбасы­мыз­дың салиқалы саясатының нәти­жесінде Қазақстан экономикасы жаһандық дағдарысты еңсеріп, тұрақты экономикалық дамуға шық­қанымызды атап өткім келеді, деп жалғады сөзін Ә.Исекешев. Вице-премьердің айтуынша, Қазақстан барлық тікелей шетелдік инвестициялардың жан басы­на шаққандағы көлемі бойынша жетекші орында болса, Орталық Азия елдерінде 1-ші орын, ал ТМД көлемінде 2-ші орын алады екен. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Қазақстанға ел экономи­ка­сы­ның интенсивті дамуын қамтамасыз еткен 120 млрд. дол­лар­дан астам инвестиция тартыл­ған көрінеді. Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы (ҮИИДБ) табысты жүзеге асы­ры­луда. Ол отандық және шетелдік инвесторларға бірегей мүмкін­дік­тер береді. Қазақстан Үкіметі ин­вестициялық жобалар бойынша мемлекеттік қолдау және кең қызмет түрлерін ұсына алады. Заң­намалық тұрғыда баламалы энергетика, инновациялар және жаңа технологияларды дамыту шаралары қолға алынуда. Ис­лам­дық қаржыландыруға байланыс­ты арнайы заңнама жетілдірілуде. Елімізде «Әл-Хилал» атты ал­ғашқы ислам банкі бір жылдан ас­там жұмыс жасап келеді. Ай­мақтық Ислам қаржы орталығын құру ту­ралы жұмыс жүргі­зі­луде, сон­дай-ақ ислам қаржы қыз­меттері ры­ногының инфрақұ­ры­лымы қа­лып­тасуда. Сонымен қатар, эконо­ми­калық ынталан­ды­ру, индус­трия­лық және арнайы экономикалық аймақтар секілді экономиканы да­мы­ту құралдары қолданылады. Еуразия құрлығының қақ ор­тасында, серпінді даму үстіндегі Еуропа, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің арасында орналасқан Қазақстан көрші орталықазиялық елдердің, Ресей мен Қытайдың рыноктарына шы­ғу дәлізі ретінде қызмет көрсете алады. Көрші елдермен ортақ ры­нок аумағы өте үлкен, ал бұл әлеуетті инвесторларға Қазақ­стан­да өз өндірісін ашудың тиімді келешегін ұсынады. Бізде оған қажетті ресурстар бар, мұнда та­ғам өндірісіне, ауыл шаруашы­лы­ғына, туризмге, көлік инфрақұ­ры­лымына және инновацияға қар­жы құюға әбден болады, деген Вице-министр шетелдіктерді Қазақстан­ға инвестиция әкелуге шақырды. Бұдан соң сөз алған Бүкіл­әлем­дік Ислам экономикалық фо­румының төрағасы Тун Муса Хитам бұл форумының ерекшелігі жастар мен әйелдерге басымдық беретіндігі болып табылатын­ды­ғын жеткізді. Бүгінгі форум – со­ның жарқын айғағы. Жастар ұлт­тың ұшқыр да ұтымды ойларын жүзеге асырып қана қоймайды, со­нымен қатар, біздің елдері­міз­дің қалай жылжитынына байла­ныс­ты үкілеген үмітіміз де бо­лып табылады. Олар біздің ізба­сарларымыз, әлемді жақсарту тұр­ғысында жасап жатқан істерімізді жалғастыратын ұрпақ, ал әйелдер қоғамдағы тұрақтылық пен үндестікке негіз қалайды. Сондықтан олардың көш басын­да болып, кейінгі ұрпаққа тағы­лым­ды тәрбие беруі аса маңызды. Осы орайда шешен Бүкіл­әлем­дік Ислам экономикалық фо­румының атынан жастар мен әйелдерге жаһандық үдерістерге етене араласып, өз пікірлерін ашық айтуға мүмкіндік беріліп отырғанын атап өтті. Форум ая­сында біз жастар мен әйелдерге тәжірибе алмастыруға алаң бо­лып қана қоймаймыз, сонымен қатар, бағдарламалар мен жоба­лар­ды жүзеге асырып, түрлі семинарлар, жәрмеңке мен тағы­лым­дамалар өткіземіз. Көптеген әйелдер мен жас адамдар біздің бағдарламаларымыздан үлкен тә­жі­рибе үйренді. Сондай-ақ, өзге елдердегі әріптестерімен байла­ныс жасауға мүмкіндік алды, деді БИЭФ қорының басшысы. Ол Орталық Азия тұрғындарын әй­ел­дер мен жастардың одан әрі да­муы үшін білім алу мақсатында БИЭФ-тің жаһандық жобаларына қатысуға, компанияларды өзге елдерден жастарды жұмысқа тарту үшін тағылымдамаларға есік ашуға шақырды. Бүгін мен Қазақстан халқын және жалпы Орталық Азияның барлық тұрғындарын біздің қата­рымызға қосылып, барлық жоба­ларымызға қатысуға үндеймін, деді сөзінің соңында Т.Хитам. Осының арқасында біздің жастар мен әйелдер қауымы өздеріне қажетті білім алулары тиіс. Оған жастар үшін сан алуан тағы­лым­дамаларды ұйымдастыра алатын қазақстандық компаниялар да өз үлестерін қосуы қажет. Меніңше, осындай өзара алмасуларға қаты­сатын мұсылман жастары қажет­ті білім мен тәжірибеге ие болып қана қоймай, бір-бірімен жа­қын­даса алады. Бүгінгі форум жұ­мы­сы барысында біздің әйелдер қауымы да үлкен тәжірибе жи­нақ­тап, бизнесті дамыту сала­сын­да тығыз әріптестік байла­ныс­тарды орнатады деп сенемін. Бұл – біздің негізгі мақсатымыз. Пленарлық отырыстың со­ңын­да құттықтау сөз Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке берілді. Бүкіләлемдік Ислам эконо­ми­калық форумына 6 жыл болса да, ол жаһандық маңызы бар шараға ай­налды. Бұл өз кезегінде жаһан­дық экономикада Ислам әлемінің ық­палы өсіп, сондай-ақ Қазақ­стан­ның ел ретінде өркендеп келе жатқандығын көрсетіп отыр, деп атап өтті Премьер-Министр. Жаһандану ұсынып отырған мүм­кіндікті барынша пайда­ла­нып қалу, ол үшін жаһандану мәсе­лелері мен қатерлеріне жалпы ортақ қадамдарды әзірлеу қажет­тігіне тоқталған Қазақстан Үкі­метінің басшысы үстіміздегі жыл­дың желтоқсанында Қазақ­стан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелейтінін, елдің алдында келешекте көптеген белестерді ең­серу міндеттері тұрғанын айтты. Біз бүгінге дейін қол жеткізген жетістігіміз бен әлем алдындағы абыройымызды мақтаныш етеміз. Мұның барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көре­ген­ді саясатының арқасында мүм­кін болып отыр, деді Кәрім Мәсімов. Сондай-ақ ол әлемнің бізді жауапты, толерантты және мультимәдени ел, Батыс пен Шығыс әлемдері арасындағы кө­пір ретінде қарастырып, халық­ара­лық тең дәрежеде құрметтей­тінін, алайда, бұл даму оңайлық­пен келмегендігін, Қазақстанды КСРО-дан қалған қиранды ара­сы­нан жедел дамушы елге айна­лады деп ешкім күтпегендігін, міне, осындай жағдайда жас ха­лықтың өршіл рухы, құлшы­нысы, энергиясы арқылы жаңа болашақ­қа қадам басқандығын жеткізді. Тәуелсіздік алғаннан бері Қа­зақ­стан ІЖӨ-сі 12 есеге өсіп, қазіргі күні жан басына шаққанда 9 мың АҚШ долларын құрайды, деп жалғады сөзін К.Мәсімов. Тіпті жаһандық дағдарыс кезінде эконо­микамыз алға жылжып, қазір жылына 7 пайыздық өсіммен даму үстінде. Жұмыссыздық дең­гейін екі есеге дейін қыс­қар­ту­дың сәті түсті. Қазіргі кезде оның көрсеткіші Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ-қа қара­ған­да төмен. Премьер-Министрдің пайымдауынша, бұл жетістіктер жоспарлы және командалық эко­номикадан жеке және тез даму экономикасына өтуге байланыс­ты болды. Қазіргі күні ШОБ үле­сі экономиканың үштен бірін құрайды. Үкімет басшысы бүгін­де бұл салада 3 млн.-нан астам адам жұмыс жасайтындығын алға тартып, ШОБ үлесін осы онжыл­дықтың соңына қарай ІЖӨ-нің 40 пайызына жеткізу жоспарда тұрғандығын жеткізді. Бизнес алдындағы әкімшілік кедергілер төмендетіліп, несиелік ресурс­тар­ға қолжетімділік жеңілдетіл­ге­нін айтып өтті. Бейбітшілік пен жақсы тұр­мыс кез келген адам мен кез келген әлеуметтік жағдайдағы жандар үшін ортақ мүдде. Бірақ осы мүддеге қол жеткізуде біз жастар мен әйелдерге тәуелдірекпіз. Сі­з­дер­дің энергияларыңыз, ынтала­ры­ңыздан біздің өрлеуіміз немесе құрдымға кетуіміз тікелей байла­нысты. Сондықтан сіздердің үлес­теріңіз бен ниеттеріңізге ерек­ше мән береміз, деді Премьер-Министр. Статистикаға сүйенсек, әйелдер республикамыздағы ішкі жалпы өнімнің 30 пайыз үлесін құрайды. Бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді. Сондықтан Қазақстандағы әйелдердің алға жылжуы елімізде әйелдерді кемсітушілік белгілерін түбірімен жою ниетіміздің нақты дәлелі. Әрі еліміз мұндай кемсітушілік жоқ­тығы бойынша Еуропалық Одақ құрамындағы Италия, Фран­ция секілді 12 мемлекетпен тең тұр. Оған қоса, Президент тапсыр­ма­сымен әйелдердің саясатта, бизнесте, азаматтық қоғамда жетекші орындарды иеленуіне көмек­тесетін бағдарламалар әзір­лену­де. Қазақстан түрлі экономикалар мен мәдениеттер тоғысында ор­на­ласқан. Еліміз адамдардың мә­де­ни, діни, нәсілдік ерекшелігіне қарамастан, ортақ үйіне айналды. Осы жағдайларды айта келе, Үкі­мет басшысы барлық азаматтары бірдей сый-құрметке ие мемлекет құрғанымызды атап көрсетті. Сон­дықтан тұрақсыздығы басым­дау осы аймақта Қазақстан тұ­рақ­тылығымен ерекшеленетін ел болып табылатынын көлденең тарт­ты. Біз өзіміздің исламдық дәс­түрімізді мақтан тұтамыз, елі­міздің барлық азаматтарына қол­дау көрсетіледі. Еліміздегі бар­лық діндер де тең түрде құрмет­те­леді. Ең бастысы, Қазақстанда әйелдер мен ерлер өз дарын­да­рын қолдана оты­рып, Отанына тең дәрежеде үлес қоса алады. Бізді бөлетін емес, біріктіретін ортақ құн­ды­лықтарға назар аудара отырып, ортақ қатерлерге қар­сы тұруы­мыз керек. Мен Қазақ­стан­ның ИКҰ-ға төрағалығы әлемдік түсіністікке өз үлесін қо­сады деген ойдамын. ХХІ ғасырда жаңа ойларға, жаңа ықпалдарға ашық болу өте маңызды, сонымен қатар, барлы­ғы бірдей өрге жылжитын қоғам құру өте маңызды деп ойлай­мын, деді К.Мәсімов сөзінің соңында. Бұл күні БИЭФ аясында іскер әйелдер форумы мен жас көш­басшылар форумы өтіп, көрме ашылды. Ал бүгін Президент Н.Назарбаев қатысатын салтанатты ашы­лу рәсімінен соң бірқатар сессиялар ұйымдастырылып, онда Ислам банкі, шағын және орта бизнес секторы, қаржы инфрақұры­лы­мының дамуы, халал индус­трия­сы мәселелері талқыланатын болады. *  *  * Бүкіләлемдік Ислам эко­но­микалық форумы (БИЭФ) сал­танатты жағдайда ашылғаннан кейін қатысушылар екі топқа бө­лініп, өздерінің отырыс­та­рын жалғастырды. Алғашқы топ БИЭФ-тің Іскер әйелдер форумы деп аталып, оның ұраны «Әйел және бизнес – табандылық және қажырлылық» деп алынған екен. Форумды Малайзия өкілі, БИЭФ Іскер әйел­дер қанатының төрайымы, доктор Норраесах Мұхаммед құт­тық­тау сөзбен ашты. Ол өзінің сөзін қарсы алушы Қазақстан жа­ғына ризашылығын білдіруден бастады. Форум өте іскерлікпен және ыждағаттылықпен ұйым­дас­тырылғаны көрініп тұр. Рес­пуб­ликаның 14 аймағынан іскер әйелдерді алып келген әріптесім, Қазақстан Іскер әйелдер ассо­циациясының төрайымы Раушан Сәрсенбаеваның да еңбегін атап өтуге тиіспін. Бұл да үлкен шаруа екені сөзсіз. Біз Қазақстан тура­лы бұрын көп нәрсе білмейтін едік. Міне, енді, осы олқылық­тардың орнын толтырып, мына сәу­летті сарайда өзара пікір алы­сып, Қазақстан туралы да көбірек білетін боламыз, деді шешен. Біздің ең негізгі мақсатымыз – қазақстандық іскер әйелдермен танысу және оларға өзімізді та­ныс­тыра отырып, ыстық көңіл­де­гі ынтымақтастықтар орнату, деп жалғады сөзін Малайзия өкілі. Сөйтіп, ортақ проблемаларды ше­шетін ортақ амалдар табуға ты­рысуымыз керек. Біздің қана­ты­мыз БИЭФ-тің маңызды бөлігі болып табылады. Ол 2005 жылы құрылды, яғни бізге алты жыл болып қалды. БИЭФ форумының сол жылы болған ІІ съезіне азаматтар өздерінің зайыптарымен, қыздарымен келген еді. Сонда форумның іскер әйелдер қанатын құру керек деген идея туды. Бизнестің барлық бағыттарын да­мытуда әйелдер еңбегі айрықша екендігі көрініп жүр. Бүгінгі күні ой еңбегі дене еңбегінің алдына шыққан заман екені белгілі. Әлем­дік сана осыны түсініп, әйелдер­дің ой жүйесі ер адамдардан бір де кем емес, керісінше, олардікіне қарағанда өте икемделгіш әрі алғыр екенін мойындайтын уа­қыт келді. Бұрын қазақ халқында «Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық» деген мақал бар екен, бүгінгі күні ондай тұжы­рым­дардың күні өтті, дегенде оның сөзін форумға қатысу­шы­лар қызу қол шапалағымен қоштады. Екінші болып құттықтау сөзді Қазақстан Іскер әйелдер ассоциа­циясының төрайымы Раушан Сәр­сенбаева айтты. Біз БИЭФ Қа­зақстан Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғы және еліміздің ИКҰ төраға­лығына кірісер алдында өтіп отырғанына қуаныштымыз, деп бастады ол өзінің сөзін. Шығыс әйелдері ғасырлар бойы от басы, ошақ қасында ғана өздерінің іскерлігін көрсете алатын. Бірақ қазір заман өзгерді. Қазір олар­дың мүдделері, мақсаттары мен міндеттері өзгерді. Әйелдер өмір­дің белсенді аренасына шығып, өздерінің іскерлік позицияларын арттырды. Қазақстан әйелдері де сол биіктен табылып отыр, дей келіп, одан әрі шешен еліміздегі әйелдер белсенділігінің жай-күйіне тоқталды. Соның ішінде қазақстандық гендерлік саясат­тың ерекшелігін атап өтті. Ол ұлттық ерекшеліктер мен халық­ара­лық тәжірибені ұштастырып отыр, деді шешен. 2011 жылдың 5 наурызында Қазақстан әйелдерінің І съезі болды. Онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйел­дердің шешімді салаларға бас­шы­лық жасауына жағдай туды­ратын айрықша шаралар қабыл­дауға дайын екенін жариялады. Соның ішінде еліміздегі басшы­лық кадрлардың 30 пайызы әйел­дер болатын нақты жоспар қа­былданатын болды. Ал әйелдер­дің басшы кадрлардағы үлесі қа­зір 10 пайыз ғана. Аталған жос­парды іске асыру үшін аймақ­тар­да саясаткер әйелдердің клубта­ры жұмыс істей бастады. Сон­дай-ақ саяси көшбасшылардың республикалық мектебі ашылды, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді әйелдердің арасынан кадр резервтері жасақталуда. Эконо­ми­ка­ның басым бағыттарында да әйелдердің үлесі арта түсуде. Қа­зақстанның 8,5 млн. халқы эко­номикалық белсенді болса, со­ның жартысына жуығы әйелдер. 2005 жылы ІЖӨ-нің 36 пайызы әйелдердің үлесінде болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 4 пайызға артып, 39-ға жетті. Қазір Қазақ­стан әйел теңдігі бойынша «Clobal Gender» рейтингі бойынша 134 елдің арасында 41-ші орында тұр. Осының өзі-ақ біздің елдегі әйел теңдігіне деген көзқарастың дұрыс екендігін көрсетеді, деді Р.Сәрсенбаева. Одан әрі көптеген тақырып­тарды қамтыған пленарлық оты­рыстар басталды. Бірінші отырыс «Әйелдің басшылық саласында­ғы рөлінің артуы: үрдістер, ық­пал ету және өзгерістер» деп атал­ды. Онда алғашқы болып Қа­зақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Әй­ел­дер ісі, отбасы және демогра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова сөйледі. Ол өзінің сөзінде Қазақстанда бизнесті да­мытуға үлкен көңіл бөлініп отыр­ғандығын атап өтті. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламаға сәйкес бизнеспен айналысқысы келетін әрбір әйел 20 мың долларға дейін шағын несие ала алады. Егер адам осынау несиені тиімділікпен пайдалана алса, өзінің отбасына, елге үлкен пайда келтіреді. Оны алдымыз­дағы шілде айынан бастап алуға болады, деді министр. Өткен жыл­дардағы бизнесті, оның ішінде іскер әйелдер белсенділігін қорғау жағдайларына тоқталған Г.Әбдіқалықова осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда осы мақсатқа 150 млн. теңге ғана жұмсалса, былтыр 2 млрд. теңге бөлінгенін атап көрсетті. Пленарлық отырысқа белсенді қатысып, өткір сөйлеген ше­шендердің бірі Малайзияның құр­метті сенаторы, Әйелдер ісі, отбасы және қоғамдық даму министрі Шахризат Абду Жалил болды. Ол әйелдерге өздерінің әйел болып туғанына қымсы­ну­дың керегі жоғын, керісінше, мақтан тұтуы қажеттігін айтты. Біз ер адамдардың қолынан келмейтін қиындықтарды жеңе аламыз, оған біздің икемділігіміз бен қажырлылығымыз еркін жетеді, деді ол. Оның сөзі көптеген әйелдерге ұнап, оған бірқатар сұрақтар қойылды. Осы отырыста көзге түскен­дердің арасында доктор Марта Тиллар да болды. Индонезияның аса ірі компанияларының бірі – «Martha Tilaar Group of Compa­niesті» құрған ол өзінің аса іскер әйел екендігін атқарған істерін баяндау арқылы анық білдірді. Іскер әйелдер форумы бұдан басқа да бірнеше пленарлық оты­рыстар өткізді. Олардың қамты­ған тақырыптары әралуан бол­ды. Соның ішінде «Әлеуметтік кәсіпкерлік: төңкерістік жаңа­шыл­дық», «Маркетинг – бизнес­тің негізі», «Әйелдер басқарған кәсіпорындардағы қаржылық баламалық: венчурлық капиталмен бәрін шешуге бола ма?» және басқа тақырыптарда көптеген мә­се­лелер айтылып, олар іскер әйелдерге пайдалылығымен ерекшеленеді. Дәл осы уақытта Тәуелсіздік сарайының басқа бөлігінде БИЭФ-тің «Жас көшбасшылар форумы» да болып жатты. Оны БИЭФ Жас көшбасшылары қанатының төр­аға­сы Шри Назир Тун Абдул құт­тықтау сөзбен ашты. Ол форум­ды ұтымды ұйымдастыра білген Қазақстан жағына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, қазіргі әлемде, экономикада жас көш­бас­шының қандай маңызды істер атқара алатынына кеңінен тоқ­талып өтті. Екінші болып құттықтау сөзді Қазақстанның «Жас Отан» жас көш­басшылары ассоциациясы­ның атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев айтты. Көшбасшы кез келген үдерісті шеберлікпен түсіндіре алатын, соңынан халықты ерте алатын адам. Жас көшбасшы осы айтыл­ған­дармен қатар, жастардың ерек­шеліктерін айқындайтын жаңа­шыл қасиеттерге де ие болуы керек, деді ол өзінің көшбасшы жөніндегі ойларын тұжыра келіп. Одан әрі шешен БИЭФ-тегі әріптестері туралы ойларымен бөлісті. Олар, деді Н.Өтешев, Еуропа мен Американың көзқарасы, құндылығы, дүниетанымы сияқ­ты айырмашылығы бар жандар. Бұл жақсы да, жаман да емес, тек әртүрлі, деп қорытты ол өзінің ойын. Қазақстанның ИКҰ-ға төраға­лығы туралы айтқанда, бұл елі­міздің Шығыс пен Батыстың ділін тең ұстайтындығының көрі­нісі. Сондықтан да қазақстандық жас лидер бұл – Шығыстың консерватизмі мен Батыстың либе­рал­ды­ғының қосындысы. Олар по­лярлы сипатқа ие болғанымен, өм­ір тәжірибесі олардың қатар өмір сүре алатындығын дәлел­деді, деді. Еліміздегі жастар саясаты ту­ралы айтқанда, шешен Қазақ­станда ТМД мемлекеттерінің ішінен алғашқы болып мемлекеттік жастар саясаты қалыптасқанын жеткізді. Бізде жастардың барлық топтарымен кең түрде жұмыс жүргізіледі. Көптеген жастар ұй­ымдары есепте тұр. Олардың қыз­меттері көпшіліктің мүдделе­рін қамтып, тиімді істер атқаруда. Қазақстан жастар Конгресі де өз ортасында түрлі көзқарастардағы жастардың басын қосып отыр. Қазақстан студенттері Альянсы мен «Жасыл ел» құрылыс жасақ­тары ел үшін аса пайдалы шаруалар атқаруда. Мұндай ұйымдар жастардың жалынын халыққа, елге пайдалы іске бұруда тап­тыр­мас құрал болып табылады. Одан әрі Нұрлан Өтешев «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының жұмыстары туралы да біршама қызықтыра баяндады. Біздің ұйымымызға 190 мыңнан астам жас топтасқан. Олардың арасында беделді көш­басшылар аз емес. Тапқыр, өтімді идеяларымен олар өз тұрғы­лас­тарын өрісті істерге жұмылдыра білуде. Мен Қазақстанның бүгін­гі жас көшбасшысы еліміздің ертеңгі толық көшбасшысы дер едім. Ал ондай көшбасшылар елі­міздің сыртқы байланыстарын дамытуға, соның ішінде Қазақ­стан мен Ислам Конференциясы Ұйымы жастар қанатымен тығыз байланыс орнатуға мүдделі. Со­ның ішінде елімізге инвести­ция­лық қаржылар әкелу жас көш­басшының басты мақсаты бол­мақ. Бұл істе, әсіресе, ислам қар­жысын тартудың маңызы зор, деді шешен. ИКҰ туралы пікірлерін айт­қанда, қазақстандық жас көшбас­шы бүгінгі күні оның маңыз­дылығы бұрынғыдан да артып отырғанын жеткізді. Өйткені, ол – аймақтарда тұрақтылық пен бейбітшіліктің сақталуына елеулі түрде ықпал ете алатын ұйым. Қазақстан төрағалығы кезінде оның бұл істері тіпті ықпалды бо­лып, сайып келгенде, ол ұй­ымға мүше мемлекеттердің эко­но­микалық жағынан дами түсуі­не игі әсерін тигізер деген үміт­теміз. Осылай дей келіп шешен, БИЭФ-тің жас көшбасшылары Астанадағы форумнан кейін бас­қаша болады деп ойлайтынын айтты. Өйткені, деді ол, жас көшбасшылар еуразиялықтардың ерекшелігін бойына сіңіре оты­рып, өздерінің географиялық ой-саналық тиісті шекараларын ке­ңейтетін болады. Оның үстіне біздің форумымызға Ресей мен Еуропадан да жастар қатынасып отыр. Олардың да игі ықпалы боларынан үміт етеміз. Сөзінің соңында шешен: біз өздерімізді толғандырып отыр­ған проблемаларды бірлесе шешуіміз керек. Біздің мемлекеттеріміз әр­түрлі, тілдеріміз әрқилы болға­ны­мен, проблемаларымыз бірдей. Егер біз бүгін көтері­летін мәселе­лерге терең қарап, бірлесе шешу жолдарын қарас­тырсақ, форумы­мыздың бекер өтпегені, деді. Нұрлан Өтешевтің қазақ тілінде айтқан сөздері ілеспе аудармамен жақсы жеткізіліп тұр­ды. Оның сөзін қонақтар ыжда­ғат­пен тыңдап отырды. Жастар форумында көтеріл­ген тақырыптар да әрқилы бол­ды. Соның ішінде алғашқы пле­нар­лық отырыс «Көшбасшылық іс жүзінде қандай: тарихи табыс­тар не дейді» деген тақырыпты қамтыды. Тақырып бойынша америкалық «Ascension Aircraft» фирмасын құрушы Джамиль Ларкинс, индонезиялық «Saratoga capital» фирмасының басқарушы директоры Сандиага Уно, қазақ­стандық «Болашақ» ассоциация­сының атқарушы директоры Жанна Төлегенова және т.б. өз­дерінің ойларымен бөлісті. Бизнесті қалай бастау, қалай жүргізу, күтпеген проблемаларға қалай төтеп беру, міне, осындай дүние­лердің бәріне өзін көшбасшыға балайтын жан қарсы тұра алады деген мәселелер сөйлеушілердің айтқан сөздерінің негізгі түйініне айналды. Бір қызығы мұндағы оты­рыстар жастарға тән сипатпен қызулырақ, белсендірек жүргізі­ліп жатты. Кез келген шешен сө­зін аяқтаған соң оған қойылатын сұрақтар қарша борап жатты. Модераторлық етуші Шри Назир Тун Абдул Разак мұндайға әбден үйренген болуы керек, отырысты байыппен басқарды. Екінші пленарлық отырыс­тың тақырыбы тіпті қызығырақ кө­рінді. Ол «Қоғамның өркен­деуі: әлеуметтік кәсіпкерлікті қалай дамытамыз?» деп аталды. Бұл мәселе барлық елдерде де өзекті екен. Өз ойларын айтқан жа­пондық Хидеюки Иноу, бангладештік Камал Квадир, т.б. сөзде­рі­нен ол айқын аңғарылып тұрды. Пленарлық отырыстардың бі­рінің тақырыбы өнерге арналып­ты. Ол «Өнер арқылы өзгеру: бей­нелеу өнері, әдебиет пен поэ­зия» деп аталған екен. Бұл отырыста да қызу пікір алысулар болды. Арасында өзара даулы пікірлер де шығып қалып жатты. Сингапурлық журналист Эмми Абдул, ұлыбританиялық Сьюзан Шулман, қазақстандық Эльмира Гильман, т.б. сөздері әсерлі шықты. Соңғы жалпы отырыс эколо­гиялық ахуалды жақсарту тақы­рыбына бағытталды. Жалпы, қай тақырып болса да қатысушылар үлкен қызығушылық танытып, жан-жақты талқыланды. ----------------------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.