• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2011

Ғаламтор және журналист

590 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында қазақ жур­на­листикасын ғаламторда пайдалану мүмкіндіктеріне арналған «дөң­гелек үстел өтті. Астанада қазақ тілді әріптестеріміз үшін алғаш рет өткізілген басқосуға газет басшысы Сауытбек Абдрахманов, Парламент мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, Байланыс және ақпарат министрлігінің жауапты қызмет­кер­ле­рі, журналистер мен танымал блоггерлер қатысты. «Дөңгелек үстел+тренинг» пішінінде «Қазақ журналистикасы және интернет» деген тақырыпта өткен басқосуда журналист қыз­ме­тіндегі интернеттің мән-ма­ңы­зы мен қазақ тілді сайттардың мәселелері талқыланып, соңынан семинар-тренинг өтіп, онда блог ашу, оны жүргізудің құпиялары, Facebook, Тwitter әлеуметтік желілерін пайдаланудың маңызды­лығы, журналист үшін «Google» жүйесінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану әдістері қаралды. Кездесуді «Егемен Қазақстан» газеті АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов кіріспе сөзбен ашты. Газет басшысы басқосу­дың мақса­тын, интернеттің қоғамда алатын орнын айтып, оның ерекшеліктері мен қазақ журналистикасының интернетпен тығыз жұмыс іс­теудің маңыздылығына тоқталып өтті. «Интернет конвергенцияның бү­гін­гі таңдағы ең жетілген түрі ретінде телекоммуникациялық то­­­рап­тардың, компьютерлік технологиялар мен БАҚ контентінің тоғысында пайда болған. Интернетпен жұмыс істеу кезінде біз оның осы тоғысудың нәти­жесі екендігін ұдайы есте ұстауға тиіспіз», деген С.Абдрахманов «дөң­­­гелек үстелде» жалпы интер­нет­тің проблемалары талқылан­байты­нын, бұл жолы қазақтілді БАҚ-тар­да интернет сегментінің үле­сін  көбейту жолдары жайын­да ғана сөз етілетінін айтты. Ал бұл істе проблема жеткілікті. Шындықтың бетіне тіке қа­райтын болсақ, қазақтілді редак­ция­лардағы журналистердің ба­сым бөлігі интернетпен жұмыс іс­теуді әлі күнге толық  меңгере қойған жоқ. Керекті материалды интернеттен тез суырып ала қоя­тын журналистер де қазірше көп емес. Одан да ашық айтатын бол­сақ, тіпті интернеттен қажет та­қы­рыптағы ақпаратты атымен ала алмайтын журналистер де та­бы­лады. Интернет қазақ журна­листикасы үшін игерілмеген тың деуден аулақпыз, бірақ өзге ағай­ындармен салыстырғанда бұл жа­ғынан ұяттылау екеніміз тағы анық. Интернетті пайдалануда мемлекеттік қызметкерлердің журналистерден озып кеткен жайы да бар. Қазір жұрттың бәрі Пре­мьер-Министрдің «Твиттердегі» жазғандарын ұдайы оқитын бо­лып алды. 7 маусымдағы мәлімет бойынша Кәрім Мәсімов жазба­ларын жүйелі оқитындардың са­ны 5 мыңнан асып кетіпті. Кездесуде Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты Мұрат Әбенов сияқты блогтарында күнделіктер жүргі­зіп, әлеуметтік желілер ар­қылы оқи­ғаларға үн қосып, белсене араласып жүрген танымал блоггерлер газет басшысының сөзіне қосылатынын айтты. Бай­ланыс және ақпарат министрлі­гінің баспасөз хатшысы Әсел Егіз­баева бүгінде елімізде ға­ламторға 5 млн.-нан астам аза­мат­тың тіркелгенін атап өтті. Ал 2015 жылы кең жолақты интернетпен елі­міз­дің барлық өңірлері қамтамасыз етіледі, деді ол. Со­нымен бірге, Ә.Егізбаева ми­нистр­ліктің жаны­нан ашылған www.baq.kz сай­ты­на 7 телеарна, 5 радио, 18 ақпа­рат агенттігі, 29 республикалық және облыстық газеттер тіркелген болса, бола­шақта оған аудан­дық басылым­дар да тіркелетінін, ал блог мәсе­лесіне келгенде қа­зақ тілді блог­тардың санынан гөрі сапасын арттыру керектігін ескертті. Парламент Мә­жі­лісінің депу­та­ты Мұрат Әбенов осы кездесуге келер алдында өзінің Face­book-тегі жеке бетінде «Егемен Қазақстан» га­зе­тінің ре­дак­циясына бара жатқа­нын жа­зып үлгеріпті. «Жаңалық! Бүгін «Қа­зақ журналистикасы және интернет» деген тақырыпта «Егемен Қазақстан» газетінің ғима­ра­тын­да «дөңгелек үстел» өтеді. Блог ашу, «Фейсбук», «Твиттер» әлеу­меттік желілерінде тіркелу және оларды пайдалануды нақты іс жү­зінде көрсетуге арналған семинар-тренинг өтеді. Жалпы, жур­налист қызметіндегі интер­нет­тің маңызы мен қазақша ин­тер­неттің мәселелері талқылан­бақшы. Бірге қатысайық!», деп жазыпты блоггер. Ал жиында ол интернет блогтардың БАҚ-тан артықшы­лы­ғы онда ұсыныс, пікірлер ай­туға, жариялауға, жеке мұрағатқа сақтауға, әлеуметтік желілердің өзінде жақсы орта та­буға, депутат ретінде сауалдар жол­дауға, азаматтардың арыз-шағым­дары­мен жұмыс істеуге бо­латынын жеткізді. «Халық сөзі» газетінің жас болса да көпке танылған тілшісі Өркен Кенжебек пен белгілі журналист, «Хабар» агент­тігінің қызметкері Берік Уәли жедел ақпарат алуда интер­неттің ма­ңыздылығын, блогтар­дың са­па­сын жақсартудағы ойла­рын ортаға салды. Мәселен, Ө.Кенжебек өзінің жақын досы Ай­сұлтан Жақыповтың Қарағанды­да бала­ларға арналған «Құлын­шақ» бло­гын ашқанынан, ал қос­танайлық Талғат Байназаров өзі ойлап тапқан геогебра оқу жүйе­сін блогқа орналастырғанынан хабардар етті. Одан әрі композитор Марат Омаров пен блоггер Серік Ерғали интернетке қатысты мынадай қы­зықты мәліметтер келтірді. Композитор жақында Мәскеуде өткен телеконкурста бас жүлдені жеңіп алған Еркеш Хасен деген шәкір­тінің қазақ әнін орындап, Ресей халқын таңқалдырғанын, содан кейін ол бірден Youtoube-ке, Face­book пен Тwitter әлеуметтік желілеріне тараған соң оны Голливуд жұлдыздарының көргенін, ал АҚШ-тағы қазақ отбасылары соны көргеннен кейін өздері Е.Хасенді Қазақстанға іздеп келгенін айтты. Елімізде алғаш рет қазақ сайттарын жасағандардың бірі Серік Ерғали болса, ол қазір блогтардың өзін азаматтық жур­налистикаға жатқызуға болаты­нын мәлімдеді.  Кездесудің жалғасы ретінде өткен семинар-тренингте «Егемен Қазақстан» газетінің сайты тобының жетекшісі Серікқазы Кә­кібаланов пен сайт жасауда қол­таңбасын қалдырған маман Аршат Оразов қатысушыларға блог­ты ашуды, оны жүргізудің әдіс-тәсілдерін, Facebook, Тwitter әлеу­меттік желілерінде тіркелу мен оларды пайдалануды көрсе­тіп, Google жүйесінің мүмкін­дік­терін тиімді пайдалану әдістері туралы қызықты мәліметтермен таныстырды. Мұнда олар блог та­нымал болып, оның оқырман­дарын көбейту үшін не істеу керектігін, материалды қалай жазу, оған қандай тақырып қою, пошта қызметін пайдалану арқылы керекті жаңалықтарға жазылу, ақ­па­раттарды іріктеу әдістерін үй­­ре­ну туралы ойларымен бө­лісті. Бас басылым бастамашылы­ғы­мен ұйымдастырылған «дөң­ге­лек үстел» қазақ жур­налистерінің бетін интернетке бұру ісіне өзіндік үлесін қосады деп сенеміз. Дастан КЕНЖАЛИН.