• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2011

Қос тарап – ортақ мүдде

373 рет
көрсетілді

Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ве­дом­ствоның ресми өкілі Асқар Абдрахманов дәстүрлі апталық брифингін өткізді. Онда жақын күндерге жоспарланған іс-шаралар жөнінде мәлім етілді. 15 маусымда Ұйым құрылуының 10 жылдығына орай, Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өткізіледі, деді А.Абдрахманов. ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесі Шанхай ынтымақтастық ұйымының жоғары органы саналады. Ол ШЫҰ қызметінің басымдықтарын анықтайды және негізгі бағыттарын белгілейді, оның ішкі құрылысының және қызмет етуінің құрамына кірмейтін мемлекеттер мен басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының маңызды мәселелерін шешеді. Ресми өкілдің айтуынша, ШЫҰ-ның алдағы мерейтойлық Саммитінің жұмысы өткен онжылдық ішіндегі ШЫҰ қыз­ме­тінің нәтижелерін талдау мен ұйымның алдағы даму келешегін анықтауды көздемек. Бұған қоса, Саммит барысында бүгінгі таңдағы әлемдік және аймақтық жағдайларға байланысты туындаған мәселелердің кең ауқымын талқылау да жоспар­ланып отырған көрінеді. Шараның қорытындысы бойынша ШЫҰ онжылдығының Астана декларациясын қабылдау жоспарлануда. Астанадағы Саммит аяқталғаннан кейін төрағалық тізгіні Қазақстаннан ҚХР-ға өтеді, деді ресми өкіл. Брифинг барысында ресми өкіл Ипр қаласында Қазақ­станның Бельгиядағы елшілігі және жергілікті биліктің бірлесе ұйымдастыруымен ядролық сынақтар құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтетініне де тоқталды. Бұл шараға Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Бобров бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы, Еуропалық Парламент пен Бельгия Парламентінің мүшелері, Еуроодақ институт­тарының ресми өкілдері қатыспақ екен. Ескерткіш еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр қазан айында Брюссельге ресми сапары кезінде Қа­зақстан халқы атынан Бельгия халқына сый ретінде тапсы­рылған. Яғни, бұл ескерткіш Бельгияның атақты мұражай­ла­рының бірінде, Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс оқиғаларына арналған Еуропаның «Фландрия даласы» кешенінде орнатылады, деді бұл жөнінде А. Абдрахманов. Сондай-ақ, брифинг аясында маусымның 16-17-сі күндері Испания Корольдігі Үкіметінің Төрағасы Хосе Луис Родригес Сапатероның Қазақстанға ресми сапармен келетіні айтылды. Бұл сапар барысында Сапатероның Қазақстан басшылығымен келіссөздері жоспарланған. Тараптар, сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастықтың әр түрлі салаларындағы ортақ стратегия­лық бағыттарды да басты назарда ұстамақ. Екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға жаңа серпін беру мақсатында үкімет басшыларының испандық ірі компаниялар өкілдерімен кездесуі де көзделіп отырған көрінеді. Сапар соңында екіжақты үкіметаралық, ведомствоаралық келісімдерге және коммерциялық құжаттарға қол қойылмақ екен. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.