• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2011

Ел ертеңі азат ойлы жастарда

437 рет
көрсетілді

Мен Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік рәміздерін ұлық­тау­ға арналған «Менің Қазақста­ным» атты республикалық Патриоттар форумы­нан үлкен әсермен орал­дым. Елін, жерін, Отанын жанындай сүйетін, мемлекеттік құндылықтар­ды жоғары әс­петтейтін нағыз ұлт­жан­ды жандардың басқосуына ай­налған маңызды шара серпінді істерге қозғау салып, тың баста­ма­лар­ға жол ашты. Патриоттық пайым-түсініктің неден бастау алаты­нын айқындап берді. Ендігі мақсат, ал­да­ғы міндет – жер-жерлерде қанат жай­ып жатқан ғұмырлы өнегелер тал­май насихатталып, нақты іс-әре­кеттерге ұласып жатса, құба-құп болар еді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қар­саңында «Жыл патриоты» айрық­ша белгісінің еліміздің мақта­ны­шына айналған тұлғаларға тапсы­ры­луының өзі – қолдауға тұрарлық үрдіс. 20 жасында жасындай жар­қыл­даған сирек талант иесі, айтулы боксшымыз Бекзат бауырымыз Қа­зақстанды әлемге танытқаннан кейін мыңдаған балдырғандар оған еліктеп өскен жоқ па. Олимп шыңын бағындырған оғы­лан­ның ұлтын, қа­за­ғын жанындай сүйген намысты тек­тілігі жастарға үлкен қозғау сал­ғаны анық. Жалпы, патриоттық сана-сезімді қалыптастырудың жолдары сан-алуан. Соның нақты үлгілерін ауыз әдебиеті­мізден көптеп кездестіруге болады. Өзіміз бала кезімізден батырлар жы­рын, қазақ ертегілерін жастанып, жаттап өстік. Халқын жақсылыққа жетелеп, бақытқа кенелткен, зұлымдықты үнемі жеңіп отыратын қиял-ғажайып кейіпкерлеріне ұқсағымыз келетін. Тау көтерген Толағайдың ерлігі тәнті ететін. Бұдан туатын қорытынды, ешкім пат­риот болып тумайды. Мұның өзі жүре келе, тәрбие арқылы қалып­таса­тын киелі сезім. Кеңестік кезеңде қан­шама патриоттық бастамалардың дү­ние­ге келгенін білеміз. Көбінің ғұмыры қысқа болып, жалаң, науқаншылдық ая­сынан шыға алмай жатқанын да ұмы­та қойған жоқпыз. Біз көбіне соғыс кезінде жан қиған, от кешкен аға ұрпақты нағыз патриотизмге балап, бейбіт кезеңдегі жасампаз тағылымдарға мән бермей келдік. Кең байтақ еліміздің та­рихы, ата-бабамыздың ұлтарақтай жеріне дейін қызғыштай қорғаған тұлға­ларымыз тасада қалды. Ел ертеңі – жастармызды бақытты дейтінім, олар Тәуелсіз Қазақстанды өз қолдарымен құрысып жатыр. Білімді, ойлары азат, өз өмірлерін Қазақстансыз елестете алмай­тын, елі, жері үшін жаны ауыратын ұрпақтың қалыптасқанына қуанамын. Петропавл қаласындағы «Ботани­ка­лық бақтың» директоры қызметін ширек ғасырдан бері атқарып келе жатқан Р.Рязапов Равил бабайдың айтқан мына әңгімесін естігенде нағыз патриот үшін Отаннан асқан мәртебе жоқ-ау деген ойға қалдым. Бірде Қызылжар өңіріне серуендеп келген америка­лық бір топ оқушы бақты аралап жү­ріп жайқала өсіп тұрған Вашингтон пальмасының жанына тоқтай қала­ды. Жанарларынан от ұшқындап, жүздері балбұл жайнап сала береді. Бір уақытта сондай бір тебіреніспен, ерекше құлшыныспен Мемлекеттік әнұрандарын төгілдіре жөнеледі. Олар­ды жүрек қа­лауы­мен, еріктен тыс күшпен шырқатып тұрған қан­дай құдірет! Отанға деген махаб­баттың биік үлгісі осылай болса керек. Форумнан бір байқағаным, елімізде патриоттық бағыттағы қозға­лыс­­тар мен ұйымдар бірқыдыру екен. Солардың басын қосып, ортақ ар­наға бағыттай білу, жаңашылдыққа, іргелі ізденістерге жетелеу, жақсы­лық­қа ұмтылдыру – мұның бәрі, түп­теп келгенде, ортақ игілік жолына қызмет етері сөзсіз. Ел патриоты болу – ұлы істер тындыру деген сөз емес. Әркім өз ісі арқылы Отанын көр­кейтуге, байлығын еселеуге ұм­тылып жатса, мұның астарында ту­ған жерге деген ерекше құрметтің, ізгі сүйіспеншіліктің жатқанын аңға­ру қиын емес. Бойындағы бар қабі­лет-қарымын ынтымақ-бірлікке жұм­са­са, Қазақстанды мекендеп отырған сан алуан ұлттар ортақ іске білек сы­бана кірісіп, бір-бірінің дәстүр­лерінен, мәдениетінен шын ықылас-ниетпен үйреніп жатса, керегеміздің кеңейіп, шаңырағымыздың беріктене түсері анық. Біздің Солтүстік Қазақ­стан облысында өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге шын ниетпен ден қоюының өзі – егеменді елге деген құрметтің шынайы көрінісі дер едім. Осындай дәстүрлер аясында да адамды отаншылдыққа тәрбиелеуге болатынын ескерген жөн. Отан от басынан басталады демекші, елдік рухтың, патриоттық тәлім-тәрбиенің бастауы мемлекеттік рәміз­дерді құрметтеуден, қастер­леуден бас­та­лары анық. Өйткені, Ән­ұранымыз, Елтаңбамыз, Көкбай­ра­ғымыз – ел­дігіміздің, егеменді­гіміз­дің, тұтасты­ғы­мыздың симво­лы, әрбір қазақ­стандықтың ішкі жан сезіміне қозғау салып, асқақтатар, бірлікке үндер киелі нышандар. Әрине, патриоттық тәлім-тәрбие бір шара шеңберінде шешілмесі анық. Алайда, форум талайларға ой салды, жігерін жаныды. Елге деген ерекше құрметтің бір белгісіндей көпке дейін ұмытылмасы сөзсіз. Жанкелді ТӘЖИН, «Менің Қазақстаным» республикалық Патриоттар форумының делегаты, Петропавл  қалалық мәслихатының депутаты. Солтүстік Қазақстан облысы.