• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2011

«Ер Төстік» еркінси бастады

740 рет
көрсетілді

Алматыда алғашқы анимациялық фильмдер фестивалі басталды Бұл күнде мына дөңгелек әлемнің тұрғындары мульт­фильм­дер жасау ісіне жүрдім-бардым қарамайды. Тек көрші Қытай елі анимациялық туын­дылар түсіруге жылына 700 миллион доллар бөлуге шешім шығарса, Ресей мемлекеті касса­лық табыстан түсетін пайданың 20 пайызын мультипликациядан тауып отыр. Мұнан былайғы жерде біздің еліміз де мөлтек фильм­дер түсіру ісіне мән бермек. Бұл туралы I қазақстандық «Ер Төс­тік» анимациялық фильмдер фес­тивалінің ашылу сал­тана­тында Ш.Айманов атын­дағы «Қа­зақ­фильм» АҚ президенті Ермек Аман­шаев мәлім­деді. Оқиғаға орайлас өткен баспасөз мәслихатында Ермек Аманшаев: – Кеңес өкіметі тұсында елімізде жылына 4 мультфильм тү­сіріліп отырса, ел тәуел­сіздігін алған 1991 жылдан 2001 жылға дейін ешқандай анимациялық фильмдер түсірілмеген. «Ани­ма­циялық фильмдерді түсіру 2001 жылдан бастап қолға алы­на бастады десем болады. Қазір біз жылына 4-5 мөлтек фильм­дерді шығарудамыз. Өткен жы­лы 7-8 қысқа метражды мульт­фильмдерді шығарып, өндіріске «Ер Төстік» пен «Самрұқ құс» атты екі толықметражды мульт­фильмдерді жібердік. Балаға ой салатын, тәлімдік-тәрбиелік мульт­фильмдерді жасауда біз санымен қатар, сапасына да үлкен мән береміз, деді. Ұлттық киностудия жетекші­сінің айтуынша, анимация сала­сының жоғары деңгейде дамуы үшін 1-2 жыл емес, талай жыл­дар керек. Және мульфильмдер жасау мен балаша ойлау, бүлдір­шіндер талғамынан шығу қиын­ның қиыны екенін кинематография саласы әлимсақтан біледі. – Бүгінде бізді кинотеатр­лар­дың көбейіп жатқандығы қуан­тады. 2009 жылы елімізде 77 кинотеатр ғана болса, 2010 жылы оның саны 196-ға жетті. Ал, билет сатылымы бүгінде 20 мил­лион­ға жетіп отыр. Кино туын­ды­лар мен анимациялық фильмдерді жасау үшін бізде барлық жағдай жасалған, мамандар, техникалар бар, қаржы да жеткілікті, дегенмен өнімдеріміз бәсекеге қабі­лет­ті болуы үшін мемлекеттің де қолдауы қажет,–деді Ермек Аманшаев. Оның айтуынша, қазіргі уа­қыт­та Қазақстанда 10-ға тарта киностудиялар жұмыс жасайды. Оған қоса Аманшаев алдағы күн­дері анимация саласында бағын сынап көргісі келетін жас режиссерлерге 5 грант бөлінетіндігін айт­ты. Бұл қаражат дебютант­тар­ға тырнақалды туындыларын жа­сауға айтарлықтай септесетін болады. Тұңғыш рет өткізіліп отырған фестивальге «Қазақфильм» кино­студиясының өкілдерімен қатар, Шымкент, Көкшетау, Астана, Ал­маты және тағы да басқа қала­лар­дан келген аниматорлар, режиссерлер, суретшілер, анимациялық кино бірлестіктерінің өкілдері, мөлтек фильмдерді жасайтын жекеменшік киностудиялардың басшылары қатысуда. Фестивальді ұйымдастыруға ұйытқы болып отырған Шәкен Ай­манов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев журналистерге берген сұхбатында анимациялық туындылар түсіру қарқынды дами бастағанын айта келе: – «Фестивальді өткізудегі не­гізгі мақсатымыз – Қазақ­стан­дағы анимациялық мультфильм­дер аясында қордаланып қалған мәселелерді талқылау, қарау, шешу болып табылады», деді. Ендігі жерде үш күнге ұла­сатын фестиваль аясында «Си­нема Тауэрс» кинотеатры мен «Қ­а­зақфильм» киностудиясында қазақстандық анимациялық фильм­дердің көрсетілімі, анимация са­ла­сындағы танымал мамандар­дың шеберлік дәрістері, кішкентай бүлдіршіндер үшін қалалық қуыршақ театрының қойылым­дары, сонымен қатар, «Қазақ ани­мациясының дамуы мен бо­лашағы» деген тақырыпта дөң­гелек үстел отырыстары өтпек. Дөңгелек үстелде анимациялық фильмдердің болашағы мен бү­гінгі жағдайы талқыланатын болады. Ал «Қазақфильм» киносту­дия­сының анимациялық кино бірлестігінің жетекшісі Жәкен Дәненовтің айтуынша, «Ер Төс­тік» мөлтек фильмі кино­студия­ның серпінді жобасы болып табылады. – Бұл тұңғыш рет қолға алы­нып отырған толық­метраж­ды мультфильм. Туынды 60 минуттан тұрады. Онымен 10-15 шақ­ты аниматорлар жұмыс істеуде. Мультфильмді осыдан екі жыл бұрын қолға алдық, енді алғаш­қы толықметражды мультфильм­ді жылдың аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Фильм бар­лық талаптарға сай, заманауи үлгіде, соңғы технологиялармен жасалуда», – деді ол. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.