• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2011

Тағы бір тамаша сәулет туындысы

422 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік және Астана – тел ұғым. Еліміз еркіндік алып, тәуелсіздік толқынында тәй-тәй басқан сонау бір өліара кезеңде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев уақыт тамыршысындай болашағымыздың баянды баламасын тап басып, Қазақстанның жаңа елордасы – Астана қаласын салу жөніндегі ғасырлық жобасын қолға ал­ған болатын. Сондықтан ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дық мерейлі мерекесі тойланатын айтулы күнге Астана қаласы да толайым тартулармен, салтанатын жарас­тыратын жаңа сәулет өнерінің туындыларымен келмек. Тәуелсіздік мерекесінің 20 жылдығы қарсаңында Астанада бой көтеретін тамаша сәулет туындысының бірі – «Изумрудный квартал» әкімшілік кешені болмақ. Орталық Азия өңіріндегі қалаларда теңдесі жоқ ең биік ғима­раттардан тұратын бұл кешен Қазақстан және Солтүстік Америка архитекторларының бірлескен қолтаңбасы болып табылады. Бұл әкімшілік кешен 54, 43 және 27 қабаттардан тұратын 3 биік ғимараттан құралған. Оның ішіндегі ең зәулім ғимараттың жерден биіктігі 210 метрге жетеді. Сәулет өнерінің озық туындысы болатын бұл зәулім ғимараттың бір ерекшелігі, оның 32-ші қабатынан бастап ауқымы кеңейе беріп, әрбір қабаттың көлемі төменгі қабаттан ауқымдырақ болып, ғимараттың ең жоғарғы қабаттары төменгі қабаттардан 15 метр ауқымға дейін кең жайылатын болады. Сонымен бірге кешеннің астыңғы қабаттарында 2000 көлікке арналған паркингтер болады. Зәулім ғимараттың ең жоғарғы қабатында бірнеше дәмханалар мен мейрамхана жұмыс істеп, өз тұтынушыларының құс ұшатын биіктіктен қала көркін тамашалауына мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан бұл келісті кешен, Астана қаласындағы сәулет өнерінің тағы бір тамаша туындысы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында пайдалануға берілмек.