Бүгін Астанада ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының мерейтойлық саммиті өтеді
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитінің қарсаңында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» орталық концерт залында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен кездесті. – Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы аяқталып келеді. Біз 110 іс-шара өткіздік, маңызды құжаттар әзірледік, барлық ұстанымдар келісілді, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. – Біз қарастыратын күн тәртібі маңызды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Қазақстан Президентімен кездесуімізден басталғаны мен үшін өте жақсы. Қазақстанның төрағалығы кезінде өте үлкен жұмыстар атқарылды, маңызды құжаттар келісілді. Ертең сессия жұмысы кезінде біз олардың бәрін талқылап, қабылдаймыз деп сенемін, – деді кездесу барысында Дмитрий Медведев. Қазақстан мен Ресей президенттері екіжақты қарым-қатынастардың ауқымды мәселесін, сондай-ақ ағымдағы аймақтық және жаһандық жағдайды талқылады. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен келіссөз өткізді. Кездесу кезінде екіжақты іс-қимыл мәселесі, сондай-ақ алдағы уақытта өтетін ШЫҰ саммитінің күн тәртібі талқыланды. * * * Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежадпен кездесті. ИИР-дың Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына жылы шырайлы қабылдауы үшін өз ризашылығын білдірді. – Біздің кездесуіміз достық көңіл-күйде өтті және өте сындарлы сипатта болды, – деді Махмұд Ахмадинежад кездесуден кейін журналистер алдында сөйлеген сөзінде. Келіссөздер барысында екіжақты әріптестіктің әртүрлі қырлары, сондай-ақ аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. – Биылғы жылы біз ШЫҰ-ның он жылдығын атап өтеміз. Мен мерейтойлық саммит барысында барлық өзекті проблемалар талқыланады деп сенемін. ШЫҰ-ға мүше елдердің бай әлеуеті ұйымның кез келген мәселені шешуіне мүмкіндік береді, – деп атап өтті М.Ахмадинежад. – Менің сапарым Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына тұспа-тұс келді. Мен халықтың еркінің және Президенттің данагөй басшылығының арқасында сіздердің елдеріңіз даму қарқынының жоғары көрсеткішіне одан әрі де қол жеткізе беретініне сенемін, – деп атап өтті Иран Президенті. *** Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді. Тараптар аймақтағы жағдайды, екіжақты іс-қимыл мәселесін, сондай-ақ алдағы уақытта өтетін ШЫҰ саммитінің күн тәртібін талқылады. * * * Президент Нұрсұлтан Назарбаев Пәкстан Ислам Республикасының Президенті Асиф Әли Зардаримен кездесті. Кездесу барысында аймақтық қауіпсіздіктің әртүрлі қырлары, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. – Мен Шанхай ынтымақтастық ұйымын ұлы бірлестік деп санаймын. Пәкстан оның құрамына кіруді қалап отыр және ұйымның барлық мүшелерінің қолдауынан үміттенеді. Мен ШЫҰ-ның үлкен перспективасы бар деп сенемін, – деп атап өтті журналистер алдында сөйлеген сөзінде Пәкстан Президенті. – Бұл – менің Пәкстан Президенті ретінде Қазақстанға алғашқы сапарым. Мен Қазақстан халқын және ұлы лидері Нұрсұлтан Назарбаевты республика тәуелсіздігінің 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! – деді Ә.Зардари. * * * Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Хамид Карзаймен кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мәселесі, Ауғанстандағы ағымдағы жағдай, сондай-ақ оны бейбіт реттеу перспективасы талқыланды. – Соңғы 5 жылда мен сіздердің елдеріңізге бесінші рет келіп тұрмын. Әрбір келген сайын сіздердің Көшбасшыларыңыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан қарқынды дамып келе жатқанына көз жеткіземін. Сіздердің халқыңыз бен Президентті тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтаймын! – деді Хамид Карзай журналистер алдында сөйлеген сөзінде. *** Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаевамен келіссөзі болып өтті. Тараптар аймақтағы жағдайды, екіжақты өзара іс-қимыл мәселесін, сондай-ақ алдағы уақытта өтетін ШЫҰ саммитінің күн тәртібін талқылады. – ШЫҰ – биылғы жылы өзінің он жылдығын атап өтетін беделді ұйым. Оның құрамына Қазақстан, Ресей және Қытай кіреді, ал бұл өте ырғақты дамып келе жатқан экономика, – деді Р.Отунбаева кездесудің қорытындысы бойынша журналистерге. – Біз Қазақстан Президентінің сапарын тағатсыздана күтудеміз. Біз Нұрсұлтан Әбішұлы біздің еліміздегі жағдай туралы жақсы хабардар екенін және Қырғызстанмен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін білеміз, – деп атап өтті Қырғыз Республикасының Президенті. * * * Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Үндістанның Сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайах Кришнамен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Юрий Федотовпен және ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Иманәлиевпен кездесті. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
•
15 Маусым, 2011
Жылы шырайлы жүздесулер
347 рет
көрсетілді