Жақында облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қатысуымен Тараз қаласындағы қоғамдық көлік қызметінің сапасына байланысты кеңес өтті. Кеңеске жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын мекеме басшылары, көлік инспекциясы және жол полициясы өкілдері қатысты.
Кеңестен ұққанымыз, облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің жұмысы ойдағыдай емес. Саралау нәтижесі бойынша, жолаушыларға сапалы, мәдениетті қызмет ұсынуға тиісті мекемелер өз жұмыстарына салдыр-салақтықпен қарауда. Дәлірек айтсақ, кейбір бағыттар жолаушылар тасқыны мен жол шарттары ескерілместен бекітіле салған. Сондай-ақ, бекітілген бағыттарды қалауынша өзгерте салатын тасымалдаушылар да кездеседі.
Ал автобус жүргізушілері жол жүру ережесін дөрекі түрде және қасақана бұзуға дағдыланған. Сондай-ақ, кейбір жүргізушілер бағытта жүріп өзара «жарыс» ұйымдастырады, бәсекеге түседі, аялдамаларды «аттап» өтеді. Мұның жағымсыз, қолайсыз жақтарын былай қойғанда, осындай бейбастақтық салдарынан кейбір жолаушылар автобустардан секіріп түсуге мәжбүр болып, жарақат алуда.
Бір сөзбен айтқанда, Тараз қаласындағы қоғамдық көлік қызметінде сорақылық көп. Айталық, жыл басынан бері қоғамдық көлік жүргізушілерінің дөрекілігі, тәжірибесіздігі, салдыр-салақтығы және жолаушылар өміріне немқұрайды қарауы салдарынан мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу фактілері орын алғаны да анықталған. Автобус рөліне мас немесе тәжірибесі жоқ жүргізушілерді отырғызу үдерісі де бел алып барады.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, үстіміздегі жылы осы мәселе бойынша облыс әкімінің блогына 39 хат түскен. Мысалы, Құмшағал ауылының тұрғындары: «Біздің ауылға бөлінген №49 бағыттағы автобустар демалыс күндері жұмысқа шықпайды. Кейде олар бағыттарын өз қалауынша ауыстыра салады. Соған шара қолдануыңызды сұраймыз», деп жазған.
Жолаушылар тасымалдау қызметіндегі бейберекетсіздік қашанға дейін созылады? Әрине, егер жауапты мекемелер тарапынан тұрақты түрде бақылау жасалса, бұл айтылған кемшіліктердің барлығы шешімін тапқан болар еді. Осыған орай, облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары К.Көкірекбаевқа сараптама жүргізу үшін жұмыс тобын құруды тапсырды. Алдағы уақытта жолаушыларды тасымалдау бойынша қажетті іс-шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді. Диспетчерлік қызмет мекемесіне құқықтық мәртебе беру туралы ұсыныс жасау жағы да ойластырылды. Жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мен қажетті шараларды қабылдау туралы ұсыныс пен сараптама жасау құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тапсырылды.Тараз қаласының әкімі Бекболат Орынбеков пен облыстық жол полициясы департаментінің бастығы Айдар Совет те тапсырмасыз қалған жоқ.
Бүгінде Тараз қаласы тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 54 бағытта 13 тасымалдаушы мекеме жұмыс істейді. Жалпы бағыттардың ұзындығы 887,1 шақырымды құрайды. Бұл бағыттарда әр түрлі маркалы 653 автобус және шағын автобустар күнделікті қызмет көрсетуде.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.