• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2011

Капитан қыз неге қынжылады?

591 рет
көрсетілді

«... 2009 жылы полиция бөлі­міне Қыдырбаев Бекежан бастық болып келгеннен бастап мені негізсіз қудалауға көшті. Оның басы былай басталған еді: бірде мені бастық кабинетіне шақырып алып, «Ішкі істер министрлігінен тексеру келе жатыр, солармен кездескенде мені қолдап сөйлейтін бол. Біз ағайынбыз ғой, басқа ауыл­дың жігіттеріне сенім жоқ. Өзіміздің жігіттерді сөйлеуге да­йын­дап қойдым» деді. Бірақ мен бастықтың айтқанына көнбедім. Комиссияға тек шындықты ғана айтып, ақиқатты жазып бердім. Қыдырбаев Бекежан сол күннен бастап, өзінің орынбасары Сейдуалиев Әбдіғаниды менің соңыма салып қойды. Сол кезден бастап менің істеген жұмысымды жоққа шығарып, әділетсіз талаптар қо­йып, қалай да жұмыстан кетірудің жолдарын қарастырды...». «Егемен Қазақстанға» арыз жазып отырған – Мархабат Үсено­ва. Шені – полиция капи­таны. Қызметі – Шымкент қала­лық ішкі істер басқармасы Әл-Фараби аудандық полиция бөлі­мінің учаскелік инспекторы. – Бұрындары әйел баласының жұмысы отбасы-ошақ қасында бала өсіру ғана деп білетінбіз, – дейді Мархабат бізбен әңгіме­сін­де. Ал бүгінгі күні әйел заты өзі­нің қай нәрсеге болмасын қабі­лет­ті екенін дәлелдеп шықты. Қазіргі кезде әйел – кәсіпкер, әйел – мемлекеттік қызметкер, әйел – әкім, әйел – депутат, әйтеуір қо­ғам­дағы барлық салада әйелдер араласпа­ған жер жоқ деуге бола­ды. Елбасымыз әйелдердің қоғам­дағы орнын жоғары бағалап, гендерлік саясатқа үлкен мән беруде. Бірақ Президентіміздің саясатын түсін­бе­ген немесе түсінгісі келмеген кейбір басшыларымыздың әйелге деген көзқарасы түзелер емес. – Сен ашынып отырып, ащы­рақ айтып жіберген жоқсың ба? – Мұны мен өз басымнан өткізіп жүрген жағдаймен нақты айтып бере аламын. Бекежан Қы­дырбаев 2011 жылы 4 наурызда Әл-Фараби Ішкі істер бөлімінің бастығы қызметінен ауысып кетті де, орнына келген жаңа бөлім бастығы Бауыржан Селтановқа мен туралы теріс пікір туғызып, бар жұмысымды жоққа шығарып, маған себепсіз қатаң сөгіс бергізді. Бірақ Селтанов мырза бұл сөгіс­ті не үшін бергенін өзі де түсін­бейді. Сол сөгістің бір дана­сын беруді сұрадым. Бермеді. Сон­да да сөгіс берілді, оған қатысты бұй­рық­ жиналыста ұжымның ал­дын­да жа­рияланды. Соған қара­мас­тан, маған сөгіс берілді ме, берілмеді ме, берілсе, не үшін берілді, әлі күнге дейін анықтай алмай жүрмін. Осы сөгісті негізсіз бергені үшін Бауыр­жан Селтановқа сұ­рақ қой­ған едім. Бірақ ол: «Сен кабинеттен шық, мен сенімен сөй­лес­пей­мін. Ал саған сөгіс беруге ұсы­ныс жаса­ған Ә.Сейдуалиев менің орын­ба­сарым, мен оған сенемін», деді. Бірде мынадай оқиға болды. Көп қабатты үйдің тұрғындарынан сол маңайдағы дәмхананың шектен тыс мазасыздығы, түн жарымнан таңға дейін әуен өшірілмейтіндігі, арақ ішіп алған еркектер мен әйелдердің дара­қы дауыстары маза бермейтіндігі жө­нінде арыз түсті. Мен өзімнің қыз­мет­тік міндетіме сай сол арыз бойын­ша дәмханаға барып, тексеру жүргіздім. Содан көп ұзамай бастықтың орынба­сары Ә.Сейдуалиев мені шақырып алып, «сен сол дәмханаға жоламай-ақ қойшы, бастығы ұрысқақ әйел» дейді. Сонда арыз жазылады, мен оны тексермеуім керек екен. Себебі, бас­ты­ғы ұрысқақ болғаны үшін. Ұрыс­қақ адамға заң жоқ па? Әлде оның басқадай себебі бар ма? Әлбетте мұның астарында мен білетін сыр бар, бірақ оны тиісті жерде дәлелдеп беретін боламын. Полиция капитаны Мархабат Үсенованың редакцияға жазған ары­зынан және өзімен кездескен кез­дегі әңгімесінен көп нәрсені аң­ғаруға болады. Бірақ қайсар қызға қарсы басшылық тарапынан нара­зы­лық немесе қарсылық ашықтан ашық жасалмайды. Бәрі де жасы­рын түрде, жымын білдірмейтін жымысқы әрекет. Ең бастысы жүй­кеге әсер ету. Мәселен, мына бір оқиға да осындай қитұрқы­лық­тың белгісі. Әл-Фараби полиция бөліміне Райхан есімді азаматша арыздана­ды. Ол өзінің шағымында ауласын­да жатқан темір құбырларды әлде­кімдердің ұрлап кеткенін көрсет­кен. Осы арыз бойынша Мархабат Үсенова жеке іс-шаралар жүргізіп, ұрлық жасаған жасөспірімді анық­тап, полиция бөліміне алып келеді. Осы факті бойынша полиция бөлі­мінің сол кездегі бастығы Б.Қы­дыр­баевқа баяндайды. Бастық бұл істі тергеу бөліміне жолдамай, анық­тау бөлімінің бастығына қоңырау шалып, «материалды қабылдап ал» деп нұсқау береді. Анықтау бөлі­мінің бастығы материалмен таны­сып, «бұл іс тергеу бөліміне өткізі­луі керек, себебі күдікті кәмелетке толмаған» деп кері қайтарады. Осы­лайша екі ортада жүргенде уақыт өтіп, түскі үзіліс болып, үш сағаттан астам уақыт өтеді. Ең бастысы, бұл да емес, түрлі кедергілерден өтіп, материалды тергеу бөліміне М.Үсенова тапсыра­ды. Бірақ кейін мәлім болғанындай, Мархабаттың ашқан бұл ісі басқа біреулердің атына тіркелген. – Мен жоғарыда айттым ғой, – дейді Мархабат сөзін жалғасты­рып, – кейбір басшыларымыздың әйелге деген, әйел қызметіне деген көзқара­сы бұрынғы сарында деп. Мен бұл қызметке кездейсоқ келген адам емеспін. Менің әу бас­та­ғы, бала кезімдегі арманым тәртіп сақшысы болу еді. Заң факультетін бітірдім. По­ли­цияға учаскелік инспектор болып қызметке кірдім. Қараған­дыдағы полиция мек­тебі­нің курсынан өттім. Сол жерде оқып жүріп білдім, Қазақ­стан бо­йынша учаскелік инспектор болып істейтін екі-ақ әйел заты бар екенбіз. Бір қыз Алматыда, екіншісі – мен. Курсты бітірген соң маған аға учаскелік инспектор деген атақ берді. Осы жұмыста істегелі бері қызметімде қателік жіберіп немесе салғырт-салақтық жасаған кезім болған емес. Қаншама тексерулер болды, оның ішінде Ішкі істер министрлігінің тексерулері де бол­ды.  Осы кезге дейін менің жұмы­сым­нан кемшілік тапқан емес. Құ­дайға шүкір, өзімнің еңбегімнің ар­қа­сында алғыс-хаттар, түрлі мара­паттауларға ие болып келемін... Мархабат бізбен әңгімелесу кезінде өзіне жасалған тағы бір қитұрқылық туралы айтып берді.   Мархабат Үсеноваға  капитан шенін беру туралы бұйрық күзде шығады. Біреуге өтірік, біреуге шын, сол шенді  ол 8 айға дейін ала алмаған. Кадр бөліміндегі­лер­дің сылтауы әртүрлі. Бірде түскен суретінің қағазы жарамайды деп қайтарса, енді бірде суреттегі ша­шыңды генерал ұнатпайды деп тағы қайтарған. Сан сылтау, түрлі желеу айтылған. Сергелдеңге түс­кен Үсенова шыдамы таусыл­ған соң генералдың өзіне кіруге мәж­бүр болады. Генерал С.Досы­мов Мархабатты жылы қабылдайды. Оның айтқанының бәрін тыңдап болған соң, мәселеге қатысты қыз­меткерлерді шақырып алып, өзінің асығып тұрғанына қарамас­тан, Мархабатқа капитан куәлігін өз қолымен табыстайды. «Қандай мәселе, қандай проблемаң болса да өзіме хабарлас», деп шығарып салады. «Кейіннен қанша кедергілер, қанша қитұрқылықтарға тап болсам да генералға барып айтуға ыңғайсыздандым, өз бетімше күресуге тырыстым», дейді капитан қыз қамығып. ... Жалпы, полиция қызметкері (ол мейлі ер адам болсын, қыз бала болсын) арыз айтуға, шағым жазуға шорқақтау келеді. Ол оның білімсіздігінен немесе қабі­летсіздігінен емес, бұл мінездің қызметке қатысты жағдайы болса керек. Сонда  капитан қыз Мархабат Үсенованың редакцияға арыз жазуына не себеп болып отыр? Ашуланғанынан ба әлде ашынға­нынан ба? Ашуланса, неге ашу­лан­ды? Ашынса, неден ашынды? Осы мақалада көтерілген мәсе­ле­ге қатысты тиісті орындар қыз­меттік тексеру жүргізіп, нәтиже­сін редакцияға хабарласа, құба-құп болар еді. Қынжылып жүрген капитан қыздың бұдан басқа да айтары аз емес... Шарафаддин ӘМІР.