Бүгінде өндірісте техникалық мамандық иелеріне сұраныс өте жоғары. Әсіресе, өндіріс орындарына теориялық білімін іс жүзіндегі тәжірибемен ұштастырған жас мамандар керек-ақ. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ оқу бағдарламаларын жүзеге асыру барысында осы мәселеге зор көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жақсарта түсу мақсатында университетте индустриалды-кеңестік комитет құрылып, оның алғашқы отырысына университет басшылары және қазақстандық бірнеше компаниядан келген өкілдер қатысты.
Отырысты ашқан университет ректоры, профессор Ж.Әділов білім беру ісінің өндірістегі үдерістен алшақтап кетпеуі үшін университетте білім беру сапасын жақсарту мен ғылыми жұмыстарды жетілдіре түсу бағытында атқарылған іс-шараларға, оқу орнының қол жеткізген табыстарына және іс барысында кездескен қиындықтарға тоқталып, оларды шешудің тиімді жолдары қарастырылып жатқанын жеткізсе, компания өкілдері ректорға осы мәселелер төңірегінде өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Келесі кезекте олар ҚазҰТУ-мен өз компаниялары арасында қандай іскерлік байланыс орнатуға болатынын айтып, ұсыныстарын жеткізді. Олардың көпшілігі ҚазҰТУ-мен тығыз қарым-қатынас орнатуға дайын екендіктерін білдірді. Яғни, көптеген компанияларда университет студенттерінің өндірістік тәжірибеден өтулеріне мүмкіндік зор. Компания өкілдерінің білікті мамандары мен ғалымдары университет шәкірттері мен оқытушыларына дәріс оқып, тәжірибелерімен бөліссе, білікті маман даярлауда мұның көп пайдасы боларын айтты. Екі жақ та осы мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыруды жақын арада қолға алмақ.
Бір айта кететін жәйт, индустриалды-кеңестік комитеттің мұндай отырысы алдағы уақытта жылына екі рет өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.