Хакім Абай өзінің жетінші қарасөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады... Біреуі білсем екен демеклік...» дей келіп, одан әрі осы мінез-құлықтың қыр-сырын таратып әкететіні өзімізге белгілі десек, бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Арықбай Ағыбаев бала кезінен-ақ білуге, айналасын тануға ынтық болыпты. Оны қаршадай кезінен білетін ауылдастардың айтуынша, тап бір ересек адамдарша салмақты, ойға бейім бала өзгелер сияқты асыр салып ойнаудан гөрі, кім не деді, оны неге айтты деген ойдың астарын ашуға құмар болған сияқты.
Иә, ол бізге сабырлы, салмақты қалпымен жарала салғандай көрінетін. Бір қызығы, осындай балаң сезім бойымызға сіңіп қалған ба, әлі күнге Арықбай ағамыз не айтса да дұрыс па, бұрыс па деп ой жүгіртіп жатпаймыз, оның сөзіне жүгінеміз. Әрине, ол қашанда жөн әңгіме айтады ғой. Жалпы, Арықбай ағамыз да кейінгі ұрпақтың өзінен орнықты ой, ағалық мінез күтетінін сезінетін болар, қашанда кейінгі жастарға бай өмірлік тәжірибесінен ақыл-кеңесін айтып, жөн-жоба көрсетуден шаршаған емес. Сол ойлардың бәрі де көкейімізге қонатыны ғой, біз оның әр ісін өзімізге үлгі-өнеге тұтып өстік. Осы жерде сәл шегініс жасап, бір жәйтті айта кетсем, Қазақстан ғылымына бүгінде сүбелі үлес қосып жүрген ғалымдардың біразы, нақтылап айтсам 15 ғылым докторы, 50-ден астам ғылым кандидаттары біздің Қастек ауылының түлектері екен. Солардың ішінен заң ғылымына түрен салған А.Ағыбаев болатын. Түрен салған деген сөзді де жайдан-жай айтып отырғанымыз жоқ. Оны өзімізге өнеге тұтқан бір топ інілері біз де осы саланы таңдадық.
Өзімізге белгілі, сонау өткен ғасырдың 60-жылдары ауыл баласы негізінен екі-үш оқудың ғана атын білетін. Оның бірі – малдәрігерлік, екіншісі – ауылшаруашылық, үшіншісі – мұғалімдік оқу еді. Сол жылдарғы жастардың бәрі дерлік осы мамандықтарды таңдайтын. Ал Арықбай ағамыз болса, осы қалыпты жәйттен ауытқып, заң саласын неге таңдады? Оны қайдан білді дегенге келсек, бұл сұрақтың тек тамыры – осы Қастек ауылының тумасы, кезінде Варшава университетін бітірген, Қазақ АССР-інің алғашқы прокуроры болған Қанай Боранбаев атамызға барып тіреледі. Иә, Алматыдағы мемлекеттік университеттің заң факультетіне оқуға Арекең де бірден түсе салған жоқ. Ол төрт жыл шопан болып, бұл оқуға әбден зарығып барып түсті. Әрине, басқа оқуға барса, мектеп бітірген жылы-ақ оның студент атанатынына еш күмән жоқ еді. Бірақ ол бар ниетімен Қанай атамыз сияқты заңгер болуды қалады. Ол кезде университетте сабақ тек орыс тілінде жүретін. Ауылда тірі орысты көрмей өскен Арықбай бұл тілдің қиындығын да өзінің алғырлығы арқасында жеңіп шықты. Сөйтіп, бүкіл университеттің мақтанышына айналып, Лениндік стипендиат атанды.
Осындай белсенділігінің арқасында ол университет бітіргеннен кейін, бірден Философия және құқық институтына жұмысқа орналасты. Бұл ғылыми ортада да ол өзінің ізденгіш өрен екенін көрсете білді. Сөйтіп, 1970 жылы Мәскеудегі Мемлекет және құқық институтының аспирантурасына жолдамамен оқуға аттанды. Араға 3 жыл салып, кандидаттық диссертациясын қорғаған Арекең енді ғылыми ізденісін тәжірибемен ұштастыруды ойлап, Алматы облыстық сотының мүшесі болып, табаны күректей 5 жыл бойы осы жұмысты атқарды.
Әйтсе де, білімге, ғылымға деген құштарлық оны өз тылсымына қарай тарта берді. Сөйтіп, ол 1978-1981 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің құқық және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының аға оқытушысы болды. Ал 1981-1990 жылдар аралығында Қыздар педагогикалық институтында дәріс берсе, ел тәуелсіздігін алған шақтан бастап, Қазақ ұлттық университетінде еңбек етіп келеді.
Әрине, осы жылдар арасында ол ғылыми ізденісін де індете жүрді. Сөйтіп, 1997 жылы «Лауазымды тұлғалардың қызмет жөніндегі қылмыстары үшін жауаптылықтың теориялық проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.
Иә, бүгінде А.Ағыбаев – қылмыстық құқық және криминология ғылымы саласындағы ірі мамандардың бірі. Ол Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінің жобасын жасауға белсене қатысты. Жалпы көлемі 670 баспа табақтан асатын 560-тан астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде «Қазақстан Республикасының кодексіне түсіндірме», «Қазақстан Республикасындағы қызмет өкілдігіне қиянат жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық», «Лауазымды тұлғалардың қызмет жөніндегі қылмыстары үшін жауаптылық», «Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізудегі қылмыстық және криминологиялық шаралар», «Парақорлық үшін қылмыстық жауаптылық», «Қылмыстық ниет және оның қылмысты саралаудағы маңызы» сияқты монографиялардың және 5 оқу, 16 әдістемелік құралдардың, қазақша-орысша, орысша-қазақша заңтану сөздіктерінің, қылмыстық құқық және криминология пәні бойынша бірқатар оқу бағдарламаларының авторы.
Осы арада оның тәуелсіздіктің елең-алаңында жазған «Сот құжаттарының үлгілері» атты еңбегінің Қазақстан Республикасындағы сот жүйесінде құжаттарды заң талабына сәйкес әзірлеуді жүзеге асыруға қосылған сүбелі үлес болды десек, 1995 жылдан бері А.Ағыбаев Жоғарғы Сот жанындағы ғылыми консультативтік кеңестің мүшесі. Қазақстан Республикасындағы «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» қоғамдық ұйымының басқарма мүшесі.
А.Ағыбаев заң саласына қатысты еңбектерімен қатар, Қарасай батыр, Сүйінбай, Жамбыл, Сұраншы, Сүттібай мен Нарбота би жөнінде де тарихи очерктер жазған адам. Және осы еңбектері үшін оған халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлық берілсе, ерен еңбегі үшін А.Ағыбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілгенін де айта кетсек дейміз.
Серік БАЙБАТЫРОВ, Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы.