• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2011

Қуаты артқан жылу орталығы

545 рет
көрсетілді

Енді Атырауда электр энергиясының тапшылығы болмайды Соңғы жылдары мұнайлы өңірде электр қуатын тұты­нуға сұраныс күрт артты. Соған орай Атырау қаласында әсіре­се, жаз ай­ларында энергияның тапшылығы айқын сезілетін еді. Ал Атырау жылу-электр ор­та­лығының электр қуатын өндіру мүмкіндігі шектеулі бо­латын. Өйткені, Атырау жылу-электр орталығының бастапқы жобалануы өткен ғасырдың орта­сында қолға алынып, 1963 жылы  бірінші кезегі қатарға қосылды. Ал, оның екінші кезегі 1969-1970 жылдары жұ­мыс жасай бастаса, үшінші кезегі 1976 жылы пайдалануға тап­сырылған екен. Демек, жар­­ты ғасырдан астам уақыт­тан бері жаңғыртылмаған жы­лу-электр орталығы тұтыну­шы­ла­рының өскелең сұраны­сын толық өтеуі мүмкін де емес еді. Сол себептен орта­лықтың қуатын одан әрі ұлғай­ту жобасы қолға алынды. Жо­баның құны –16,5 млрд. теңге. Бұл қаржыны кәсіпорын өз есебінен салды. Яғни, отандық инвестиция. Өткен жылдың аяғында кәсіпорынның  қо­мақ­ты қар­жысына іске асы­рыл­ған жоба  Атырау жылу-электр ор­та­лығының қуатын бұрынғы­дан 75 меговатқа арт­тырды. Аталған жобаның 25 мего­ваттық бастапқы қуатын Елба­сы Нұрсұлтан  Назарбаев 2009 жы­лы өңірге келген сапарында іске қосып, об­лыс энергетик­теріне табыс тіледі. Осы жоба то­лық қуатында жұмыс жаса­ғанда өңірді электр энергия­сы­мен қамтуда 2012 жылға дейін еш қиындық туындамайды. Ал жылу энер­гиясы­ның қа­жет­тілігі қазіргі қуат­­­тар­мен-ақ өтеледі, деп сендірген кә­сіпорын бас­шы­лары мұ­ны­мен де шектеліп қал­мады. Алдағы жыл­дары тағы да 75 меговаттық электр және 169 гикокало­рия­лық жы­лу энергияларын қа­тар­ға қо­суды жоспарлап қой­ған. Бұл жаңа қуаттар пайда­лануға берілгенде 2015-2018 жыл­дарға дейінгі сұранысты толығымен қамту мүмкін бол­мақ. Дегенмен, мұ­найлы өңір эконо­микасы жыл сайын қар­қынды дамуда. Бас­қаша айт­қан­­да, өңір экономи­ка­сының өр­кен­деуімен бірге электр энер­гия­сын тұтынуға сұраныс арта бермек.  Осыған байла­ныс­­ты кәсіпорын бас­шы­лығы 2020 жылға дейінгі мүмкін қажет­тілікті осы кезден ескеріп, келешекте тағы да қуаты 75 меговаттан кем бол­майтын екі бу турбинасын салу жайы­ның жо­ба­сын жа­сақ­тауға кіріспек. Атырау жы­лу-электр ор­талығына 75 меговаттық қо­сымша қуат беретін төртінші кезегінің  пайдалануға берілуі­нің өңір үшін қандай маңызы бар? Атырау жылу-электр ор­талығы АҚ президенті Мұхам­бетқали Қа­лиевтің айтуынша, бұл алдымен, еліміздегі серпінді жобалардың бірі.  Ел­басының өзі бұған айрықша маңыз беріп, еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік жасайтын жоба ретінде атады. Сонымен қатар, жыл санап өсіп келе жатқан мұнайлы ме­кеннің энергетикалық қуат­тарға деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі. Қа­­­тарға қосылып жат­қан жаңа кәсіп­орындар, тұр­ғын үйлер мен әлеу­меттік нысандар электр және жылу энергия­ла­рына сенімді қосы­лады. Осы мақсат үшін Ресейдің Калуга қала­сынан жаңа үш бу тур­бинасы әкелініп, орна­тылған. – Жылу-электр ор­талы­ғы­ның жаңғыр­ты­луы өңір үшін айрық­ша маңызға ие, – дейді облыс әкімі Бергей Рыс­қалиев. – Өйткені, бұл өткен жылы біздің облыста іске асырылған жеті инвестиция­лық жобаның бірі. Осы кезге дейін өңіріміз­де электр энер­гиясының тап­шы­­лығы бай­қалушы еді. Әсі­ресе, электр энер­гиясын тұты­ну кө­бейетін жаз айларында тұты­нушы­ларға қиын бола­тын. Енді сол қиын­дықтардан арылдық деуге болады.  Орта­лықты жаң­ғырту барысында­ғы құрылыс жұмыста­рына 300-ге жуық адам жұмысқа тар­тылса, жоба іске қосыл­ған­нан кейін  117 адам  жұмысқа қабылданды. Олардың бәрі де кәсіби біліктілігін қосымша жетілдірген жер­­гілікті тұрғын­дар. Ең бас­тысы, өңірдің энер­гети­калық қауіпсіздігін қамта­масыз етуге сенімді қадам жасалды. Атырау энергетиктері электр және жылу энергияларын тұтынушыға таратуға баса мән беріп отыр. Қысқа мерзімде ғана бір мың ша­қырымнан аса жаңа электр желісі тартылып, 90-ға жуық электр энергиясы­мен қамту нысан­дары қатарға қосылды. Олардың ішінде 55 трансформатор бар. Қолданыс­тағы электр жаб­дықтары жос­парлы түрде, тұрақты күрделі жөн­деуден өтіп келеді. «Бұрын біздің орта­лықта 215 мего­ваттық қуат өндірілетін. Бұл өңірдің электр энергиясына қажеттілігін толық өтей алма­ды. Сол себептен көршілес Маңғыс­тау облысынан, Ресейден қосымша қуат алып келдік. Енді бұрынғыға қо­сым­ша 75 меговат­тық қуат өнді­ретін жаңа жобаны іске қо­сыл­ған­нан кейін Атырауда өн­ді­рі­летін қуат көзі 290 меговатқа жетіп отыр. Бұдан былай өңірдің электр энер­гия­сына қажетті қуатты өзіміз өндіре аламыз. Электр энергиясы­ның тапшы­лы­ғы болмайты­ны осы жазда бай­қалуы тиіс. Жалпы, Атырау жылу-электр орталы­ғын­да төр­тінші ке­зектің іске қо­сылуын тәуел­сіздігіміздің тамаша тартуы деп нық айта ала­мыз», деді бізбен әңгі­месінде «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ президенті Мұхамбет­қали Қалиев. ...Қазір Атырауда да жаз­ғы ыстық 30 градустан тө­мен болмай тұр. Бұрын осын­­дай ыстық басталы­сы­мен электр энергиясы азай­ып кететін. Атырау қаласы­ның кей нүктелерінде жа­рық­тың жиі сөніп қалатыны байқалатын. Оның себебін энергетиктер тұрғындардың сал­қындатқыш бұйымдар­дың көбірек қосылуы­мен электр энергиясы жетпей жатыр, Атырауда өндірілетін электр энергиясы тұтынушы сұра­нысын қанағаттандыру­ға жет­кіліксіз деп түсін­діре­тін. Ал тұрғындар пәтерле­рін­де электр энер­гиясының азаюы­мен тоңазытқыш, теледидар секілді тұрмыстық бұйым­дардың істен шығуы­на орай шағым айтып жата­тын. Кейде мәселе сотқа дейін тірелетін. Биыл электр энер­гия­сының азайғаны,  жа­рықтың сөнгені жөнін­де әзір­ге дерек тіркелмеді. Тұр­ғындар тара­пы­нан шағым да айтыла қойған жоқ.  Энерге­тиктер электр қуатының тұрақты боларына сенімді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.