• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2011

Өзіне өзі қол жұмсау сыры неде?

437 рет
көрсетілді

Елбасы Жолдауында балалар­дың ойда­ғы­дай білім алуы, жас­өспірімдердің дұрыс тәрбиеленуі жөнінде үнемі үзбей қам­қор­лық жасау керектігі айтылып келеді. Дегенмен, қазіргі күні кәмелетке тол­ма­ған­дар ара­сында жиі орын алып, көпшілікті алаң­да­тып отыр­ған жайлар да жоқ емес. Соның бірі кеше Бас прокурор Асхат Дауыл­баев­тың төрағалық етуімен өткен Бас прокуратура алқасының кезекті мәжі­лі­сінде ай­тыл­ды. Онда кәмелетке толма­ған­дар ара­сын­да өзіне өзі қол жұмсаудың ал­дын алу және оларды болдыр­мау бағы­тында атқарылған жұ­мыс­тардың жай-күйі сараланды. Адамның өз өзіне қол жұм­сауы жақ­сы­лық емес. Ал жасөс­пі­рімдердің өзіне-өзі қол жұмсауы тіптен төзгісіз жағдай. Сон­дықтан бұл мәселенің алқа мәжі­лі­сі­нің күн тәртібіне шығарылуы оның аса ма­ңыздылығында болып отыр. Өйткені, соңғы жылдары жас­өс­пірімдер ара­сын­да­ғы өзіне өзі қол жұмсау белең алды. Бұ­ған Бас прокуратура осыдан бірнеше жыл бұрын назар аударып, тексеру нәти­же­сін­де алаңдаушылық туды­ратын деректерді анықтаған бо­латын. Дегенмен, кейінгі жа­салған талдаудың нәтижесі орын алған мәселенің осы уақытқа дейін өз шешімін таппағанын, тіпті оның одан әрі ушыға түскенін көрсетіп берді. Бұл неліктен? Оның себебі кәмелетке тол­ма­ғандар ара­сындағы өзіне өзі қол жұмсаудың ал­дын алуда уәкілетті органдардың атқар­ған жұ­мыс­тарының жеткіліксіздігі болып отыр. Өзіне өзі қол жұмсауға негізінен от­басын­да­ғы, мектептегі және дос­тары­ның орта­сын­дағы қарым-қатынастар себепші болуда. Ал өз еркімен өмірін қиған немесе оны жасауға талпынған­дардың ақыл-ойын зерделеу бұл балалардың ба­сым көпшілігінің психологиялық тұрғы­дан дендері­нің сау екендігін көрсетті. Демек, кінәлі тиісті мемлекеттік уәкілет­ті ор­гандардың жауапты шенеуніктері бо­лып отыр. Соған орай атал­ған алқада мә­селенің күрделі сипат алған­дығы ескеріле оты­рып, тексеру барысында анық­тал­ған заң бұзушылықтар және олардың туын­дауына әсер еткен себептер бойынша Үкіметке осы жағдайларға сәйкес ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылданды. Мәселен, Ішкі істер министрлігіне кә­ме­летке толмағандар­мен жұмыс жөнін­дегі құрылым­дық бөлімшелер жұмы­сы­ның са­па­сын жандандыру үшін тиімді ша­раларды қабылдау, кәмелетке толма­ған­дар жасаған қылмыстар­ды, сондай-ақ өзіне-өзі қол жұм­сау жағдайларын тергеумен айна­лысатын арнайы ювеналды бө­лім­шелер құру тапсырылды. Ал Білім және ғылым министрлігіне білікті маман психологтарды тарту, оқушылардың мектептен тыс тәрбиесін жандандыру және олар­дың бос уақытын тиімді пайда­ла­ну­ды қамтамасыз ету, оларға өмір шын­ды­ғын нақты тұрғыда баға­лау, теріс әсер ете­тін қысымдарға қарсы тұру қабілет­терін қалып­тастыру міндеті жүктелді. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігіне жан күйзеліс жағ­дайында жүрген және өзіне-өзі қол жұмсауға бейім адам­дарға кө­мек көрсететін мамандан­дырыл­ған суицидологиялық қызметтер ашу мәселесін шешу ұсынылды. Кәмелетке толмағандарға қарсы күш қолданудың сал­дарынан дене жарақаттарын алған­ды­ғы жөнінде шағымдар түскен ретте дер кезінде құқық қорғау органдарын хабардар ету міндеті жүктелген заң талап­тары­ның сақталуын қамта­ма­сыз ету тап­сы­рылды. Жасөспі­рімдер арасындағы өзіне өзі қол жұмсауды насихаттау интернет жүйесінде ашық жүргізілетінін, ал осын­дай сайттарға кіру деңгейі айтарлықтай жоғары екенін ескере отырып, алқа Бай­ла­ныс және ақпарат министрлігіне мұн­дай интернет көздерінің қызметіне шектеу орнату және белгілі бір жас сана­тын­дағы балалардың енуіне рұқсат бермеу не­месе қызмет  көр­сетудің ерекше тәрті­бін орнату мәселесін қарастыруды ұсынды. Бұдан кейін Бас прокурор облыс про­курорларына мектеп оқушыларын бопсалау деректері бойынша қозғалған істерді зерттеу үшін тиісті шаралар қабыл­дау­ды, сондай-ақ кәмелетке тол­ма­ғандардың өзін өзі өлтіруге дейін жеткізуі бойынша қозғалған қылмыстық істердің тергелуіне тікелей бақылау жасауды жүктеді. Тал­қы­лау­дың нәтижесінде алқа мәжілісі кә­ме­летке толмағандар­дың арасындағы өзіне-өзі қол жұм­сауға бейім мінез-құлық про­фи­лактикасының  жаңа әдістерін, кешенді алдын алу шараларын қабылдау, уәкі­лет­ті органдар мен жұртшылықтың ара­сын­дағы өз­ара іс-қимыл белсенділігін арт­тыру­ды қарастыратын балалар­дың ара­сындағы өзіне өзі қол жұмсаудың ал­дын алуға арналған мемлекеттік бағдар­ла­маны да­йын­даудың және қабылдаудың қажеттілігін атап көрсетті. Александр ТАСБОЛАТОВ.