Талдықорғанда республикалық деңгейде өткен кеңесте Елбасы тапсырмасын орындау жайы талқыланды
Алматы облысы әкімдігінің мәжіліс залында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов және Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары ауыл шаруашылығы басқармалары бастықтарының қатысуымен республикалық кеңес өтті.
Жиынды ашқан Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов салалық бағдарламаны орындау бағытында облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
– Соңғы жылдары жергілікті жерде өсірілген, өндірілген және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін Алматы қаласына апарып, қалалықтарға қолайлы бағамен сату ұйымдастырылып келеді. Қоңыр күзден басталып, қыс біткенше жалғасатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін қала тұрғындары асыға күтетін болды. Дегенмен, барлығы керемет деп айтуға келе қоймас. Бізде де кемшін қалып жатқан тұстардың бар екендігі анық. Сондықтан бүгінгі басқосуға министр мен Алматы қаласы әкімінің және басқа да жауапты тұлғалардың қатысып отырғанын пайдаланып, Елбасының «Алматы қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру» салалық бағдарламасын табысты орындау жолдарын қарастырмақпыз. Өз ойларыңыз бен ұсыныстарыңызды ашық айтып, мәселелерді бірлесе шешейік, деді ол.
– Алматы қаласының жағдайы жақсы болса, елдегі ахуал да дұрыс болады десем, ешкім артық айттың дей қоймас, – деді сөз алған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов. – Оңтүстік астананың ел тірлігіндегі, дамуындағы алатын орны туралы Елбасы келелі кеңестерде жиі айтады. Осыған орай айтарым, Мемлекет басшысының тапсырмасын жете түсінбей отырғандар да бар сияқты. Өйткені, республикалық кеңеске арнайы шақырылған Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бүгінгі басқосуға онша ынта танытқан жоқ. Аталған облыстар мен Алматы қаласының арасында ауыл шаруашылығы тауарларына қатысты жасалған келісімдер бар еді. Олардың көбі орындалмай қалды. Бізді алаңдататыны – дүкендер сөрелеріндегі түрлері көз сүріндіретін азық-түліктің арасында өзіміздің көзімізге оттай басылуы тиіс жергілікті өнімдердің аздығы.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Болатай Тастанов өздерінің көкөніс және жеміс-жидек өсірудегі қалыптасқан тәжірибелері туралы баяндап, алдағы кезде Алматы қаласына ерте пісетін көкөніс түрлерін жеткізуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының төрағасы Керімжан Бижанов пен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының төрағасы Бақыт Атайбеков әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жұмысына қатысты бірқатар ұсыныстарын айтып өтті. «Адал» акционерлік қоғамының басшысы Сейсенхан Смағұлов кәсіпкер ретінде қаралған мәселеге қатысты ойларын білдірді. «ҚазАгро» Ұлттық-басқару холдингінің атқарушы директоры Бақыт Құдабаева болса, дәл қазіргі кезде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдаудың барынша күшейгенін айта келе, іс тетігін тапқандардан мемлекет ақша аямайтынын білдірді. Несие алу, субсидияға қол жеткізудің талаптары мен артықшылықтарын жан-жақты түсіндірді.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жай-күйіне қысқаша тоқтала келе, айтылған ұсыныстарға қатысты өз ойын білдірді.
– Осыдан бірер ай бұрын ғана оңтүстік астанада Елбасының қатысуымен аталған мәселеге қатысты келелі кеңес болғанын білесіздер. Сондықтан бағдарламаның орындалуына мықтап назар аударып, аталған бағыттағы жұмыстарды барынша күшейту керек. Бұл міндетті атқаруда негізгі салмақ Алматы облысына түседі. Бірақ аймақтағы басқа облыстар да сырт қалмауға тиісті, – деді ол.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.