Қызылжар өңірінде төрт бала түгілі егіздің өзі сирек туады. Ал, облыс орталығына іргелес орналасқан Бескөл кентінің тұрғыны Светлана Иванова нағыз алтын құрсақ ана атанды. Андрей есімді азаматпен отау құрған ол 10 жыл бойы тұлабойы тұңғышын зарыға күткен екен. Енді, міне, 32 жасында босанып, 4 нәрестені дүниеге әкелді. Бәрі де – қыз балалар. Есімдері – Мария, Екатерина, Елизавета, Антонина.
– Қазір сәбилердің жағдайы жақсы. Дәрігерлердің ерекше бақылауына алынған. Өзім ширек ғасырға жуық облыстық перинаталдық орталықта жұмыс істеймін. Мұндай қуанышты оқиғамен бірінші рет кезігіп отырмын, – дейді бас дәрігер Жанна Мауытова.
Облыс әкімі Серік Біләлов перинаталдық орталықта арнайы болып, жас ананың жағдайымен танысты, сәбилерге бауы берік болсын айтып, тілектестік білдірді. Петропавл қаласынан үш бөлмелі пәтер берілетінін хабарлады. «Ұрпақ қоры» сертификатын табыс етті. Бұл бағдарлама бойынша әр балаға арнайы есепшот ашылып, әрқайсысына 226 мың теңге мөлшерінде алғашқы жарна аударылады. Сөйтіп, 18 жасқа толғанша еселеніп отырады. Ішкі істер саласында еңбек ететін әке де облыс орталығына қызметке ауыстырылатын болды. Облыстық ішкі істер департаменті де өз тартуларын жасады.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.