• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2011

Іскерлік байланысты өрістетеміз десек

418 рет
көрсетілді

Өркениетті елдердің әлемдік тәжірибелерін игеріп, озық техно­логияларын өндіріске енгізу еш артықтық етпейді. Осы арқылы үдемелі инновациялық-индустриялық бағдарламасын табысты жал­ғастыруға болатынын Солтүстік Қазақстан облысы делега­ция­сы­ның жұмыс сапары айқын аңғартты. Жыл өткен сайын Солтүстік Қазақстан облысының алыс-жақын шетелдермен эко­номикалық, сауда-саттық қарым-қатынасы кеңейіп келеді. Әсіресе, астық және ұн экс­портында әлеуеттің арта түскені бай­қалады. 5 жылда Ресей, Египет, Иран, Тунис, Ау­ған­стан елдеріне 7,5 миллион тонна астық сатылды. Соңғы 2 жыл ішінде сыртқы сауда байланысы 2,6 миллиард долларға жетті. Солтүстікқазақстандықтардың Израиль мемлекетімен белсенді үнқатысуы да өзара достық сенімге, ізгі ниетке құрылып, берік жалғасын таба түсті. 2008-2010 жылдар­да­ғы облыстың сыртқы сауда айналымының 28 пайызы осы елдің үлесінде. Олардан өнеркәсіп бұйымдары мен минералдық өнімдер жеткізілсе, бізден облыстың бренді саналатын сапалы бидай, ұн жөнел­тіледі. «М.А.Д. Корпорэйшн» фирмасы бірқатар жобаларды іске асырды. Түйіндей айтқан­да, Қазақстанның экономикалық зор мүм­кін­діктері, тұрақты бизнестік ахуал, берекелі бірлік, ыстық ықылас израиль­дік­тердің үл­кен қызығушылығын тудырып, Қызыл­жар өңірімен де сенімді серіктестік, әлеу­мет­тік әріптестік болуға үлкен мүд­де­лілік танытып отыр. Жуырда Израиль елшілі­гінің арнайы шақыруымен облыс әкімі Серік Біләлов бастаған делегация тобы осы елде үш күндік жұмыс сапармен болды. «Қазақстан-Израиль» бизнес фору­мын Қа­зақ­станның осындағы елшісі Ға­лым Ораз­бақов пен Израиль экспорт және халық­аралық әріптестік институты агротехнологиялар департаментінің директоры Кираити мырза ашып, жүргізіп отырды. Серік Сұл­танғазыұлы өз сөзінде Елба­сының 2020 Стратегиялық жоспары шең­берінде үдемелі инновациялық-индустрия­лық даму бағдар­ла­масын жүзеге асыру, еңбек өнімділігін арттыру, азық-түлік қау­іп­сіздігін қамтама­сыз ету, жаңа рынок­тарға шығу, инвестиция­лар тарту секілді келелі талаптардың қой­ылғанын айта келіп, өңірдің экономикалық даму бағыт­тарымен, стратегиялық мақсат­ты жоспарлармен, іске асырылып жатқан инвести­циялық жобалармен таныстырды. Басқосу аясында түрлі іскерлік кездесулер ұйым­дастырылып, екі жақтың ауылшаруа­шы­лық құрылым басшылары, ірі кәсіп­орын, бизнес жетекшілері кәсіпкерлікті жа­ңа арнада өрістету, жаңа технология­лар­ды қол­дану жөнінде пайдалы пікірлер алма­сып, келісімдерге қол жеткізді. Әр тарап өз жобаларын ұсынып, тиімді жұмыс істеудің жолдарын қарастырды. Біз осы орайда делегация мүшелерінің іссапардан алған әсер­лері мен түйген ойлары жайлы білген едік. Серік БІЛӘЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі: – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауында біртұтас эконо­микалық кеңістік құру ісі қазақстандық өндірушілер үшін өнім өткізудің байтақ базарын ашумен қатар бәсекеге шыдас беретін тауарлар шығару және қызмет көрсету үшін бизнесті ынталандыратынын да айрықша атап көрсеткен болатын. «Қа­зақстан-Израиль» бизнес форумы шең­беріндегі іскерлік байланыстар осындай биік мақсаттардан туды. Бүгінгі күн – бәсеке заманы. Ол талаптарды қайыспас қара нардай көтере білу үшін шетелдік заманауи технологияларға, озық әдістерге сүйенбей болмайды. Израиль – қай салада болсын жақсы дамыған мемлекеттердің бірі. Оның халқы, бизнес өкілдері Қазақ­станды тұрақты өркендеп келе жатқан, мүмкіндігі орасан ел ретінде біледі. Мұнда да Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­ба­евтың беделі зор, сындарлы сыртқы саяса­тын жоғары бағалайды. Бұл елдің тыныс-тіршілігі бізге таныс. Көптеген салаларда израильдік компаниялармен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Осы жолғы сапа­рымыз екіжақты қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдетіп, баянды ете түскенін баса айтқым келеді. Израильде озық технологиялар кеңінен өріс алған. Мәселен, аймақтың 60 пайыздайы шөлді далаға жататынына қарамастан су тапшылығы сезілмейді. Тамшылатып суару ауыл шаруа­шылығы саласында қанат жайған. Әр фер­мердің аз шығын жұмсап, көп өнім алуы өмірлік ұстанымға айналған ба дерсің. Әріптестеріміз облыстың өнеркәсіп, тау-кен салаларына үлкен қызығушылық танытты. Бұл бағыттар бойынша инвестиция тарту ойымызда бар. Ал, ауыл шаруа­шылығы жөнінде әңгіме бөлек. Бұл салада ұқсастықтарымыз көп. Табиғи-климаттық жағдайдың біркелкілігінің өзі екіжаққа да қолайлы экономикалық мүмкіндіктер ту­дырары сөзсіз. Былтыр израильдік мамандар минералдық және химиялық тыңайт­қыштармен қамтамасыз еткен болатын. Биыл бұл бағыттағы келісім-шарттар сақ­та­лады. Бізді өнеркәсіптегі, ауыл шаруа­шылығындағы қалдықсыз өңдеу техно­ло­гиясы қатты қызықтырды. Бұл үдеріс бар­лық саланы қамтыған деуге болады. Об­лыс­та 232 кәсіпорын ауылшаруашылық өнім­дерін өңдеумен айналысады. Олардың жыл­дық қуаты 263 мың тонна сүт, 12 мың тонна ет, 472 мың тонна ұн өндіруге мөл­шерленгенмен, жалпы өнімнің 20 пайызы ғана ұқсатылатыны ойландыруы тиіс. Осы жағынан кәсіпкерлеріміз бен фермерлеріміз озық әдістерді игеретін бо­лады. Ал­дағы уақытта азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз ету мақсатымен израильдік үлгідегі жылыжайлардың, құс фабрика­ларының, көкөніс, жеміс-жидекпен айна­лы­сатын ша­руа­шылықтардың санын арт­ты­руды көздеп отырмыз. Етті, сүтті бағыт­тағы мал шаруа­шылығын дамытуға мүм­кін­діктеріміз мол. Шаруашылық жетекшілері «Қазагро» және әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялармен бірлесе отырып көп іс тындыра алары анық. Медицина саласы бойынша да бір­қатар келісімдерге қол жеткіздік. Сергей ЗВОЛЬСКИЙ, Тайынша ауданы «Астық-STEM» ЖШС директоры: – Мен былтыр израильдіктердің там­шылатып суару әдісін қолданып, 20 гектар жерге сәбіз, картоп, басқа да көкөніс еккен едім. Жаздың қуаңшылығына қарамастан гектар басы мол өнім жинадым. Сөйтіп, өміршең жобаның тиімділігіне көз жеткіздім. Биыл егістік алқапты 83 гектарға дейін ұлғайттым. Осы жолғы сапардан көп тәжірибе жинақтап қайттым. Тамшылатып суару жүйесін енгізумен әйгілі «Наан Дан Джейн» фирмасының жетекшілерімен сөй­лескенімде қатаң климаттық жағдай жо­ғары технологияларды енгізуге мәжбүрле­ді дегендей әзіл айтты. Шын мәнінде олардың нарық заңдарын терең меңгеріп алғандарын, озық технологияларды үнемі жетілдіру үстінде екенін аңғару қиын емес. Кез келген жылыжай табысқа, кіріс алуға бағытталған. Қажетті температураны қалыптастыру үшін арнайы кондиционерлер орнатылған. Ауылшаруашылық мәсе­лелері бойынша кеңесші Борис Молдавский ірі жобалар Атырау, Қызылорда облыстарында жүзеге асқанын жеткізді. Енді Шымкент, Алматы, Астана қалала­ры­мен жұмыс істеуге көшкен. Маған сол­түстік аймақтарға да мамандар жіберуге уәде етті. Осы жобаны іске асырсам ба деймін. Кәріздік су тазалайтын кәсіпорын­дар­дың жұмысы да адам сүйсінтеді. Қал­дық су арнайы құрылғы көмегімен 5 саты­лы тазалау сүзгісінен өткеннен кейін ғана өндірістік пайдалануға жіберіледі екен. Мұхамеджан ЛҰҚПАНОВ, Ақжар ауданы «Лұқпанов»  ЖШС басшысы: – Израильде алғаш болуым. Шынында да, шөл даланың ортасында орналасқан алақандай ел мұнша дамып кетеді деп еш ойламаппын. «Биодизель» зауыты дизель отынын алу үшін мал және өсімдік майын негізгі шикізат көзі ретінде пайдаланады екен. Таңырқамай көр! Бір тоннасы 3 мың теңге ғана! Облыстың әлеуметтік салала­рын жылытуға неге пайдаланбасқа деген ұсыныстар айтылып жатты. Біз сүтті бағыттағы ірі қара мал өсі­ретін фермаларда болдық. Әр сауын си­ыр­дан жылына 12 мың литрге дейін сүт са­уылатыны қайран қалдырды. Бәрі авто­маттандырылған. Сапалы азықтандыруға өте-мөте көңіл бөледі екен. Құрамажем өндіретін зауыттың жұмысы жақсы жолға қойылған. Атамыз қазақ «сиырдың сүті – тілінде» деп бекер айтпаса керек. Мен өз шаруашылығымда 1400 және 400 басқа арналған ет, сүт фермаларын ашумен айна­лысып жатырмын. Мына жоғары техно­логиялық үлгі қатты қызықтырды. Осыны қолдануды жөн көрдім. Қой шаруа­шы­лығы да осы жүйемен жұмыс істейтінін байқадым. Қойдың еті мен жүні үлкен сұранысқа ие. Әр саулықтан жылына бір мың литрге дейін сүт алынады. БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Израильдік «М.А.Д. Корпорэйшн» фирмасы 3 миллион доллар инвестиция құйып, иесіз қалған Петропавл бройлерлік құс фабрикасын іске қосқан болатын. Қазір мұнда жылына 8 мың тонна құс еті өндіріледі. Енді күркетауық фермасын салу жөнінде бірлескен бағдарламаның жүзеге асырылатыны мәлім болды. Осылайша құс шаруашылығын дамыту одан әрі жалғастырылып, түрлі дәрумендерге бай құс азығын өндіруге ерекше мән берілмек. Сөз арасында Израильде күркетауық еті емдік тағам ретінде пайда­ла­ны­латынын айта кеткен жөн. Әр күркетауықтың салмағы 40 килоға дейін тартады. Елдің ішкі қажетін қамтамасыз еткеннен кейін 2015 жылға қарай әлемдік нарыққа шығу жоспарланған. Ал облысқа іссапарға қамданып жатқан «LR Group» және «АгроВектор» компаниялары ауыл шаруашылығы саласына қатысты инвес­тициялық жобаларын ала келетін болып отыр. Сонымен «Қазақстан-Израиль» бизнес форумы аясында солтүстік­қа­зақ­стан­дық іскер топ экономика, ауыл шаруашылығы, медицина салалары бойынша нақ­ты мәселелерді шешіп қайтты. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.