Парламент Сенатында Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің хатшысы Серік Ақылбай бастаған депутаттар «Групп 4 Секурикор» компаниясының аймақтық атқарушы директоры Виллем Антониус Хенрикус Ван ден Вэнмен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында бостандықты шектеуге байланысты емес, сондай-ақ қамауға алуға балама жазаларды қолдану саласындағы алдыңғы қатардағы халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері талқыланды.
Компанияның атқарушы директоры депутаттарды топ қызметі туралы хабардар етіп, қоғамдық және жеке қауіпсіздік саласындағы жұмыс тәжірибесі, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, сот процестеріндегі тәртіпті ұйымдастыру, абақтылар мен арнайы мекемелерді басқару туралы әңгімеледі.
Кездесуде әлемдегі табысты тәжірибелерді, әсіресе, айыпталушылардың мінез-құлқын, шартты түрде сотталғандар мен шартты түрде мерзімінен бұрын босағандарды бақылауды жетілдіру бөлігінде құқық қорғау органдарының қызметіне инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығы атап өтілді.