• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2011

Төрағаның алғашқы кездесуі

351 рет
көрсетілді

Кеше Президенттік мәдениет орталығында Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф отандық БАҚ өкілдерімен алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Отырыс «Қазақстан – зайырлы мемлекет» атты тақырыпта өрбіді. – Жаңадан құрылған Дін істері агенттігі азаматтардың діни сенім бостандығына деген құқығын қамтамасыз ету саласындағы дін саясатын түсіндіру жұмыстарын жүр­гізумен, діни бірлестіктер жө­ніндегі заңнаманы жетілдіру турасында ұсыныстар әзірлеумен айналысатын бо­ла­ды. Біз, соны­мен қатар, Қа­зақстан қоғамын­да­ғы тұрақ­ты­лықты нығайтуға ық­пал ететін, рухани ағартушы­лық­қа бағытталған іс-шара­лар­ды өт­кі­зіп, діни экстре­мизм­нің алдын алу шараларына да ерекше көңіл бөлмекпіз, – деген ол, мемле­кет­тің зайыр­лылығы еліміздің ішкі тұ­рақ­тылығы мен өркендеуінің басты тірегі болып та­бы­латын­ды­ғын да назардан тыс қалдыр­мады. Агенттік төр­ағасының ай­туынша, мем­ле­кеттің зайырлы­лы­ғы со­ны­мен қатар ой еркіндігін қамтамасыз ету, қоғам өмі­ріне пайдалы барлық жаңа­лық­тарды енгізуге даяр тұру мен ғылыми-техникалық про­греске жол ашу­ды білдіреді. Біздің еліміздегі санғасыр­лық тарихқа ие, ха­лық­тың көп бөлігі ұстанатын ата дініміз – ислам және христиан дінінің пра­вославие тармағы. Мәдение­ті­міздің маңыз­ды құрау­шысы болып та­былатын дәстүрлі ис­ламның қайта өркен­деуі қазақ хал­қының рухани да­муы­на елеулі серпін берді. Бү­гінгі таң­да еліміз тұрғын­дары­ның 70 пайызын құ­райтын қазақ­тар, өзбектер, ұй­ғыр­лар, татарлар, қырғыздар, тә­жік­тер, түркі­мендер, чешендер, ингуштер, түріктер, күрд­тер мен дүнгендер сүнниттік Ис­ламды ұс­танса, рес­пуб­ликамыздың көп ұлтты тұр­ғындарының 25 пайы­зын құрай­тын орыстар, украиндар мен белорустарды біріктіретін негізгі конфессия православие бо­лып табы­лады. Сонымен қатар, елдің жалпы тұрғындары­ның екі пайызын құрап отырған поляктар, немістер мен еврейлер ұс­танатын католик, про­тестант­тық, иудаизм дін ілім­дерінің игілікті рөлде­рін де ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Еліміз тәуелсіз­дік алғаннан кейін бұл конфессиялар Қа­зақстанда өз қыз­меттерін еркін жүзеге асы­ру­ға мүмкіндік алды. Бұған қоса әрбір қазақ­стандық ар-ождан бостан­дығына құқы­лы екендігін де атап көр­се­теміз, – деді Қайрат Қайырбекұлы. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.