• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2011

Бектұрды білесіз бе?

666 рет
көрсетілді

Саяси қуғын-сүргіннің сыз­дауы­ғы жарылып бітіп, жара­сы­ның орны жазылған да болар дейтін уақыт емшінің дәмесінен жү­рек қанша медет күткенімен, тал­мау­сыраған күйінен әлі айығар емес. Тіпті де сейілмейтіндей қа­ра бұл­ты­ның жаңбыр емес, қан себезгілеп тұрғанынан көңіл біткен шерменде. Саба­сы­на түспей сарсыла­тын­дай, қалы­бы­на келмей зар-налаға булы­ғып, мұң бүр­кетіндей. Жә, осы­ның бәрін – бір тағдырға те­ліп түйіндей салуға да болар еді... Амал не, түйінін шешпей дем тұтықтыра берер тарпаң тағдыр­дың жалынында жазықсыз қақ­тал­ған қаншама өмір иесі қау­қар­сыз жұтылып кетті-ау! Сол еске түс­кен­де қуғын-сүргіннің тас шеңгелі­не мытырылған әке мен ананың бей­күнәлігі былай ысы­ры­лып, олар­дың бауырынан өр­ген бала­ларының кү­нәсіздігін – отанға деген қаскү­нем­дік­ке қа­сақана балаған, сөйтіп, тұ­тас­тай шаңырақтың үрім-бұта­ғына зауал төнген қаралы кезең, шын­дық алдында ұяттан әлі күнге бетін басып жүргенінің куәсіміз ғой! Сондай атадан – бала, анадан – қыз ажырап қалған нәумет жыл­дар­дың бір қайғылы оқиға­сына тоқталғалы отырмыз. Ол – әде­биетіміздің асқақ та жарқын тұл­ғасы, жазықсыз жаладан на­қақ­тан атылып кеткен классик жазушы Жүсіпбек Аймауытов­тың тұла бойы тұңғышы Бек­тұр­дың азапты өмірінің азат­тал­ғанда да қайғыдан қабырғасы сөгіліп, сүрең­сіз тірлік кешкенінен тарқа­тыл­ған кіреукелі кір­бің-күйзеліс баяны еді... Әкесі Жүсіпбек Аймауытов 1929 жылы 10 сәуірде Қызыл­ор­дада «халық жауы» жаласымен ұсталғанда, Бектұр он үш жаста ғана болатын. Жазушының бірінші әйелі Вера Волковадан, анасы Виктор атап кеткен осы Бектұр мен өзінен төрт жас кіші Евгений (Жанақ) туған екен. Ал екінші зайыбынан Муза есімді қыз өмірге келген. Мәскеуде 1930 жылдың жазында бір оқтық боп сұлаған Жүсіпбектің соңында қал­ған осы балаларының тағды­ры көпке дейін белгісіз болып, тір­лігі қандай екендігі, оларды бі­ліп-білмейтіндердің көңілін алаң­датып қойған-тын. Жүрегі сыздап, сұрау салған­дар­дың санатында алдымен Гүл­нәр Міржақыпқызы болға­нын ай­туымыз абзал. Апай Бек­тұр­дан бір жас қалқыңқы, екеуі Орын­бор­да бір мектепте оқы­ған. Әке­лері дос-жар болғасын ба, бала­лары да бір үйдің қозы­сындай тел өсті. Бек­тұр­ды Мір­жақып жазға салым Торғай, Қос­танай өңірін қыдырыс­та­ған­да, Гүлнәрімен бірге ілестіріп ала жү­ретін. Бала­лық­тың бал қаймағын қалқысқан сол Бек­тұрды енді Гүл­нәр апай іздемегенде кім іздесін? Әрдайым жаз­ған кітабы мен мақа­ласында, сөй­леген сөзінде Бектұр тағды­ры­на алаңдаушылық білдіргенінен қалың жұрт хабардар. Мына қызықты қараңыз, бел­гілі қазақ ақыны Мұзафар Әлім­баев­қа бір жолы көршісі Таскира Бақыт­ке­рейқызы «Вечерняя Алма-Ата» га­зеті­нің 1990 жылғы 15 қаң­тардағы санын ұстап, сү­йін­ші­леп жүгіріп келеді. Он­да­ғы Ж.Аймауытовтың өмір жолы тура­лы мақаланы оқы­ғанда, есіне оның баласы Виктор түсе кет­пей ме. Башқұртстаннан Шым­­кентке туған әпкесіне қонақ­тап жа­тып, еліне ораларда әкесі аты­лып кеткен осы жетімек Вик­тор­ды Жүсіпбекпен көршілес бол­ған отағасы қызына айтып, сырт жерге ертіп жібереді. Сөйтіп, Вик­тор Ниж­ний Троицк қаласында әлгі­лермен бір жыл тұ­рады. Сол қа­ла­дағы ФЗУ-де оқып, маман­дық ала­ды. Қам­қор болып жүр­ген­­дер 1933 жы­лы басқа жерге қо­ныс аударып, одан көз жазып қа­лады. Таски­ра­ның Вик­тор­ды ес­­ке алып айтқан осын­дай әңгі­ме­­сінен кейін көмескі деректің үмітті көзі ашыл­ғандай болыпты... Бірте-бірте жылдар қырты­сын­­дағы қайғылы қатпар сыры ашыла бастағандай еді. Кемеров облы­сы­ның Прокопьевск қала­сынан Бек­тұр, Бішкек жақтан Жа­нақ, Ақтө­бе­ден Муза табылып, алаш арысы Жүсіпбектің кіндігінен тара­ған бала­лары тағдыр ай­дауы­мен Алматыда бас қосып қа­лып жүрді. Әрқай­сы­сының әрқа­лай тағдыры бауырларды жүн­жі­тіп те, тізе бүк­тіріп, қайыра қай­рат­тандырып та, әке намысымен шыңдап, шыңға өр­мелетіп те, құз­дан құлдыратып та сынағына аяу­сыз алған екен. Не құқайдың да тезінен қанға біткен қа­мықпас мінездің берекетімен бебеулеп шы­ға біліпті-ау! Бектұр басқа салға­нын көрді, көнді де. Көн­­терлі екен. 1937 жылы Қазан қаласында «халық жауының» баласы деп, он жылға сот­талып кетті. Жаны сірі екен. Айдаудан аман шық­­­ты. Шахтада істеді, электр монтері болды. Кейін ол 1994 жылы 25 қарашада Татарстан республикасы прокура­ту­расының қау­лы­­сымен дә­лелсіз қуда­­лан­ған ретінде ақ­талды. Бұл кезде Бектұрдың әкесі Жүсіпбектің ақтал­ға­нына да алты жылдың жүзі болып қалған еді. Санасына сергектік ұялай бас­та­ды. Жабылған жаладан жүзі жы­лып жылтырап, жүрегі қуанышқа еліккендей. Атыл­ған әкесінің де, Сібірге айдалған өзі­нің де кінәсі болмай шықты. Ста­линдік қу­ғын-сүргіннің жан түр­шігерлік айуандық саясаты әке мен баланы бір табада осылайша шыж­ғы­рып­ты. Кеудесі бірте-бірте күй­ленген Бектұр ояна бастапты. Түсі­не ту­ған Баянауылы жиі кіретін бол­ған. 1994 жылы ботадай боздап, кіндік қаны тамған жерге тартып отырсын. Құндағында мұр­ны­на жұпар иісі сіңген, топы­ра­ғына ау­наған, балалығының кінә­рат­сыз кезеңі шапқыланған қасиет­ті жеріне ықыласы ауып, темір жол вокзалына әлсін-әлі келе берген екен. Бірде қазақы қандасына жо­лы­ғып, Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы екендігін айтып, Алматыға ілесіп бірге жөнелмей ме. Әке-шеше­сін іздегендей болып, бауыр­ларын көрмекке құмартып, ыссы аңсармен аңқасы кеуіп Алматыға алқына кеп тоқтапты. Жетісудың жаннатынан жаны жарылқанып­ты. Алатауына ізетпен сәлем беріп иіліп, еңкіш тартқан бойын іле тіктеп ала қо­йыпты. Қала әкі­мі кемпірімен екеуіне бір бөлмелі пәтер берген екен, орыс кейуана елін аңсап, күңкіл­деп, кемсеңдей берген соң Прокопьевскіге қайы­ра кетіп қалған екен. Ал Баян­ауыл­дағы кіндік қаны там­ған жер­ге барып, ата-баба қоры­мы­на өзі дұға бағыштағаны, бәрі-бәрі жадында қалған. Алматы іші гу-гу. Жүсіпбектің ұлы Бектұр қайыра кетіп қалыпты деген хабар желдей есіпті. Неге кетті екен? Туған жерінен жерінгені несі, бәтір-ау! Орыс қатыны­ның азғырын­ды­сына ергені де. Жерсінуші ме еді ол. Біреудің жерін біреу қайтеді? Ұлтан болам деп келген Бектұрдың өзі қай­қа­йып кетті емес пе. Масқара! Әке рухын сыйла­ма­ғанын қарашы, дегендей реніш, өк­пе, наз, тілек жа­мырап жайылған-тын. Тілін, ділін дарытқан құдіреті күшті жараты­лыс аймағына демі таусылғанша адал бола алмағаны ма сонда? Жә, артық-кемісі болса, кешірер, әйтеуір Бек­тұр­дың бір кем пішкені бары сезіледі де тұрады. Аң­қа­сын орыс суы ба­сып, Сібір ауасы кеңсірігін ашқан мүдделілік қой­сын ба, еш қисынын келтірместен апай-топай дөңгеленте жөнел­ген апшысын қуырып. Сонымен Бектұр сол жақта жүре тұрсын. Қазақтар бірақ оның тағды­ры­на алаңдауын бір сәтке ысырып тастамаған еді. Жаны аши­ды. Әкесі де, өзі де қара таң­бадан арылды. Еліне келуін келіп қалып, бұл бұл­тала­ғына жол бол­сын деп, ашу-ыза шашудан да жас­қанбайды кейбірі. Түсі­нік­ті-ау! Бірақ Бектұр осы жа­ғын онша түсінбегенге ұқсайды. Әл­де сырт­ты паналап, саяқ­сып кеткен дағ­ды­сынан арылу оған оңай тимеген де шығар. Сұрқай сая­саттың шы­бырт­қы­сынан сау-тамтығы қал­ма­ған жа­мау-жа­мау жүрегі, үр­ге­дек кө­ңілі, үр­кек сезімі сетінеп, сенімін ал­дамшы әуенге жең­­­­ді­ріп, байыз тап­­тыр­­ма­ды ма екен. Бәрі болады. Өмір болған соң адам оның тағдыр тат­тырған дәмінен ұшы­­­­нып кетпейді. Татады. Бо­йы­на сіңу-сіңбеуі басқа әңгіме. Бектұрдың осы­­лайша сыртта жүр­ген кезі ғой деймін, нақтырақ айтсам, 1999 жыл­дың шілде айы­ның басында Қос­танай облыс­тық газеті оқыр­ман­да­ры­­ның Жүсіп­бек­ұлы­ның тағдыры­на алаңдау­шы­лық білдіріп сұрау салған өті­ні­шін қана­ғат­тандыру мақсаты­мен Гүлнәр Мір­­жақыпқызына хат жө­нелт­тім. Ондағы ойым – апа­мыз Бек­тұрдың қазіргі халінен хабардар ма екен деген үмітті сұ­рақ­қа жауап іздеу болатын. Апам да хат-хабарға қа­шан­нан қағілез әдетімен шілденің 31-інде іле жаза қойыпты. Ал кеп ықы­лас­тана оқиын: «... Өзім, әзір­ше күнде­лік­ті күйбеңмен өмір сүру­демін. Қо­лымнан қалам түсер емес. Жарық көрмеген зиялы ағалары­мыз­ды ес­ке алып, көрген-білг­ен­дерімді қа­ғаз­ға түсірудемін. Оның арасында журнал-газет қызметкер­лері ма­зам­ды алуда. Сөйлесудің өзі екі сағаттан артық қым­бат уақы­тым­ды алып шарша­тады. Қалайда төтеп беру керек шы­ғар, деп өзімді жұбатамын». Хаттың арғы жағын жүгіртіп оқи алмай, шідерленген аттай шо­қақтап, кібіртіктей бердім. Дауыс­тап оқып отыр едім, мақамым пәс­теніп, ырға­ғымнан жаңылдым. Жү­ре­гім аузыма тығылды. Бір оқып аяғына шықтым, екі оқып, үш оқып дегендей... Енді са­бама түсіп, ой­ланып көрсем, Гүл­нәр апам Бек­тұрға қатысты жаны егіліп айтқан осы сөздерін, ащы пікірге то­лы өмір шындығын көпке жария ету­дің қажеті жоқтығын қадау-қадау ескертіп өтіпті. Тұтас­тай орта бу­нағын аттап кетіп, апамның соңғы түйініне қайыра зер салдым. Онда: «... Қайсар! Бек­­тұрды жазуыңның реті келмес. Менің естелігім де жетіп жатыр. Кө­ңі­лімнің баяғыдай бо­лып қал­ма­ғаны­на өкіне­мін. Сон­дық­тан жы­лы жауып қой­ған­нан артығы жоқ. Жаным ауы­ра­ды, аяй­мын, амал жоқ, қайтейін. Хатты кідірткенім соның әлегі». Иә, апамның қос томдық естеліктер кітабында Бектұр туралы іші­нара жазылған. Бірге өткізген балдәурен шақтың мөлтек сығын­дылары ғана. Қысқа қайырылған сол ләззатты ке­зең­нің одан да қыс­қа суреттері мо­н­шақ­тай тізілген еді. Балалықтан бола­шақтың өне бойын сомдай білу көре­ген­дігі оңай емес шығар. Ол кезде жыл­дар өте Бектұрдың тағдыры қа­лай қа­лыптасатынын кім бал ашып білді дейсіз. Құлдыраң­да­ған кішкене Гүл­нәр да алда нендей тауқымет кү­тіп тұрғанын сезбегені рас. Бірақ мы­на хаттан апамның сол титтей, бей­күнә жүрегінің Бектұр құрда­сы­на деген нәзік лүпілінің, аппақ се­зі­мінің жылдар құрсауымен қату­ланып, сұс­ты­лана бастағанын се­зіну өзгеге де ауыр салмақ са­ла­рын байқап отыр­мыз. Апамша айт­­қанда, Бектұр сол пәк, тап-таза, іңкәрлі күйінде көңіл тө­рін­де қалуы тиіс еді. Бірақ қаты­гез тағ­дырдың өксігі өкінтпей қой­май­ды екен-ау! Бек­тұрға не өкпе бар? Сы­нын берсе де сы­наптай жұ­ты­лып кетпей, бүгін­нің жалы­на жар­масып жүргені­нің өзі медет қой. Не істесем екен? Амалым қай­сы? Жауап хаттың әлгі апам тыйым салған тұстарын оқыр­ман­ға жеткізгенім қалай болады? Онсыз да осы хат қолыма тигелі он екі жыл өте шығыпты. Апам тілегімен сол жаз­баларды тұ­қыр­тып келіппін. Көң­і­ліне келермін деп, тежелдім. Енді Бек­тұрға қатысты қоспасыз шын­дық айтылар тұста, көзі көрген қарияның жанашыр­лық тұрғы­дағы шынайы пікірін іркіп қала берудің жөні болар ма екен? Мұны Гүлнәр апам да түсінуі тиіс. Ұрыспауы тиіс маған. Білемін ғой, апам ішіңдегіні сезе қояды. Менің қазір жүрексіне, тол­қи отырып өз хатынан үзін­діні жария еткеніме де кешіріммен қа­рауы тиіс. Сөйтеді. Түсі­не­ді мені. Оқырман үшін жүре­гін жұмсарта алады. Ендеше, не тұрыс бар? Тәуе­кел деп, газетке шығарып жіберейін: «... Сенің Бектұр туралы білгің келетіні түсінікті, ал соңғы жыл­дары, ол туралы сөз қозғау­дың керегі шамалы. Біліп-түйге­нім, байғұс ауру, ана інісі Жанақ (Евгений) секілді – қияли (шизофрения). Бұл қалада (Алматыда) жұрттың алдын­да бәрімізді ұятқа қал­дыр­ған толып жатқан қылық­тарын несін жазайын. Өкініш, аяу, одан басқа ешнәрсе қал­ма­ды. Оны мүсір­ке­ген жандар­ды, ол оңдыр­ған жоқ, Қартқожа То­ғанбаевтың – Төлеші, т.б. (Қарт­қожа –Ж. Ай­мауытовтың басты ке­йіпкері. Қ.Ә.). Айтуға аузым бар­майды. Қай­ран, Жүсіп­бек ағам-ай, екі ұлының мүшкіл халін білмей кетті-ау! Бектұрға бір бөлмелі пәтер берген Алматының Весновка, 2 көшесі­нен, аз уақыт тұрып, маған айтпастан, баяғы Ресейіне тартып отыр­ған. Ол пә­терін Римма деген қы­зын Қара­ғандыдан көшіріп, үш немересіне қалдырып кеткен. Бек­тұрдың Виктор деген ұлы бар, ол да Прокопьевскіде». Гүлнәр апам жанын қуырып, көргенін жазыпты. Егіліпті. Аяны­­шын, көрген-білгенін бүгіп қалғы­сы келген. Жалпақ жұртқа жария етпеуге бекінген. Жазғаны хатта ғана қалады деп, шыдамай сырын ашқан екен. Кешіріңіз, Гүлнәр апа, Сізде кінә жоқ, өмір шындығымен құнды болса керек деп, біз осын­дай қадамға бардық. Бектұрға да өкпе артпаймыз. Алға сырғытып айтсақ, ол жасы 82-ге келіп, күллі құсалы өмірінің өксігінен әлдеқа­шан қақа­лып, омақасып, демі тұн­шығып, ерте үзіліп кетпегеніне шүкіршілік етеміз! Тағдыр теперішіне қалай шы­дағанына таң­быз! Әкесінің қа­ны­на тартқан да, тар­лан­бозың! Бертінгі қажып-солған кейпін айтсақ, оның да еш сөкет­тігі жоқ­тай. Шын бейнесін елестеттік. Бірақ даралан­ған да­рақ­тың алыс­тан көрінетіні секілді, ол бейне сәл кедір-бұдырына қарамас­тан қайсы­мызға да қа­йыс­пайтын қара емендей боп, ыс­тық тартып тұра берер... Соны­сы­мен қымбат, қи­май­мыз оны – асылдың тұяғы, Бектұр атаны! Бектұр ақсақал екінші қай­тара Алматыға 2006 жылы келіп, қо­ныс­таныпты. Кемпірі кіндігі бай­ланған жерде мәңгілік тұрағын тап­қан. Сүйретпесі жоқ шалы сүйе­гін сал­дыратып еліне тарт­қан. Тағдыр таң­дауы осы. Туған жер тартылысы осы! Келсе, бая­ғы бір бөлмелі пә­терін қалдырған қызы мен күйеу баласы үйді сатып, табандарын жалтыратып үлгерген. Жер сипап, далада қал­ды. Содан қала­дағы «Ардагерлер» қарттар үйін­де ғұмы­ры­ның соңғы екі жы­лын өткізген Бектұр Жүсіп­бекұлы тоқсан жасқа екі аттап, тұрмастай боп құлады... Қайран, ғапыл дүние-ай! Қан­ша қимаса да жылт етіп, жалын си­па­тып үлгермей-ақ, жалт береді екен. Таусылмайтындай көрініп, сәт­те талмауратып, аунатып кетеді екен. Бектұрдың күнін кейінгі ұр­пақ көр­месінші! Асылдарымызды да, олар­дың ұрпақтарын да аңыратқан кер кезең енді қайтып келмесінші! Қайсар ӘЛІМ.