Кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов «Мемлекеттік қаржылық бақылау – экономиканы тұрақтандыру құралы» халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысып жатқан қаржылық бақылаудың жоғары органдары басшыларымен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Кездесуде Ж.Кәрібжанов мемлекеттік қаржылық бақылауға қатысты ең өзекті мәселелерді біліктілікпен талқылаудың маңыздылығын айта келіп: «Биыл Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Ал Есеп комитеті құрылғаннан бері 15 жыл бойы өз қызметін атқарып келеді. Экономиканы тұрақтандыруға үлкен үлесін қосып отыр. Мұндай ауқымды жұмыстар жасауға жағдай жасалған. Оның ішінде қажетті заңдар, нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Бұл салада жұмысымызды әлі де жалғастырамыз. Есеп комитетінің қызметін жетілдіру керек. Мысалы, жуырда ғана заң қабылданды, онда республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті жергілікті бюджеттердің қалай орындалып жатқаны туралы мәлімет алуға құзірет алды», деді.
Кездесуде сөз алған республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев өзі жетекшілік ететін ұжымның тыныс-тіршілігі туралы, шетелдік меймандармен тәжірибе алмасу барысы жайлы айтып берді. Шетелден келген меймандар да өз пікірлерін ортаға салды.
«Егемен-ақпарат».