• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2011

Еліміздің тағы бір келісімшілік миссиясы

354 рет
көрсетілді

Биыл 2011 жылы Қазақстан әлемдік деңгейдегі тағы бір аса жауапты миссиясын атқарып отыр. Ол – Ислам Конференциясы Ұйымына (ИКҰ) төрағалық етуі. ИКҰ – бұл бүгінгі таңда 57 мұсылман мемлекетін біріктіріп отырған халықаралық ұйым. Мұндай беделді ұйымға төрағалық ету тек құрмет қана емес, аса жауапты іс. Сондықтан халықаралық қатынастар дамуының қазіргідей күрделі кезеңінде оған төрағалық ету төраға елдерден бұл миссия үшін бейбітсүйгіш ішкі және сыртқы саясатын өз еліндегі ахуал арқылы көрсетуін, сондай-ақ толерантты қоғам мен діни тұрақтылықты қалыптастыруды талап етеді. Бұл орайда, Қа­зақ­станның айтарлықтай жетістіктері мол және Ислам Конференциясы Ұй­ы­мы сияқты беделді ха­лық­аралық ұйымға төр­аға­лық ету шең­бе­рінде шын мәнінде келісімшілік миссиясын атқара ала­ды. Осы тұр­ғыдан қа­рағанда, егемен еліміздің мұндай ма­ңыз­ды халық­аралық мис­сияны атқаруы толығымен заңды үрдіс болып саналады. Әлемдегі ХХІ ғасырдың басындағы қарқынды әлеуметтік өзгерістер адамзат қоғамының алдына әлеуметтік проб­лемалардың шешімін әрі­ден ой­ластыруды қажет ететін жаңа талаптар қоя бастады. Аталмыш мәсе­ле­лер көп жағдайда жаһандану және интеграция үрдістерімен шиеленіске тү­седі. Біз әлемнің тек жаһандық эко­но­микалық және саяси ғана емес, адамзат қоғамының рухани әлеміне де қатысты жаһандық дағдарыстарға ұшыраған кезеңінде өмір сүріп келеміз. Осыған орай, әлемнің көптеген елдерінде дін саласымен байланысты, діни ұйымдар мен діншілдердің қызметіне қатысты, сондай-ақ қазіргі қоғам дамуының түр­лі қырларына діни факторлар әсерінің жоғарылауына байланысты мәселелер­дің өзектілігі артып отыр. Белгілі бір жағдайдағы әсер етулер экстремистік және деструктивтік саяси мақсаттардағы діни жоспарларды қол­да­ну жекелеген елдерде ғана емес, со­ны­мен қатар, тұтас аймақтарда әлеу­мет­тік тұрақсыздық туғызады. Сон­дық­тан қазіргі мемлекеттердің көпшілігі үшін ұлтаралық және конфессияаралық қатынаста бейбітшілік пен келісімнің сақталуы басым міндеттердің бірі болып отыр. Полиэтностық және поликонфес­сио­налдық қазіргі Қазақстан үшін де қоғамда бейбітшілік пен келісімнің сақталуы маңызды міндеттің бірі. Бұл тіпті еліміздің саяси доктринасында Қазақстанның болашақта тұрақты және толыға дамуы үшін маңызды шарт ретінде қарастырылған. Бұған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та үнемі көңіл бөліп отырады. Оны «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауында да ерекше атап көрсетеді: «Барлық қиындықты жеңетін бір ғана күш бар, ол – біздің бірлігіміз... Жаңа тарихымыздың ең қиын сәттерінде де біртұтас халық боп осы тұрақтылық пен келісімнің арқасында өзімізді сақтап қалдық емес пе?.. Мен қазіргідей өзіміз өткеріп отырған күрделі сәтте де халқымның жақсы қасиеттерімен көрі­ніп, бейбітшілік пен келісімге ұм­ты­ла­тынына сенемін». Көпұлтты және түрлі конфессиялық ел ретінде Қазақстан өзінің бүгінгі демократиялық даму жолында бір мемлекет ішіндегі түрлі ұлт өкілдері мен діни сенімдердің бейбіт өмір сүруінің тиімді формасын жасауға ұмтылады және оны біртіндеп іске асыруда. Еліміздегі діни ұйымдар қоғамдық өмірде бұрынғыдан да маңызды орынға ие. Сонымен бірге, олар еркін дамуға және өзінің қоғамдық іс-әрекетін жандан­ды­руға мүмкіндік алды. Дегенмен, елдегі түрлі діни бірлестіктердің қоғамдық іс-әрекеті бүгінде мінсіз дей алмаймыз. Сондықтан қоғамды одан әрі демо­кратияландыру үшін бүгінде ресми құрылымдарға өзінің дін саласындағы саясатын реттеп отыруға тура келеді. Оның үстіне қазіргі кезеңде белгілі бір діннің қайта өрлеу үдерісі күрделі әрі қарама-қайшылықты құбылыс ретінде қарастырылуда. Оны жалаң праг­матикалық көзқараспен біржақты қа­рас­тыруға болмайды. Дәстүрлі діннің қайта өрлеу үрдісінде бұл мәселенің объективті жағын да байқай білу керек. Мұнымен қоса, қоғамдағы діни өмірдің өрлеуі қандай жағдайда әрі қандай ішкі саяси және сыртқы саяси факторларда өтіп, кө­рініс тауып жүргенін ескеру қа­жет. Егер жоғарыда ай­тыл­ған жәйттерді ис­лам­ды мысалға ала оты­рып қа­растырар болсақ, республикада исламның қайта өрлеуі мұсылман әлемін­дегі кезекті шиеленіскен асқынулар жағ­дайында өтіп жатыр. Отаршылдық құлдық кезеңінде қысым көрген және өзінің тәуел­ділігін азаппен өткерген мұ­сыл­ман әлемі өзін дә­лелдеуге және әлемдік ха­лықтар мен мәде­ниет­тер бірлестігінде лайық­ты орын алуға ұмты­ла­ды. Бұл кешегі кеңестік кезең мұсылмандарына да тән еді. Бүгінде ислам әлемі өзінің тарихи дамуындағы жаңа кезеңіне аяқ басуда. Мамандар жақын келешекте мұсылман елдерінің рөлі айтарлықтай өсе түсетіні жөнінде нақты деректер мен дәйектерге құрылған байламдар жасап отыр. Мұнда тек әлемдегі ислам әсерінің кеңеюі мен орнығуы ғана емес, энергетикалық ресурстардың көп бөлігінің мұсылман елдеріне тиесілі екендігін айтпағанның өзінде, әлемдік экономикалық қатынастарда мұсылман елдері рөлінің артатындығы айтылған. Бұған қоса, сыртқы діни әсерлер тенденциясы бола тұрып, еліміздегі ұлт­аралық және конфессияаралық қа­тынаста маңызды фактор ретінде оның толеранттылық сипатын айтпай кетуге болмайды. Жалпы, төзімділік пен то­леранттылықты қазақстандық қоғам­ның әлеуметтік қатынас­тарын­дағы объективті тарихи алғышарттары бар көптеген салаларда болатын ерекшеліктер және өзіне тән қырлары ретінде қарастыруға болады. Соңғы жылдары Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары арасындағы бейбіт сұхбаттар өткізу үшін тұрақты кездесу орны болып жүргені кездейсоқтық емес. Біздің елімізде соңғы жылдары бүгінде тұрақты сипат алған Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі жұмысы үш рет ұйымдастырылды. Астанадағы осы мақсатқа арнайы салынған Бейбітшілік және келісім сарайы біртіндеп дін­ара­лық сұхбаттар дамуы бойынша игі бастамаларға арналған өзіндік штаб-пәтерге айналып келеді. Қазақстан аумағында осындай әлем­дік деңгейдегі форумдар өткізудің бұрын көрсетілгендей, субъективті алғы­шарттарымен қатар (мысалы, мұн­дағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рөлі) объективті алғышарттары да бар. Оған Еуразияның кіндігінде орналасқан әрі негізгі әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері шоғырланған біздің елі­міздің геосаяси жағдайы куә. Біздің еліміздің аумағында ешқашан діни негіздегі соғыс болған емес. Әрі Қа­зақстандағы этностық өкілдердің еш­қайсысының тарихында діни қақты­ғыстар кездеспейді. Көшпенді өрке­ниет ерекше­лі­гінің өзі ұлыстардың табиғи діни толеранттылығын көр­се­теді. Халқы­мыз­дың рухани мәдениеті мен кеңіс­тігінде де ешбір діни ағым радикалды сипат алмағаны бес сау­сақтай белгілі. Оның үстіне посткеңестік кеңістік­тегі халықтардың ұзақ уақыт бойы бір мемлекет шеңберінде болуының өзі (алдымен Ресей империясы, кейін КСРО құрамында) олардың дін сала­сын­дағы өзара төзімділік пен толерант­тылық дағдысын қалыптастырды. Діни конфессиялар арасында мұндай сый­ласымды қарым-қатынастың орнауы, сөз жоқ, баға жетпес рухани құндылық болып табылады. Сонымен қатар, қазақстандық қо­ғамда толеранттылық қатынас дамуы­ның жоғарыда көрсетілген тарихи қырлары өздігінен ондағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға толық кепіл бола алмайтынын да ескерген жөн. Олар бүгінде республикамыздың қа­зіргі ке­зеңдегі бейбітшілік жақтаушы ішкі және сыртқы саясатын көр­се­тетін ма­ңыз­ды алғышарттар болып табылады. Тұяқбай РЫСБЕКОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Орал.