Маусым айының басында өткен Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Астана қаласының азық-түлікпен қамтамасыз етілуі бойынша берілген менің тапсырмаларым орындалмағанын атап өтуге тиістімін. Ал бұл мәселені іске асыруға бөлінген қаражат жеткілікті болатын. Атап айтқанда, Астананың өне бойын қоршай азық-түлік белдеуі құрылған жоқ, коммуналдық рыноктар ашылмады. Базарларды делдалдардан тазартып, бағаны түсіруге ықпал ету керек деген едім, ол да орындалмады деп атап көрсетті.
Иә, еліміздің бас қаласын сапалы да қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі сонау бір астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезеңі басталған алғашқы жылдарда-ақ күн тәртібіне қойылған болатын. Астананың авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезеңнің өзінде-ақ Үкіметтің, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен қала әкімдігінің алдына «Астананың азық-түлік белдеуін құру» туралы кешенді міндет қойған болатын. Ғасырлар тоғысы басталған сәтте Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдіктері Мемлекет басшысының осы тапсырмасына байланысты бас қала төңірегінде орналасқан аудандардың қаланы ет, сүт, жұмыртқа және көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз етіп тұруы жөнінде өзара тиімді келісім жасап, арнаулы құжаттарға қол қойған болатын. Елбасы 2008 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы стратегиялық тапсырмаларды күн тәртібіне қойды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі «2010-2014 жылдарда Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін құру жөніндегі бағдарлама» белгіледі. Міне, жоғарыда айтылған шаралар барысында Целиноград ауданының «Родина АФ» ЖШС, «Ижевский» ӨК, Аршалы ауданының «Поиск» ЖШС, «Дастархан» ШҚ, Шортанды ауданының «Возрождение» ЖШС, Еңбекшілдер ауданының «Ақ бас» ЖШС және басқалар Астана қаласын барлық азық-түлік өнімдерімен, көкөністің барлық түрлерімен қамтамасыз ету туралы кешенді шаралар жасаған болатын-ды.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бұл кешенді жұмыстарды іске асыруға бөлінген қаражат та жеткілікті еді. Мәселен, «ҚазАгроФинанс» АҚ тек 2008 және 2009 жылдары ғана Астана қаласы азық-түлік белдеуін жасау шараларына 5,5 миллиард теңге қаржы бөлді. Бұл қаржыға Ақмола және Қарағанды облыстарының Астана қаласына жақын орналасқан аудандарында 12 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Мәселен, Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданындағы «Қазгер Құс» ЖШС-ын қайта құруға 2,2 миллиард теңге, «Ақмола-Феникс» АҚ-да жұмыртқа өндіру өндірісін кеңейтуге 155 миллион теңге, ет өнімдерін қайта өңдейтін «Бай-Азат» ЖШС-на 600 миллион теңге, Қарағанды облысындағы «Тай» ЖШС-на 143 миллион теңге қаржы берілді. Қорыта айтқанда, «Астана азық-түлік белдеуін» қалыптастыруға мемлекет қоржынынан миллиондаған қаржы бөлінді, нақты бағдарламалар жасалынып, жан-жақты қолдау көрсетілді. Бірақ «баяғы жартас, бір жартас» дегендей, Астана қаласының азық-түлік қорына сол азық-түлік белдеуінің қосқан үлесі мардымсыз. Қыруар қаржы құмға сіңген судай қайтарымсыз кетті. Бас қаланың базарлары мен дүкен сөрелері сол баяғысынша Қытайдың көкөнісі мен Ресейдің сүт ұнтағынан жасалған өнімдермен сауданы сапырып жатыр.
Қаладағы миллиондаған қаржыға салынған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібі шикізат тапшылығынан тұралап тұр. Мәселен, Астана қаласындағы 6 ет өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары толық қуатының 30 пайызы көлемінде ғана жұмыс істейді. Сүт өнімдерін шығаратын атақты «Фудмастер» компаниясы қала маңайынан сатып алатын сүт таба алмай, өнім өндіру көлемін күрт төмендетіп жіберген. Тіпті, шығаратын өнімдерінің өзіне шеттен әкелінетін сүт ұнтақтарын қосып, көзжұмбайлап келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу өнеркәсібінің шикізат жетімсіздігінен жүйесіз жұмыс істеуге көшуі Астана қаласының азық-түлікпен қамтамасыз етілуінің сапасына, көлеміне және бағасына елеулі нұқсан келтіруде.
Сонау Ақмола қаласы астана дәрежесін алмай тұрған кезеңнің өзінде, қала маңайында мыңдаған тонна көкөніс өнімдерін өндіретін мамандандырылған ірі шаруашылықтар болатын. Тіпті, Целиноград облысының шаруашылықтары өндіретін ет, сүт өнімдері, мыңдаған тонна картоп, қияр және басқа да көкөніс өнімдері Ресейге, оның ішінде Мәскеу қаласын қамтамасыз етуге жөнелтілетін. Ал сол шаруашылықтардың орнын толтырып, жұмысын жандандырып, тәуелсіздігіміздің төл жетістігі – Астана қаласын азық-түлік молшылығының орталығына айналдыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы жылдары шыбық басын сындырмады десе де болғандай.
Астана төңірегінде құрылған азық-түлік белдеуіне кіретін шаруашылықтардың өндірген өнімі бас қаламыздың сұранымын қанағаттандыруға қауқарсыз болып отырғаны бүгінде ақиқатқа айналды. Қала тұрғындары сүт өнімдерінің жетімсіздігін ерекше сезінуде. Сүт өндіретін шаруашылықтар қаладағы қайта өңдеу өнеркәсіптерінің сұранымын мүлде қанағаттандыра алмайды. Сондықтан олардың басым бөлігі шеттен келетін сүт ұнтақтарымен жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Азық-түлік белдеуі аумағында өндірілетін ет шикізаты қаладағы шұжық шығаратын кәсіпорындарға жетпейді. Қаладағы шұжық шығаратын кейбір кәсіпорындар шетелден әкелінетін шикізатпен жұмыс істеп тұр. Ол ол ма, Астана қаласындағы алдыңғы қатарлы мейрамханалар етпен жасалатын тәтті тағамдар үшін Бразилия және Аргентинадан ет өнімдерін алдырады. Бұл орайда асыл тұқымды мал етін өндіру жөніндегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламасы даурықпа сөз, құр қағаз жүзінде қалып келеді.
Астана қаласының көкөніске деген сұранымы еліміздің оңтүстік өңірлерінен және Қытайдан әкелінетін өнімдермен ғана қанағаттандырылып келе жатқаны жасырын емес. Азық-түлік белдеуіне кіретін қала маңындағы шаруашылықтардың өндірген көкөнісі сапасыз әрі мардымсыз. Өсімдік майын шығаратын, жеміс-жидек өсіретін фермерлік шаруашылықтар санын ұлғайту туралы аз айтылып келе жатқан жоқ. Миллиондаған қаржы да бөлінді. Алайда нәтиже көңілдегідей емес. Мыңғырған мал өсіруге арналған Сарыарқада бір қаланың қажетін қанағаттандыра алмай келе жатқан мал шаруашылығы туралы айтудың өзі ұят. Ауыл шаруашылығы министрлігі асыл тұқымды мал өсіреміз, Қазақстанда ет молшылығын жасап қана қоймай, Ресейге жылына 60 мың тонна ет экспорттаймыз деп «жұмақ» орнатқанына да біраз уақыттың өрмегі ауды. Мемлекеттің миллиардтаған қаржысын жұмсап, мұхиттың арғы жағынан асыл тұқымды мал тасылуда. Бірақ олардың біздің өңірге қашан жерсініп, қашан ет молшылығына кенелтетіні әлі күнге күмәнді болып отыр...
Мемлекет басшысы осыдан біраз жылдар бұрын базарларды делдалдардан тазартып, бағаны түсіру үшін және ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің өз өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында коммуналдық базарлар ашу жөнінде тапсырмалар берді. Бұл міндет те межеге жеткен жоқ. Астанада әлі күнге дейін «Шапағат» атты бір ғана коммуналдық базар жұмыс істейді. Оның өзі «монополистік» мәртебесін пұлдап, бағаны арзандатуға құлықты емес. Қалада бүгінде 28 жеке меншік базар жұмыс істеп тұр. Ойлап көріңіз, бір коммуналдық базардың 28 жеке меншік базармен баға үшін бәсекеге түсуі мүмкін бе?
Аты бар да, заты беймәлім «Астана азық-түлік белдеуінің» жұмысын дұрыс жолға қою үшін тағы да Мемлекет басшысының тікелей араласуына тура келді. Астана қаласын одан әрі дамыту мәселесіне арналған маусымдағы кеңесте Елбасы елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету жағдайын сын тезіне алып, нақты міндеттер қойды. Осыған байланысты соңғы кезде Үкіметте және Астана қаласының әкімдігінде «Астана азық-түлік белдеуінің» жұмысын жандандыру мақсатында бірнеше мәжіліс өткізіліп, нақты шешімдер қабылдана бастады.
Қайта пысықталған қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасы шеңберінде жақын жерде орналасқан аудандардан азық-түлік өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту, импорт өнімдерінің көлемін азайту шаралары қазір Астана қаласында жалпы сыйымдылығы 21 мың тоннаны құрайтын 4 көкөніс сақтайтын қойма және сыйымдылығы 2400 тоннаны құрайтын азық-түлік сақтайтын терминал жұмыс істейді. Жақын арада жалпы сыйымдылығы 40 мың тонналық тағы бірнеше қойма салу жоспарланды. Елбасының тапсырмасымен құрылған «Астананың азық-түлік белдеуі» бағдарламасына сәйкес Ақмола облысының 17 ауданының және Қарағанды облысының 4 ауданының бас қаланың төңірегінен 300 шақырым қашықтықта орналасқан шаруашылықтарының шығаратын өнімдері қайта сараптаудан өткізілетін болады.
Осы келелі мәселеге байланысты «Нұр Отан» ХДП Астана филиалында жақында өткен мәжілісте қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов бұл кешенді проблеманы шешу үшін жалпы көлемі 1 миллиард теңге болатын тұрақтандыру қоры құрылатындығын атап көрсетті. Қордың мақсаты – күз айларында арзан бағамен азық-түлік өнімдерін көптеп сатып алып, бағаны тұрақтандыру үшін бұл өнімдерді рет-ретімен босатып отыратын болады. Сонымен бірге қазіргі уақытта «Астананың азық-түлік белдеуі» бағдарламасын жандандыру мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігінде және «ҚазАгро» холдингінде ауылшаруашылық өндірісі көлемін ұлғайтуға байланысты бірнеше инвестициялық жобалар қарастырылуда. Бас қаланың базарлары мен дүкен сөрелерін азық-түлік тауарларының молшылығына айналдыру мақсатында қазір Ақмола және Қарағанды облыстарында 38 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Жоспар ауқымды, болашаққа белгіленген бағдарламадан бас айналады. Бірақ осының бәрі тағы да құр даурықпа мен қағаз жүзінде қалмаса болғаны. Қала тұрғындары үшін қандай бағдарлама қабылданғандығы, қандай заманауи инвестициялық жоба жүзеге асырылатыны мансұқ емес, олар үшін дүкен сөрелерінде сапалы азық-түлік молшылығы болса болғаны.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.