Оған дайындық барысы көңілдегідей
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бас сарапшы-өкілі, саяси ғылымдар докторы, профессор Венера Жексембековамен әңгіме
– Венера Абыханқызы, үстіміздегі жылдың 19 тамызына Мемлекет басшысының Жарлығымен Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы бекітілді. Алдағы сайлаудың ерекшеліктері қандай болмақ?
– Ең алдымен, бұл сайлаудың 3 сәуірде өткен президенттік сайлау мен келесі жылы өткізіліп алдағы бес жылға басты сайлауларды нәтижелейтін Мәжіліс және мәслихат сайлауларының арасында өткелі тұрғанын атап өткен жөн.
Сол себептен осы жолғы сайлауда сайланған жоғары палатаның депутаттары алдағы уақытта көппартиялық негізбен сайланған Мәжіліс депутаттарымен жұмыс жасайтын болады.
Сенат депутаттары сайлауы барысының ерекшеліктері мен өткізілуіне тоқталатын болсақ, сайлау азаматтардың жанама дауыс беру құқығы арқылы жүргізіледі. Яғни, ұсынылған кандидаттарға сайлаушы ретінде тек қана әр өлкенің мәслихат депутаттары дауыс береді.
Бір қарағанда, бұл сайлауға ел тұрғындары ешқандай дауыс бермейтіндей және ықпал ете алмайтындай көрінеді. Бірақ бұл ой тек сырттай қарағанда ғана. Өйткені, Сенат депутатын сайлайтын мәслихат депутаттары кезінде өздерін сайлаған өз өлкелерінің азаматтарының көзқарасын есепке алып, солардың мүдделерін көздеуге міндетті.
– Кандидаттарға қандай талаптар қойылады және олардың реті қандай?
– Сайлау заңына сәйкес Сенат депутатына кандидаттарды мәслихат депутаттары ұсынады, сонымен қатар, азаматтардың өзін-өзі ұсынуына да құқығы бар.
Азамат Парламент Сенаты депутаттығына үміткер болуы үшін ҚР Конституциясы мен «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңында көрсетілген барлық талаптарға сай болуы тиіс.
Бұл – 30 жасқа толған, жоғары білімді, Қазақстанда соңғы 10 жылда тұрақты тұрған, кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі бар, өзінің аймағында, облысында немесе Астана мен Алматы қалаларында соңғы 3 жылда тұрақты тұрып келе жатқан еліміздің әр азаматы өзін-өзі ұсыну құқығымен Парламент Сенатына өз кандидатурасын ұсына алады деген сөз.
Сонымен қоса, өзін-өзі ұсынған кандидат барлық облыстық мәслихат депутаттары мен республикалық маңызы бар қалалар депутаттары жалпы санының 10 пайыздан кем емес қолдауын алуы керек. Сонымен қатар, әр кандидаттың мәслихат депутаттарының жалпы санының 25 пайыздан көп емес қолдауын өз жағына шығаруына құқығы бар.
– Дәл осы уақытқа дейін қанша кандидат ұсынылды?
– 28 маусымға дейінгі ақпарат бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына 83 кандидат ұсынылды. Олардың 80-і – ер адам, ал 3-уі – әйел адам.
41 кандидат – «Нұр Отан» ХДП-дан, ал «Ақ жол» ҚДП, «Ауыл» ҚӘДП, Қазақстанның «Патриоттар партиясынан» және «Руханият» партияларынан бір-бір адамнан ұсынылды. 19 адам өзінің қай партиядан екенін жарияламаған, ал қалған 19-ы ешқандай партиядан еместігін мәлімдеді.
Сөз ретінде айта кетейін, 2005 жылғы Парламент Сенаты депутаттары сайлауына кандидаттардың ұсынылуы алғашқы он күнде 30 адам болса, ал 2008 жылы 27 адам болған.
Ал осы жылғы ұсынылған кандидаттардың 15-ін мәслихат депутаттары ұсынып отыр, қалған 68-і өз-өздерін ұсыну құқығын пайдаланған. Бұлардың ішіндегі 8 кандидат – Парламент Сенатының депутаттары.
– Сіздің ойыңызша, кандидаттардың осындай белсенділік танытуы немен байланысты?
– Ең алдымен, бұл саяси мәдениет пен азаматтардың белсенділігінің жоғарылауымен байланысты деп ойлаймын. Ұсынылған кандидаттардың көпшілігінің өзін-өзі ұсынуы жәйдан-жәй емес қой.
Сонымен қатар, еліміздің заң шығарушы органының жоғары палатасына өз кандидаттарын ұсынуда еліміздегі саяси партиялардың да белсенділігі айтарлықтай дәрежеде жоғары деңгейге көтерілді.
Саяси бірігулердің мүмкіншіліктері дамып, іске асуда. Сондай-ақ сайлау науқанына олардың белсенділікпен қатысуы әрбір кандидатқа, әрбір саяси партияға қайталанбас тәжірибе болатыны айдан анық. Өкінішке қарай, әзірге кандидаттарын ұсынуда барлық саяси партиялар бірдей атсалыса алмай отыр.
Қазіргі таңда алдыңғы қатарда тек «Нұр Отан» ХДП тұр. Және тек осы партия сайлауға жоғары қарқында дайындалуда.
Мұның себептері де жоқ емес. Менің ойымша, олардың ең негізгісі, көптеген партиялар мәслихат депутаттары сайлауы кезінде белгілі нәтиже көрсете алмай, өздерінің кандидаттарын Сенат депутаттары қатарына ұсыну үшін белгілі дәрежеде өздерін қолдайтын база қалыптастыра алмады. Дәл бүгінде ондай қолдауды қалыптастыра алмаса да, әрбір кандидат өздерін-өзі сайлау құқығын алға тарта отырып, жеңіске жетуге мүдделі.
Ал «Нұр Отан» партиясы мәслихат депутаттарының соңғы сайлауларында жақсы нәтижеге жетіп, өздерінің депутаттық корпустарына қолдау көрсететін нақты негізгі базаны қалап алды. Бұл партияға өз кандидаттарын ұсынуды ұйымдасқан түрде жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Әйтсе де, осы жолғы ұсынылған кандидаттардың арасында өз партияларын көрсетпегендері де бар. ҚР Конституциясы оларға осындай құқық береді. Сондықтан, ұсынылған кандидаттар арасында саяси партиялардың өкілдері статистика көрсетіп отырғаннан анағұрлым көбірек деп ойлаймын.
– Ұсынылған кандидаттарды тіркеу қай мерзімде жүргізіледі? Қазір ұсынылғандар ішінен тіркелгендері қанша?
– Кандидаттарды облыстардағы, Алматы және Астана қалаларындағы аумақтық сайлау комиссиялары тіркейді. Және күнтізбелік жоспарға сәйкес, тіркеу 29 шілдеге дейін жалғасады.
Кандидаттарды тіркеу енді ғана басталды. Дәл бүгінге дейін Сенат депутаттығына 7 кандидат тіркелді.
– Сайлау науқанының қазіргі кезеңінде туындаған өзекті мәселелер мен талас туғызатын жәйттер бар ма? Сондай-ақ, әр сайлауда қайталанатын кемшіліктер мен құқық бұзушылықтар көрініс берді ме?
– Сайлау өткізу тәжірибесі әрқашан біздің алдымызға жаңа мәселелер қояды. Қазірдің өзінде сайлау заңнамасымен реттелмеген жағдайлар туындап отыр. Мысалы, Сенат депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидатты мәслихаттардың бірінің тағы ұсынуы.
Біз бұл жағдайда өзін-өзі ұсыну туралы өтінішті кері қайтару қажет деп есептемейміз. Тек үміткер мәслихаттар ұсынған кезде көзделген құжаттарды берсе жеткілікті. Басқа сайлау рәсімдері өзін-өзі ұсынған кандидаттар үшін де, мәслихаттар ұсынған кандидаттар үшін де бірдей.
Сондай-ақ, кандидат тіркелгенге дейін мәслихат депутатының осы үміткерді қолдап қойған қолын кері қайтарып алу процедурасы да заңнамамен реттелмеген. Ал мұндай фактілер қазірдің өзінде бар.
Бұл жағдайда мәслихат депутаты кандидатты қолдап қойған қолын кері қайтарып алу туралы шешімі жөнінде үміткерге, сондай-ақ тиісті сайлау комиссиясына жазбаша хабарлауы тиіс. Орталық сайлау комиссиясы осы жолды ұсынып отыр.
Парламент Сенаты депутаттығына кандидат тіркеуден өткеннен кейін, мәслихат депутатының оны қолдап қойған қолы тек сот арқылы ғана кері қайтарып алынады. Бұл Сайлау туралы заңда айтылған. Әрине, мәслихат депутаттарының өз таңдауын жасауда мұқият болғандары дұрыс.
Жалпы алғанда, сайлау науқаны қалыпты әрі іскерлік жағдайда өтіп жатыр. Сайлау заңнамасын бұзу фактілері туралы аумақтық сайлау комиссияларына сайлау процесіне қатысушылардан келіп түскен арыз-шағымдар жоқ.
– Сайлау науқанының қазіргі кезеңінде аумақтық сайлау комиссиялары мен Орталық сайлау комиссиясының алдында қандай негізгі міндеттер тұр?
– Алдағы кезеңде сайлау органдары алдында тұрған негізгі міндеттер мыналар:
- сайлау заңнамасының орындалуын бақылау;
- сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын іс жүзінде орындау;
- сайлау науқанына тиісті ақпараттық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету.
Ағымдағы жоспарға келетін болсақ, облыстық, Алматы және Астана қалалық сайлау комиссияларының қазіргі басты міндеттері:
• ұсынылған кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңда қойылған талаптарға сәйкестігін тексеру;
• кандидаттарға қол қою парақтарын уақтылы беру;
• қолдап қойылған қолдарды тексеру;
• кандидаттарды, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу.
– Парламент Сенатының болашақ депутатында қандай қасиеттер молынан болуы керек деп ойлайсыз?
– Біздің елімізде Парламенттің құрылымы, сонымен қатар, оның палаталарын қалыптастыру тәртібі жалпыәлемдік тәжірибеге сай. Депутаттық корпустың жоғары кәсіби деңгейі қабылданатын заңдардың сапасын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ еліміздің жоғары заң шығарушы органында өңірлік мүдделердің тиімді білдірілуін де қамтамасыз етеді.
Дегенмен, айта кетейін, Сенат депутаты жұмысының ерекшелігі сонда, ол тек белгілі бір өңірдің атынан өкілдік етіп қана қоймай, бұл мүдделерді жалпы мемлекеттік мүдделермен және міндеттермен үйлестіре білуі тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Самат МҰСА.