• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2011

Сазгер туралы қойылым

633 рет
көрсетілді

Астана қалалық мәдениет басқармасының бас­та­масымен, «Наз» мемлекеттік би» театры­ның ұйым­дастыруымен Елордадағы К.Бай­сейі­това атын­дағы ұлттық опера және балет театрында «Нұрғиса» хореографиялық спек­таклінің тұсауы кесілді. – Қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дәулескер домбырашы, «Отырар сазы» этногра­фия­лық-фоль­клор­лық оркестрінің жетекшісі Нұрғиса Тілендіұлы өзінің 73 жылдық ғұмы­рында қазақ хал­қының музыкалық мұрасын, мәнді де мағыналы шығармаларымен байытқан тұлға. Көзі тірісінде де, өмірден өткеннен кейін де оның талантына бас имегендер кемде-кем. Даңқы асқан композитордың сәби кезеңінен бастап, балалық шақ, му­зыкаға бейімделу барысы, сонау соғыс жылдары мен одан кейінгі ке­зеңдегі музы­кадағы қай­раткерлігін, күйші-ком­пози­тордан Халық қаһа­р­маны атанғанына дейінгі кезеңді қамтыған қойылым «Дүниеге келуі», «Балалық шақ», «Жастық шақ», «Шыңдалу», «Алып тұлға» деген бес бөлім арқылы көрініс тапты. Қойылымның премьерасын тамашалау үшін жиналған қауымның көптігі зал ішіне қойылған қосымша орындықтардан анық байқалды. Қойылым 1925-1927 жылдардағы Алатау бөктерінде орналасқан қазақ ауылының жазғы жайлауға көшкен кезінен басталады. Сахна төрінде – ел тынысы. Елге сыйлы жыр дүлдүлі Жамбыл да осы ортада. Жайлауда ауыл ақсақалдары «Ерулік» тойын жариялап, елшілер арқылы көрші аймақтар тойға шақырылуда. Алатау бөктерінің ақындары, балуандар, көкпаршы шабандоздар, сал-серілер мен әнші-домбырашылар, қолөнер шеберлері, сондай-ақ кестеші қыздардың келгендері жарияланылып, елге таныстыру сәтінде дүниеге ұл келеді. Бұл сәби – Нұрғиса болатын. Осылайша, бұл бөлім балалық шаққа ұласып, бала Нұрғисаның өмірінен толық сыр шертті. Келесі көріністе, асыр салып ойнап жатқан балалар арасына Жамбылдың домбырасын алып, бала күйші Нұрғиса келді. Ол отыра қалып, күй шер­те бастағанда, барша бала өнеріне сүйсіне қарап қасына отыра қалып, ән әуезіне ене түс­кендей әсер қалдырып жатты. Жанынан өтіп бара жатқан Ахмет Жұбанов домбыраның дыбысын естіп, сыртынан ба­қылап, тыңдап тұра қалып, оның бойына біткен дарыны мен табиғи қабілетіне қайран қалып, қолынан жетектеп өзімен бірге алып кетеді. Осы кезде сұрапыл соғыс жайлы ел ішіне суық хабар келіп, әскер қатарына жарамды деген жігіттер, ел ағалары соғысқа аттанып жатқан тұста жас Нұрғиса да өз еркімен со­ғысқа сұ­ра­нуы көркем суреттелген. Жеңіс туы желбіреп, соғыстан аман қайтқан азамат қолына нота жазбаларын алып Мәскеуге аттанады. Ол жақта ұстаздардан тәлім-білім алып, дирижерліктің қыр-сырын үйреніп, шебер күйші-домбырашы, кәсіпқой дирижер ретінде Алма­тыға оралады. Сөйтіп, кемелденген кезінде Нұрғиса бір бойжеткенді кездестіріп, оның бойындағы әйел затына біткен сұлулық пен нәзіктікті байқап, ғашықтық сезімдері көкірегіне жыр қосып, ерекше шабыт берген еді. Бұл кезде халық Нұр­ғисаны нағыз талант иесі ретінде мойындаған болатын. Қойылым Нұрғисаның бастамасымен құрылған «Отырар сазы» этнографиялық-фольклорлық оркес­трінің ашылуымен және сазгер шабытының шырқау шегіне жеткен тұсы мен КСРО халық әртісі атағына ие болған кезеңді де қамтыған екен. Ал оның соңы Халық қаһарманы атағына ие болуымен жалғасты. Хорео­гра­фиялық қойылым композитордың «Сарыжайлау», «Өз елім», «Куә бол», «Ата толғауы», «Құстар әні», «Әлқисса», «Жан сәулем» шығармаларымен ажарлана түсті. Қойылымды композитордың жұбайы Дариға Тіленді келіні тамашалап, өзінің жүрекжарды алғысын білдірді. Жұлдыз БАЙДІЛДА.