Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды елорда күнімен құттықтады
Президент елорда күніне арналған Салтанат сарайындағы салтанатты қабылдауға қатысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы бүгін еліміз көлемінде, Қазақстанның барлық өңірі Қазақстанның елордасы күнін, Астана қаласының мерекесін мерекеліп жатқанын атап өтті.
– Бұл – еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелден келген достармен кездесіп, осы қалаға инвестиция салатын, осы қалада бизнес жасайтын адамдармен қуанышты бөлісетін мереке. Олардың барлығы да бүгін осында. Қала, аудан әкімдігі үлкен іс атқарды. Қалалық мәслихат орасан жұмыстар жүргізді. Бүгін мұнда жұртшылық, дипломатиялық корпустар өкілдері, біздің шетелдік достарымыз, инвесторлар, осы қалаға қаражатын салған, осы қаланы тұрғызуға атсалысқандар жиылған. Елорда күні біздің еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өтуде. 20 жыл – бұл үлкен мерзім емес, дегенмен, біз үшін, түсінетін адамдар үшін, біз бен сіздер үшін – бұл орасан, сан ғасырға тең келетін жылдар. Біз тәуелсіз мемлекет құрдық, ол бізде болмап еді, оның шекарасын бекіттік, қауіпсіздігіне кепілдік алдық, өз Отанымызды күллі әлемге танымал еттік. Біздің туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымында, қалаларда, мен болып өткен барлық жерлерде, біздің делегация болған жерлерде әрдайым алдымыздан асқақтап тұрады, – деді өз сөзінде Елбасы.
Біз біргеміз. Мен, Президент Аппараты, Үкімет, Парламент депутаттары, қалалық мәслихат, қала әкімдігі, барлық мемлекеттік қызметкерлер, біздің бәріміз елордамыздың өркендеуі үшін өте қыруар істер атқардық, деп жалғады сөзін Президент. Баршаңызға көп рахмет, сіздердің барлығыңызға игілік пен денсаулық тілеймін. Бүгінде қаламыз әлемнің көптеген телеарналары көрсетіп жатқандай, өзінің кең даңғылымен, аллеяларымен, заманауи ғимараттарымен ауқымын кеңейте түсуде. Олар танымал бола түсуде. Өйткені, біз бірегей ғимараттарды тұрғыздық. Ақорда, Бейбітшілік және келісім сарайы, Хан Шатыр – осының бәрі зор әсерге бөлейді, көз сүйсінтеді. Біз қала тұрғыздық. Бұған ел ішінде де, сыртта да сенгендер аз болды. Алайда, біз қала салдық. Қазір біз бұдан да орасан міндетті – экономиканың өзге саласын қолға алудамыз. Біз шикізаттық тәуелділіктен кетіп, мүлде жаңа экономиканың негізін қалаймыз, 2020 жылға қарай өз халқымыздың әл-ауқатын екі есеге арттырамыз. Бұл – Тәуелсіздікпен пара-пар, біздің қаламыздың құрылысымен пара-пар ұлы мақсат. Елордада бәрі бар – әлемдік деңгейдегі білім беру орталықтары, әлемдік деңгейдегі денсаулық сақтау орталықтары, әлемдік деңгейдегі спорттық кешендер, үздік мектептер бар, елімізде әлемдегі үздік университеттер салынған. Астана – бұл болашақтың, жастардың қаласы. Біздің балаларымыз, немерелеріміз 20 жылдан кейін осында өмір сүріп, осы қалаға тең келетін әлемде жаңа, бірегей қала жоқ деп санайтын болады. Еуропада және әлемде ұқсас қалалар бар, негізінен олар ескірді, ал біз өз архитектурамызбен бірегей өз қаламызды тұрғыздық. Таңданбасқа шара жоқ.
Осылай деген Мемлекет басшысы биылғы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы жылында бірегей объектілер: Еуропа мен Азияда үздік саналатын тарих мұражайы, ұлттық опера ғимараты, медиа-орталық, оқушылардың шығармашылық сарайы, Қазақстандағы ең үлкен мешіт салынатынын атап көрсетті. Осы объектілердің барлығы біздің елімізді безендіре түседі. Елорда үшін қажетті саналатын өзге де объектілер салынатын болады. Біз Алматы мен Астана арасында сағатына 250-300 шақырымдық жылдамдықты алатын жедел жылдамдықтағы пойызды пайдалануға бермекпіз. Сонда Алматы жақындай түседі. Қалада жеңіл рельсті трамвай, метро салынатын болады. Бәрі керемет емес пе. Біз бірлікті нығайтсақ, оған қол жеткіземіз, деді Елбасы.
Сіздердің барлығыңызды Елорда күнімен құттықтаймын! Астана күллі әлемді сүйсінтуде және жүздеген жылдар бойы сүйсінте бермек, деді сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев. Астана – біздің Тәуелсіздігіміздің тәжі іспетті әсем қала. Астана – Қазақстанның қуатын білдіретін қала. Астана – әлемдік көшбасшылар бас қосатын орын. Бұл үміттер ақталатын, біздің жас қазақстандықтарды бақытқа бөлейтін қала. Бұл – орасан эпопея. Мен жүз инновация туралы айттым, ендеше, Астана – бұл нөмірі бірінші қазақстандық инновация. Одан кейін өзге де инновациялар жүзеге асырылады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызға, барлық қазақстандықтарға, барлық шетелдік достарымызға, бізді бүгінгі Елорда күнімен, сонымен қатар, менің туған күніммен құттықтағандардың баршасына өзімнің шынайы ризашылығымды білдіремін! Менде баршаңызға үлкен алғысымды айтуыма болатын тамаша мүмкіндік бар.
Қалыптасқан дәстүр бойынша Мемлекет басшысы қаланың дамуына айтарлықтай үлес қосқан және үлес қосып келе жатқандарды марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Марапатталғандар арасында белгілі ресейлік бизнесмендер Алишер Усманов пен Василий Анисимов, сондай-ақ қазақстандық кәсіпкер Жанна Бектемірова бар. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминге «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.