• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2011

Қанаты қатайған құс фабрикасы

732 рет
көрсетілді

Осы аптаның дүйсенбісінде өткен «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз» атты форум-көрмеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінгі күннен бастап бұқаралық ақпарат құралдарын бүкіл ел бойынша индустриялық бағдарламаларды көрсетуге ауысуды міндеттеймін. ...Жұртшылық бірінші кезекте тәуелсіз, өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекет елді индустрияландырусыз күшейте алмайтынын түсінулері керек» деп Үкімет пен БАҚ-тарға нақты тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында газетімізде «Индустрияландыру игілігі» атты жаңа айдар ашып, бірінші кезекте өткен жылы іске қосылған инвестициялық 152 жобаның арасында қазірдің өзінде жобалық қуатына жеткен жиырма жобаның мән- маңызын ашып көрсетуді қолға алып отырмыз. Осы айдар бойынша бірінші мақаламыз Ақтөбе облысындағы «Рамазан» ЖШС қайта жарақтандырып, қуатын кеңейткен құс фабрикасы туралы болмақ. Ақтөбе облысының индустрияландыру кар­тасына енгізілген жобалардың ішінде тез де сапалы жүзеге асырылғаны «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты құс фабрикасын қайта жарақтандыру болып табылады. Өткен жылы іске қосылуы тиіс жиырма төрт индустриялық-инновациялық жобалардың алғашқысы болып пайдалануға берілген фабриканың бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде толық қуатында жұмыс істей бастағанын ілкімділіктің нәтижесі деу орынды. Әрине, оған серіктестік өндірісін ұйымдастыру мен жұмысты жүйелі жүргі­зудегі қалыптасқан дәстүр мен оның техно­ло­гиялық қуатының мықтылығы да ықпал еткені сөзсіз. «Рамазан» ЖШС – көп салалы өндіріс орны. Сондықтан да еліміздің үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарлама­сын жүзеге асыру, облыс хал­қының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақса­тында серіктестік базасында дәнді дақылдар кластерлік-өнеркәсіптік кешені құрылған-ды. Серіктестіктің 11 мың гектардан астам егістігінде өсірілген дәнді дақылдар өзде­рінде өңделеді, құсқа жем ретінде пайдала­нылады. Кластерлік-өнеркәсіптік кешен құ­ра­мындағы тәуліктік қуаты 190 тонна астық тартуға мүмкіндік беретін Украина мен Чехия фирмаларының диірмендерінен шығары­латын ұнның арасынан «Бородинский», «Столичный», «Диабетический» және «Президентский» сорттары жұғымдылығымен, денсаулыққа пайдалылығымен, сапалылы­ғымен ерекшеленеді. Кешенде қуаты тәу­лігіне 20 түрлі 10 тонна макарон өнімдерін шығаратын цех, 40-қа жуық нан-бөлке бұйым­дарын өндіретін нан зауыты мен наубайхана, қосалқы цехтар мен дүкендер желісі жұмыс істейді. Мұнда тәтті нандар мен печеньелердің 16 түрі шығарылады. Осы азық-түлік өнімдері ақтөбеліктер ғана емес, көршілес Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыста­ры­ның тұтынушыларының жоғары сұраны­сына ие болып келеді. Ал, Батыс өңіріндегі бірден-бір жоғары технологиялы кұс фаб-рикасы ретінде кәсіпорында өндірілетін жұ­мыртқа бұл өңірлерде қолда-қолға тұрмай­тындай өтімді өнім. «Рамазан» сауда маркісімен сатылатын өнімдер әр түрлі халық­аралық көрмелерде жоғары сапалылығы үшін бірнеше рет алтын медальдарды ол­жалады. Серіктестік соңғы бес жылда ғана негізгі капиталға 1170 миллион теңге инвестиция салды. Сұраныс бар жерде, ұсынысты молайту нарықтың заңы. Осыны ескерген серіктестік­тің құс фабрикасын қайта жарақтанлыруы қайтарымды болды. Кезінде кездескенімізде, «Рамазан» ЖШС-нің бас директоры Орын­басар Мусин бұрынғы фабриканың қуаты облыс халқының тауық жұмыртқасына қа­жеттілігін қамтамасыз ете алмаған соң және өнім өткізудің жаңа мүмкіндіктері көрінген­нен кейін осындай қадамға барғандарын әнгімелеп берген болатын. Қашанда ілгері күндердің көкжиектеріне көз салатын басшының бұл шешімі кәсіпорында көп шаруаларды тындыруға итермеледі. Сөйтіп қаржы дағдарысы шаужайға жармасқан 2008 жылы фабриканы қайта жарақтандыру және техникалық жарақтандыру басталған-ды. Жобаның құны 425 миллион теңгеге түсті. Оның 125 миллион теңгесі құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалды. Мұның тең жартысы серіктестіктің өз қаржысы, қалғаны банкілік несие. Осы жо­баны жүзесе асыру ба­рысындағы жұмыс­тар­ға тартылған құры­лысшы­ларды былай қой­ғанда, осында тұ­рақты 15 жаңа жұмыс орны ашылды. – Жобаға жұмсалған қаржыны өтеудің толық мүмкіндігі бар, кәсіп­орын қысқа мерзімде өзін ақтайды, – дейді өндіріс басшысы. Құс қораларын ке­зең-­кезеңмен қайта жа­рақ­тандыру өндірістің кі­діріссіз жұмыс істеуіне алғышарт жасады. Қайта жарақтандырудың нәти­жесінде сағатына 10 тон­на құрама жем өнді­ретін зауыт, жұмыртқа қоймасы және негізгі топтарды толықтыра­тын балапан өсіретін 160 мың орындық екі құс қорасы, өндірістік топтарға арналған 130 мың орындық екі құс қорасы іске қосылып, өндірістің қуаты арта түсті. Тозығы жеткен қондырғылар осы заманғы озық техноло­гиялық жабдықтармен алмастырылды. Кеңей­ту, жаңа ғимараттар салу нәтижесінде бұрын 40 мың балапан тұратын қораға енді 80 мың балапан орналастырылады, 39 мың тауық кететін қорада 65 мың тауық ұсталады. Өткен жылы тағы бір өндірістік топқа арналған құс қорасы іске қосылды. Бір ғажабы, 80 мың балапанды бағып-күтуші екі-ақ адам. Осы­ған қарап-ақ олардың еңбек өнімділігі қан­шалықты өскендігін өзіңіз пайымдай беріңіз. Тап-таза, жарық қорада құсты азықтан­дыру, саңғырығын тазарту жұмыстары ав­томаттандырылған. Осы заманғы ауа реттегіш­тер орнатылған. Сондықтан да мұнда тауық қораларына тән әдеттегі иістер мүл­дем жоқ. Қораға қойылған қондырғы құстың өсуіне қажетті температураны қалыпты ұстап тұрады. Өндірістік топтар ұсталатын құс қораларындағы жағдай да осыдан артық болмаса кем емес. Сондай-ақ, мұнда жұмыртқаларды сорт­тау цехындағы жұмыс та анағұрлым жеңілдеген. Құс қоралары транспортерлік желіге қосылған. Транспортермен келген жұмыртқаларды жұмысшылар сұрыптайды. Бұрын бұл жұмысты көп адам атқарап келсе, енді олар біраз қысқарған. Қазір барлық құс қораларын осы желіге қосу қадамдары жасалуда. Жұмыртқа сұрыптайтын арнайы қондырғы орнату көзделуде. Сонда бұл жұмыс бұрынғыдан гөрі де жеңілдейді. Қазіргі кезде «Рамазан» ЖШС құс фаб­рикасының жұмыртқалары Қазақстандағы ең арзаны. Кәсіпорындағы тауықтардың өнімді­лігі өзгелерге қарағанды анағұрлым жоғары. Еліміз бойынша бір тауық жылына орташа 280 жұмыртқа берсе, «Рамазанның» тауық­тары 313 жұмыртқа береді. Өнімділік деп осыны айт. Кәсіпорында бұған дейін 300 мың тауық ұсталып келсе, енді оның санын 500 мыңға дейін көбейту жұмыстары баста­лып кетті. Озық технологияның аты – озық технология. Дегенмен, көп нәрсе тауықтарды азық­тандыру рационына да байланысты. Фабрикада тауықтарды соя, рапс, арпа, басқа да құ­рам жемдермен бірге мәрмәр жаңқаларымен қоректендіреді. Кәсіпорын жұмысшылары­ның «біз тауықтарға уылдырықтан басқаның бәрін береміз» деп әзілдейтіні де сондықтан. Бұл тауықтардың өнімділігін артырып, жұмыртқаның сапасын жақсартады. Бастапқыда тауық­тарды Свердлов қала­сы­нан, Башқұрт­стан­нан әкеліп жүрген серіктестік қазір Мәскеу маңындағы «Құс» АҚ- пен келісім-шартқа оты­рыпты. Олар бір күндік тауық балапан­дарын өздерінің ар­нау­лы автокө­лі­гімен жеткізіп беретін кө­рі­неді. Уа­қы­ты келгенде тауық­тар етке өткі­зіліп, төрт-бес ай­лық құс­­тар­мен алмасты­ры­­л­ады екен. Мұ­ның өзі фа­бри­каның жұ­мырт­қа өндіру қуатын анағұрлым арттырды. Сөйтіп, былтырдың өзінде фабрика өзінің жылына 110 миллион дана жұмыртқа өнді­ретін жоба­лық қуатын игеруге қол жеткізді. Осының өзі облыстың тауық жұмыртқасына деген сұранысын өтеп қана қоймай, артылған өнімді Батыс Қа­зақстанның өзге облыс­тарына шығаруға да мүмкіндік беруде. Серіктестік басшылары Кедендік одақ елдерінің рыногына да көз салып қояды. Несі бар, бәсекелестікке қабілетті өнім қай жерде де өтімді. Қазір облыс орталығындағы сау­да орындарында «Рамазан» ЖШС құс фабрикасының он дана жұмыртқасы небәрі 99 теңгеден сатылуда. Бұл жұмыртқалар сауда орындарында бір апта сақталады. Өнім сапасы күн сайын бақыланады. Бұл бағаны тұрақтандыруға ықпал етіп, өнімді көп өткізу арқылы серіктестіктің экономикалық нығаюына да негіз қалауда. Қайта жарақтандырылғаннан кейін жұ­мыс үдерісін жаңаша қалыптастырып үлгер­ген жаңа фобриканың өндірістік қуатын кеңей­тудегі сәтті қадамы, міне, осылайша қазірдің өзінде қайтарым бере бастады. Бұл құс фари­касы еліміздегі сала кәсіпорындары арасында бәсекеге ең қабілетті кәсіпорынға айналып отыр. Себебі, өндіретін өнімінің сапасы жоға­ры, бағасы арзан. Әрі ол экологиялық таза өнім болып табылады. Бұл өнімдерді өндіретін құрал-жабдықтар да қуат шығындарын неғұрлым аз жұмсайды. Фабриканың бәсекеге қабілетті болу сыры да осында. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. ____________________ ЖОБАНЫҢ СИПАТТАМАСЫ Жауапты орындаушы: Ақтөбе облысының әкімі Жобаның атауы: Құс фабрикасының қуатын кеңейту Жобаға тапсырыс беруші: «Рамазан» ЖШС Жобаның құны, млн. теңге: 425 Құрылған жұмыс орындарының саны: 15 Пайдалануға берілген уақыты (ҮИИДЖК-не сәйкес): 2010 жылдың бірінші жартыжылдығы. Жоба тұрақты жұмыс істеуде.