• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
12 Шілде, 2011

Түрмедегі дүрбелең

438 рет
көрсетілді

Кеше Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі коми­тетінің Қарағанды облысы бо­йын­ша департаментінде оқыс оқиға орын алды. Балқаш қала­сында орналасқан АК-159/21 жалпы режімдегі мекемедегі сот­талғандар топтасып, ІІМ ішкі әскерінің күзетшісіне қарулы ша­буыл жасады, деді Қыл­мыстық атқару жүйесі комитеті төраға­сының орынбасары Т.Ахметов. Оның айтуынша, оқиғаны естісімен онда мекеме қыз­меткер­лерінің кезектегі жасағы шұғыл жетеді. Олар соттал­ғандардың заңсыз әрекетінің жолын кесу кезінде екі арада атыс бастала­ды. Сотталған­дар­дың қолына аң­шы мылты­ғы­ның қайдан түс­кені белгісіз, әлгі жерде қыл­мыстық-атқару жүйесінің төрт бірдей қызмет­кері және ішкі әскердің бақы­лаушы қарауылы жараланады. Оған қоса тағы да екі қызметкер пышақ жарақатын алады. Сөйтіп сотталғандардың заңсыз әреке­ті­нің салдарынан бүлік шығып, бірнеше адам табан астында қансырап қалады. Абырой болғанда, сотталған­дардың негізгі шектеу арқылы топтасып қашу әрекеті келіп жеткен қылмыстық атқару жүйесі мен ішкі әскердің ішкі әскери бөлімі қызметкерлерінің күші­мен тоқтатылады. Жоғарыдағы атал­ған мекеменің кезекші жаса­ғына көрсетілген қарулы қарсы­лық­тан кейін 16 адамнан құрыл­ған қыл­мыстық топ жылыстап мекеменің өндірістік аймағына жасыры­нады. Бұл  сотталғандар тонау, ұрлық, кісі өлтіру, зорлау секілді ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін 11 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылған­дар болатын. Сондықтан олар­дың өте қауіпті сотталғандар са­натындағы қыл­мыс­керлер екендігі белгілі еді. Міне, осыған орай оқиға орны­на ҚАЖ комитеті төрағасы, ІІМ ішкі әскер комитеті төраға­сының орынбасары, құқық қорғау және қадағалау органдарының өкіл­дері де жетті. Сөйтіп қыл­мыс­керлерді ұс­тау шарасы бас­талады. Арнайы операция бары­сында әуелі тігін цехының ішінен өздерінің қауіп­сіздігі мақсатында жасырынған екін­ші ауысымда жұ­мыс істеген 8 сотталған боса­тылады. Ал өндірістік аймақ ғима­раты­ның біріне арнайы бөлім­шелер қызметкерлері жақын­даған кезде қастандық ойлаған сотталғандар алдын ала болжам бойынша оттегі тол­ты­рылған баллон тәріздес затпен қасақана жарылыс ұйым­дас­­тырады. Енді үйінділер асты­нан қылмыстық топ мүшелері іздестірілуде, де­­ді ҚАЖК төр­ағасының орын­­басары Т.Ахметов. Алайда, дер кезінде көрсе­тілген медициналық жәрдемге қарамастан мекеменің бақылау қызметінің сержанты 1988 жы­лы туған Жансерік Қашым­беков жарақаттану салдарынан қайтыс болды. Қазіргі уақытта мекемедегі жағдай орнықты, қызметтік тексеріс жүргізілуде. Александр ТАСБОЛАТОВ.