• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2011

Заң талабы бәріне ортақ

543 рет
көрсетілді

Жақында Шығыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары Мұратқали Құл-Мұхаммед ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте қылмыстық атқару органдарының түзеу мекемелері мен тергеу изоляторларына қамалған және сотталған адамдардың ұсталу жағдайларын қамтамасыз ету заңдылықтарына жүргізілген тексерудің қорытындысын таныстырды. 1998 жылы Қазақстан «Азап­тауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы» конвенцияға қосылып, оның талаптарын орындауды міндетіне алғаны белгілі. Осыған орай, биылғы жылдың 18 қаңтарында Бас прокуратураның ұсынысымен ҚР Парламенті Мәжілісі «Қылмыстық процесс барысында заңның кепілдігін күшейту мен қылмыстық заңды әрі қарай жеңілдету жайлы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылдаған еді. ҚК 141-І бабында «қинау», яғни – тергеушінің, анықтауды жүргізуші, өзге лауазымды адамның қиналушыдан немесе үшінші адамнан мәліметтер алу немесе мойындату, ол жасаған немесе жасады деп күдік келтірілген іс-әрекеттер үшін жазалау, кез келген сипаттағы кемсітуге негізделген себеп бойынша қорқыту, мәжбүр ету мақсатымен қасақана тән азабын және психикалық зардап шектіруі деп сараланады. Міне, осы нұсқауды басшылыққа ала отырып, облыс прокуратурасы аумақтың құқық қорғау органдарымен және облыстың мемлекеттік емес ұйымдарымен бірлесіп «қамауға алынған, сотталған адамдар ұсталып отырған мекемелер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің тарапынан қинауға байланысты қылмыстың алдын алу туралы» іс-шара жоспарын бекітіп, оны жүзеге асыруда. Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Қабдолла Төлегенов оны орындауды қатаң бақылауға алған. Үстіміздегі жылдың төрт айында прокуратура органдарына қылмыстық қудалау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне орай жеті шағым түсіпті. Оның алтауы ШҚО ІІД-інің қауіпсіздік қызметі басқармасына жолданды. Алдын ала тексерудің қорытындысына сәйкес, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шыққан. Бұл шешіммен облыстық прокуратура келісті. Ал бір шағымды прокуратура мамандары өздері тексере келе оның да негізсіз екенін дәлелдеді. Облыс прокурорының аға көмекшісі Виктор Подрезовтің айтуынша, прокуратура қызметкерлері жүргізген тексеру амалдары кезінде жыл басынан бергі уақыт ішінде заңсыз ұсталған 17 адам босатылыпты. Қазір облыста 20 уақытша ұстау изоляторы, 12 түзеу мекемесі мен екі тергеу изоляторы жұмыс істеп тұр. Алайда, қамауға алынғандарды ұстау ережелері сақталмайды. Ғимараттардың көбі осыдан 40-60 жыл бұрын салынған. Кейбірінде су құбыры, кәріз, желдеткіш мүлдем жоқ. Өскемен, Семей қалаларындағы уақытша ұстау изоляторлары қыста суық болса, ал жаз мезгілінде ысып кетеді, желдеткіш атымен жоқ. Күршім, Глубокое, Тарбағатай, Абай, Үржар аудандарының уақытша ұстау изоляторларында да осындай кемшіліктер анықталып отыр. Брифингті қорытындылаған облыс прокурорының бірінші орынбасары Мұратқали Құл-Мұхаммед қамаудағылардың жайы қараусыз қала бермей, оларға тиісті жағдайлардың жасалуы қажеттігіне тоқтала кетті. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.