• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2011

Зиялылық

590 рет
көрсетілді

Рухани дәстүрге бай ортада тәрбие алған Меруерт Қуатқызы тарих ғылымы атты ұшы-қиырсыз теңіздің тылсым сырларын меңгеруге жүрексінбей, жас кезінен құлаш ұрды. Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасы мен докторантурасында шығыс қолжазбаларына негізделген зерттеу жұмыс­тарын жүргізетін маман ретінде тыңғылықты дайындықтан өтті. Бұл әрине, бірнеше шетел тілін білуді қажет етеді. Сөйтіп, ол ағылшын тіліне қоса, парсы және түрік тілдерін меңгеріп алды. Нева жағалауынан оралғаннан бергі оның ендігі қам-қарекеті республикада қаз тұрып келе жатқан шығыстану ғылымы бағытымен біте қайнасып кетті. Ол осы саланың ыстық-суығын, мұң-мұқтажын бірге көтерісіп, өсіп-өркендеуіне ықпал етуде. Меруерт Қуатқызының тұңғыш ғылыми туындысы 1975 жылы баспа бетін көріпті. Содан бергі уақытта оның 200-ден астам ғылыми еңбектері, олардың ішінде 6 монографиясы және 2 оқулығы жарық көріпті. Бұлардың басым көпшілігі Қазақстанның шығыс елдерімен саяси, дипломатиялық, эконо­микалық және мәдени байланыстарын зерттеуге арналған. «XVI ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ хандығы» (1985), «Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме» (1992), «ХV-XVIII ғасырлардағы Қазақ­стан мен Орталық Азия: тарих, саясат, дипломатия» (1998), «Қазақстан мен Ор­талық Азияның тарихы және мә­дениеті бойынша жазба ескерткіштер» (2001), «Алматы қаласының тарихы және мәдениеті бойынша жазба ескерткіштер» (2008), «Қазақстан тарихы шы­ғыс миниатюраларында» (2010) деген және басқа да монографиялары отандық шығыстану ғылымына қо­сылған сүбелі үлес ретінде бағаланды. Оларда Қазақстанның көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық және мәдени байланыстары, тарихымыздың бұрын беймағлұм тұстары соны қыр­ла­ры­нан көрініп, жаңа тұжырымдар жасалды. Тарих ғылымы – нақтылы ғылым. Дереккөздерге сүйенбей «сөйлей» ал­майды. Тарихи шындыққа қол жеткізуде, әсіресе бұрыннан белгісіз, ұмыт қалған, не болмаса үстірт қарасты­рылған, идеология талаптарына орай бұрмалауға ұшыраған дереккөздерін ғылыми айналымға қосудың маңызын айтып жатудың қажеті болмас. Меруерт Қуатқызының бұл қағидатты, яғни дереккөздерінің – тарих ғылымының ірге­тасы екендігін санасына терең сіңірген ғалымдар санатынан екендігі Хасан-бек Румлудың «Ахсан ат-таварих», Хафиз Таныштыұ «Шараф-наме-йи-шахи», Мухаммадиар ибн Араб қатағанның «Мусаххир ал-билад», Искандер Муұшидің «Тарих-и аламара-йи Аббаси» Қадырғали Жалаиридің, Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Махмұд аз-Замахшаридің, тағы басқа шығыс ғұла­маларының еңбектеріне арналған зерттеулерінен айқын көрінеді. Оның «Түркі және парсы деректемелері», «ХV-XVII ғасырлардағы Қазақстан тарихы мен мәдениеті бойынша парсы дереккөз­дері», «Қазақстан тарихы бойын­ша шетелдік мұрағат қорларының құжат­тары», «ХVІІІ – XІХ ғасыр­лар­дағы қа­зақ – қытай қарым-қатынастары тарихы бойынша мұрағаттық дерек­көздері», «Еуразия тарихы мен мәдениеті бойынша жаңа мұрағаттық құжаттар», «Қазақ хал­қының тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік қолжазбалар қоры», т.б. еңбектері отандық тарих ғылымының дамуына әсер етіп, оның деректемелік негіздері көкжиегін кеңейтті. Меруерт Қуатқызы Қазақстан тари­хының сан рет қайталанып, жауыр болған тақырыптарына емес, түйіні табылмай келе жатқан, академиялық орталықтың өзіне де біршама салмақ түсіретін күрделі проблемаларға барып, тың тұжырымдарға қол жеткізіп келеді. Көшпелі қоғам және қазақ мемлекеттілігі, олардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуының жалпы заңдылықтары мен ерекшеліктері секілді әлемдік әдебиетте талас тудырып жүрген мәселелерді қарас­тыра отырып, өзінің ой-түйіндеріне шы­ғыс авторларының еңбектерінен дәйектер іздестіреді. Ғалымның бұл бағыттағы және басқа да ізденістері Қазақстанның біртұтас этно­мәдени кеңістік болып табылатын Орталық Азияның құрамдас бөлігі екендігі туралы теориялық-методологиялық ұс­танымы төңірегінде шоғырланған. Оған ғалымның Қазақ хандығының ХVІ-XVII ғасырлардағы тарихи-мәдени байла­ныс­тары, көрші мемлекеттермен қарым-қатынастары, көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара ықпалы, түркі халықтарының мәдени мұрасы, ХVІІІ-XІХ ғасырлардағы Еуразия халық­тарының тарихи-мәдени байланыстары, қазақ хандарының дипломатиялық жаз­балары, Орталық Азиядағы ислам өр­кениеті, Дешті Қыпшақ пен Иранның тарихи-мәдени өзара байланыстары, Иран мен Орталық Азиядағы сопылық, қазақ хандарының қытай императорларына жолдаулары, Орталық Азия тарихы мен мәдениетінің біртұтастығы, Орталық Азия мен Үндістандағы дәстүрлер және қазіргі заманғы құндылықтар үндестігі, т.б. мәселелерге арналған еңбектері дәлел бола алады. 1998 жылы Меруерт Қуатқызы          Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану инс­титутының директоры болып тағайын­далған уақыттан бері «Қазақстанның Шығыс елдерімен тарихи-мәдени және саяси-экономикалық өзара байланыс­та­ры» (2000-2002 ж.ж.), «Қазақстанның Шы­ғыс елдерімен тарихи-мәдени және саяси-экономикалық байланыстарындағы орны мен рөлі» (2003-2005 ж.ж.), «Қазақстан Орталық Азия және Шығыс елдерімен интеграциялық процестерде: тарихы және қазіргі кезең» (2006-2008 ж.ж.), «Қазақстан шығыс және батыс өркениеттерінің өзара ықпалдасуы жүйесінде» (2009-2011 ж.ж.) және т.б. институт ұжымы жүргізген іргелі зерттеулер бағдарла­масына жетекшілік жасады. «Жібек жолы тарихи орталықтарын қалпына келтіру, түркі мемлекеттері мәдениетінің сабақ­таса дамуы» ғылыми жобасына, ЮНЕСКО-ның әлеуметтік және қоғамдық ғылымдар секторымен бірлесе отырып, оның осы ғылымдар бойынша Орталық Азиядағы ұлттық және өңірлік стра­тегия­сын анықтау жұмыстарына араласты. Меруерт Қуатқызы халықаралық қауым­дастық тарапынан танылған «Қа­зақ­станның шығыстанулық зерттеулері» топтамасын ұйымдастырып, негізін қалады. Бұл серия бойынша қазірдің өзінде 30-дан астам еңбек жарық көрді, оның кейбірі парсы және түрік тілдеріне аударылды. «Орталық Азия өнері» (2006-2007), «Орталық Азия тарихы» (2006-2007 ж.ж.), «Цин әулеті кезіндегі қазақ-қытай қарым-қатынастары бойынша мұрағаттық құжаттар жинағы» (2006 – 2010 ж.ж.) секілді халықаралық ғылыми жобаларға жетекшілігі де ғалым мерейін көтере түседі. Диссертациялық кеңестің төрайымы ретінде (2003-2010 ж.ж.) Меруерт Әбу­сейітова елімізде шығыстану саласы бойынша маман кадрлардың дайында­луын қамтамасыз етті. Оның тікелей жетекшілігімен 17 адам кандидаттық, 7 адам докторлық (олардың ішінде Америка Құрама Штаттары, Жапония мен Фран­ция­дан да бар) диссертация қорғады. Меруерт Қуатқызы қазақ, орыс, ағыл­шын, француз, неміс тілдерінде шы­ғатын «Шығыс» халықаралық жур­налы­ның бас редакторы, сондай-ақ бірқатар отандық және шетелдік ғылыми журнал­дардың редакция­лық алқасының мүшесі болып табылады. М.Әбусейітова – ғалымдығымен қоса, талантты ұйымдастырушы. Оның басшы­лығымен Р.Сүлейменов атындағы Шы­ғыс­тану институты әлемдік деңгейде танымал, беделді ғылыми мекемеге айналды. Ұжымның ғылыми-зерттеу міндеттері мен бағыттары Меруерт Қуат­қызының ұйымдастырушылық, интеллек­туалдық қарым-қабілеті арқасында қа­лыптасып, жүзеге асырылып келеді. Олар: - Қазақстан, Орталық Азия мен Шы­ғыс елдері тарихы, діні және мәдениетіне қатысты мұрағаттық, жазба және ауызша материалдарды іздестіріп, ғылыми айналымға қосу; - Қазақстан тарихы, мәдениеті бойын­ша шығыстық және батыс еуро­палық жазба ескерткіштер мен артефактарды зерттеу; - Көне дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі мерзімде Орталық Азиямен Шығыс ел­дерінің саяси, этностық және мәдени жүйелерінің өзара ықпалдасуын зерттеу; - Орталық Азия мен Шығыс елдері арасындағы интеграциялық процестердегі Қазақстанның рөлі; - Шығыс елдерінің әлеуметтік-эко­номикалық және саяси дамуының заманауи проблемалары; - Қазақстан Республикасының Азия-Тынық мұхит өңірі, Таяу және Орта Шығыс, Орталық және Оңтүстік Азия елдерімен серіктестік орнатуының басым ба­ғыттары жөніндегі мәселелерді зерделеу; - Қауіпсіздік және мәдениаралық түсіністік жөніндегі Азиядағы халық­аралық ұйымдар қызметінің концеп­туалдық негіздері бойынша теориялық және ғылыми-практикалық зерттеулер жүргізу; - Мұсылман әлемі – Батыс диалогын нығайту туралы қазақстандық бастамалар контекстінде Қазақстан мен Батыс Еуро­падағы діни және конфессияаралық процестерге салыстырмалы талдау жасау; - Ислам конференциясы ұйымына енетін елдермен Қазақстанның қарым-қатынастарының бүгінгі жағдайы және болашағы; - Шығыс-Батыс диалогын нығайту ісіндегі әлемдік қауымдастықтағы заманауи діни процестердің рөлін анықтау; - Әлемдік қауымдастық елдеріндегі этностық саясаттың теориялық-методо­логиялық және практикалық қырларын кешенді және жүйелі зерттеуге алу; - Еуразиядағы миграциялық процестерге жүйелі зерттеу жүргізу, т.б. М.Әбусейітова 2002 жылдың қыр­күйек айында институт жанынан ұйымдастырылған ЮНЕСКО-ның «Ғы­лым және руханилық» кафедрасының меңгерушісі ретінде де қыруар іс бітірді. Кафедраның қызметі Шығыстану инсти­тутының ғылыми бағыттарымен үндес, сабақтас келеді. Оның алдында тұрған басты міндет түрлі мәдениеттер мен өркениеттер, дінаралық, рухани және ғылыми ықпалдастық мәселелерін зерттеу­ге бағытталған. Соңғы 10 жыл шамасында институт ұжымы 72 монография, 15 оқулық, 5 мұрағаттық құжаттар жинағын, 20 конференция материалдарын, жүздеген мақа­лалар жариялады; оның қайсысында бол­сын, Меруерт Қуатқызының ақыл-кеңесі, қолтаңбасы бар. Ол «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда да ұйым­дастырушылық қабілетін, қажыр-қай­ратын аямады. Оның жетекшілігімен 2 рет Ресей Федерациясына, 5 рет Қытай Халық Республикасына, Моңғолияға, Қырғыз еліне, Түркияға, Арменияға, Венгрияға, Швейцарияға археографиялық экспеди­ция­лар ұйымдастырылды. Осы және басқа да жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан тарихы туралы бес томдық түркі деректемелері, үш томдық моңғол деректемелері, бес томдық қытай деректемелері, үш томдық араб деректемелері, бес томдық парсы деректемелері даяр­ланып, оқырманға жол тартты. Қазіргі уақытта «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасын тауып, жаңа басылымдар даярлануда. М.Әбусейітова жетекшілік ететін бұл бағдарламаның «Шығыстану» секциясы бірнеше халықаралық ұйымдарды, ғылы­ми орталықтарды, университеттерді, мұрағаттарды, кітапханаларды, көрнекті ғалымдар-сарапшыларды қамтитын кең көлемді байланыстар жүйесін құрды. Шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарымен халықаралық ынтымақтастық қазақстан­дық шығыстану ғылымы туралы мәлі­меттердің электрондық базасын қалып­тастыруға мол мүмкіндік береді. М.Әбусейітова Парижде, Пекинде, Принстонда, Ослода, Делиде, Джиддада, Лондонда, Венецияда, Куала-Лумпурда, Шанхайда өткен форумдарға қатысып, орыс және ағылшын тілдерінде «Орталық Азиядағы мәдениетаралық және дін­аралық түсіністіктегі білімнің рөлі», «ХVІІІ-XІХ ғасырлардағы қазақ-қытай қарым-қатынастары тарихы бойынша мұрағаттық құжаттар», «Ауызша тарихи дәстүр Орталық Азия түркі көшпе­лілерінің әлеуметтік бірегейлігін сақ­тау шарасы ретінде», «Діни ұйымдар мен діни экстремизм жөніндегі Қа­зақстан саясаты», «Қазақстан мен Үндістан Жібек жолы бойында», «Мұ­сылман әлемі және Батыс», «Еура­зиядағы дінаралық және мәдение­таралық диалог», «Қазақтардың тари­хи-мәдени мұрасы», «Қазақстан мен Орталық Азияның тарихы және мәде­ниеті бо­йынша мұсылман қолжаз­баларын жинас­тыру және сақтау» атты баяндамалар жасады. Сондай-ақ оған 2011 жылы 12 мамырда Шанхай Ын­тымақтастық Ұйымының 10 жыл­дығына арналған конференцияда Қа­зақстан Республикасы атынан баяндама жасау сенімі артылды, оны да Меруерт Қуатқызы абыройлы атқарды. М.Әбусейітова Шығыстану инсти­ту­ның директоры ретінде, Оксфордтық Ислам зерттеу орталығымен, Кембридж университетінің Орталық Азия форумымен (Ұлыбритания), Қытай Халық Республикасының Бірінші тарихи мұрағатымен (ҚХР), Лувэн Католик университетімен (Бельгия), Берн университетімен, Берн тарихи мұража­йымен (Швейцария), Әлеуметтік тарих және діндерді зерттеу институтымен (Италия), РҒА Шығыстану институ­тымен, РҒА Шығыс қолжазбалары институтымен (РФ), Месроп Маштоц атындағы Матенадаран көне қолжаз­балар институтымен (Армения) және т.б. ғылыми орталықтармен шығар­машылық байланыстар орнатып, олар­дың ғылыми бағдарламаларын жүзеге асыруға байланысты жұмыстарына атсалысуда. Ол – ЮНЕСКО-ның Көшпелілер өркениеті халықаралық институтының басқарма мүшесі, Орталық Азияны зерттеу жөніндегі Еуропалық Ассоциа­ция­ның (ESCAS) мүшесі, Орталық Азия бойынша Бақылау кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Сырт­қы саясат бойынша коорди­нациялық кеңесінің мүшесі, Гераль­дикалық және генеалогиялық зерт­теулердің халықаралық азиялық қоры­ның, Қазақстан геральдикалық қоры­ның толық мүшесі, бірнеше халық­аралық гранттардың иегері. Меруерт Қуатқызы – әлеуметтік және гуманитарлық ғылым саласын­дағы әлемдік деңгейге көтерілген саусақпен санарлық ғалымдарымыз­дың бірі. Оның еңбектері орыс, ағылшын, корей тілдерінде ТМД елдерінде, Америка Құрама Штат­тарында, Австрияда, Бельгияда, Ита­лияда, Иран­да, Қытайда, Кореяда, Үндістан­да, Ұлыбританияда, Сауд Арабия­сында, т.б. елдерде жарық көрді. М.Әбусейітованың зерттеулері түр­лі өркениеттер мен дінаралық түсініс­тіктерді орнықтыруға, елімізде тұрақ­тылықты сақтауға бағытталған Қазақ­стан Республикасының саясатын тарихи тұрғыдан негіздеуге, жалпы алғанда еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге қалтқысыз қызмет істеп келеді. Ғалымның миссиясы, арман асуы да осында болса керек. Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, профессор.