• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2011

Жағажайдың жоқтығы-ай...

509 рет
көрсетілді

Әлем картасына қарасаңыз, үлкенді-кішілі қалалардың өзен немесе теңіздің жағасында са­лын­ғанына көзіңіз жетеді. Сусыз тіршілік жоқ. Өзгесін былай қой­ғанда, жаздың күйіп тұрған апта­бын­да суға шомылсаңыз, жаның ра­хаттанып, тәніңіз сергіп қалады. Өкінішке қарай, Екібастұздың іргетасы қаланғанда, қалаға канал ар­қылы су жіберу қолға алынға­ны­мен, жаз маусымында тұрғындар демалатын жағажай салу мәселесі ескерілмеген. Тұрғындар соның зар­­дабын 54 жыл бойы тартып келеді. Жаздың ыстық күндерінде салқындағысы келгендер өз бетінше әрекет жасап, Ертіс-Қарағанды каналына шомылуды әдетке ай­нал­дырды. Қ.И.Сәтбаевтың жоб­а­сы­мен Ертістің суын Екібастұз ар­қылы Қарағандыға бұруда халық­ты ауызсумен қамтамасыз ету көздел­ген болатын. Қалаға ауыз су канал ар­қылы жеткізілетіндіктен су­ды лай­­ламай, таза ұстау бәрі­міз­дің мін­детімізге кіреді. Бір жыл­дары тұр­ғындардың жағдайына түсіністік туын­дап, қаланың шетінен жаға­жай ашылғанын бәріміз ұмыта қой­ғанымыз жоқ. Сол уа­қытта каналға шомылушылардың да саны күрт азайғаны белгілі. Алайда бұл жаға­жай­дың «ғұмы­ры» ұзаққа бармады. Енді суға шомылғысы келетіндерге бір-ақ жол қалды, ол – Сол­нечный кентіндегі жағажайға бару. Қаладан 45 шақырым жерде ор­наласқан жағажайға баруды әр­кім­нің қалтасы көтере бермесі анық. Баянауылдағы Жасыбайға, Солнеч­ный­дағы жағажайға қолы жетпегендер тағы да канал суынан ай­нал­шықтап шықпайтын болды. Негізі, канал суына шомылу қала тұрғындарына қастандық жа­са­ғанмен бірдей. Тұрғындарға осы мәселені түсіндіру мақса­тын­да канал бойына шықтық. Ка­нал­дың бергі шетіне тоқтаға­ны­мыз­да, шетелдік машинамен келген екі ер адам және екі әйел енді ға­на суға түскелі жатыр екен. Бізді көрген әйелдер беттерін жауып, теріс қарады. Машинаның жа­нын­да тұрған жігіттердің бірі бізбен сөйлесуге ыңғай білдірді. – Қала халқы осы каналдан су ішіп отыр. Суда шомылуға бол­май­тынын білмейсіздер ме? – деген сауа­лымызға ол сабырлы жүзбен: – Канал суына шомылуға бол­майтынын жақсы білеміз. Бірақ еш жерде «Суға түсуге болмай­ды» деген белгі орнатылмаған, – деп жауап берді. – Сіз білесіз бе, каналдың ұзын­дығы ондаған километрге жетеді. Каналдың ұзындығымен белгі қою мүмкін емес қой. – Өзіңіз ойлаңызшы, қазір ми айналдырардай ыстық. Суға түс­кі­міз келеді. Қайда барамыз?! Тек Солнечныйдағы жағажайды атай көрмеңіз. Ол алыс, – деді шарасыз күйде. Біз әлгі жігітпен сөйлесіп тұр­ғанымызда, каналдың екінші бетіне тағы бір машина тоқтады. Бұлар да судың жағасына демалуға келген отбасылар екен. Әскери киімде тұр­ған адамдарды көргеннен кейін бе, суда киетін киімдерімен әрі-бері жүрді де, шамалыдан соң машина­ларына отырып, кетіп қалды. Каналдың бойымен жүріп келе жатқанымызда, судың жағасында ма­ши­насын жуып тұрған ерлі-за­йып­тыларды көрдік. Бізді көр­ген олар аяғына дейін жумастан, ма­ши­наларына от алдырып, қалаға қарай жүріп кетті. Тұрғындардың әрекетіне қа­рап, біз олардың ауызсуды каналдан алып отырғанымызды, суды лас­тау­ға болмайтынын жақсы білетінін, лажсыз осындай қадамға баратынын түсіндік. Каналдың бо­йында кездескен бірде-бір адам сөз жарыстырып, қарсы шықпады. – Биылғы жылы осы каналда екі адам суға батып кетті. Канал суы­­ның беті жылы болғанымен, түбі те­рең әрі суы мұздай. Оған қо­са судың түбінде темір істіктер, ба­ғандар жа­тыр. Биіктен секіргенде, адамның басы темірге соғылуы мүм­кін. Суға алкогольді ішімдік ішіп, түсуге тіпті болмайды. Суық суда аяқ-қолдары тартылып қалуы ықтимал. Суға батып кеткендердің 80 пайызы арақ ішіп, салқын­да­ғы­сы келгендер, – дейді Амангелді Жетібайұлы. Бүгінде канал жағалауы қоқыс үйіндісіне айналған. Бей-берекет ш­а­шылған шөлмектерді, темекі қал­дық­тарын, сынған шынылар­ды кө­ріп ішіміз удай ашыды. Бұ­дан әрі Солнечныйдағы «Шаңдақ­сор» жаға­- жайына атбасын бұр­дық. Жаға­жай­дың салтанатты ашы­луы 25 мау­сымда өтіпті. Бірден көзге шалын­ғаны – жағалаудың тазалы­ғы. Көл­денең жатқан көк шөпті көр­мейсіз. Бізді қарсы алған «Эм­б­лин» ЖШС директорының орын­ба­сары Т.Қы­рықбаев штатта бекітілген 4 адам­ның жағажайда күніне екі рет таза­лық жүргізетінін айтты. Екі құт­қару қайығы жұмыс істейді. Жаға­жай­да электр сымы тартыл­ған. Мұн­да бейсауат машиналар кір­мес үшін жан-жағына жыра қа­зыл­ған. «Бізде дема­лу­шыларға барлық жағдай жасал­ған», – дейді Тарғын Бірлікұлы. Шынында да жағажайда дем­алу­шыларға қолайлы жағдай ту­ғы­зыл­ға­ны көрініп тұр. Демалушылар ка­нал­­ға түсіп жүргендерге қара­ған­да ер­кін. Оларда «Қазір бізге біреулер келіп, ескерту жасайды» дейтіндей үрей жоқ. Бала-шағалары­мен шүйір­ке­лесіп, демалып отыр. Қалдық­тар­ды жағалаудағы қоқыс жәшігіне тастайды. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, мәселеге сырт көзбен қарасақ, екі­бастұздықтарды канал суына тү­сіп жатыр деп кінәлай беру де дұ­рыс емес секілді. Олардың да мүд­десін ескеріп, қала шетінде жа­ға­ж­ай салса, канал суын таза ұстау­да өткір тұрған мәселе шешімін табар еді. Дария ЕРҒАЗИНА. Екібастұз.