• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2011

Көкөніс бағасы едәуір арзан болады

318 рет
көрсетілді

Жаһандық дағдарыс еңсеріл­гендіктен оның әсерін сейілтуге бел буған халық та қа­жырлы іс-қимыл танытып, әр күнге еселі еңбектерін арнауда. Көктемнен басталған қарбалас­ осыған дәлел. Десек те, әуелі оның лебі кә­сіп­керлерге тиді. Осы тұста кәсіп­орын мен шаруа­шылық­тар­дың ілгерілеген кәсіп­терін да­мы­туға мемлекет дер сә­тінде қолдау көр­сеткенінен жұ­мыс жүйесі бұ­зыл­мады. Шілденің шіліңгір аптабына қа­рамастан диқандар көңілі көте­ріңкі. Оның себебі бар. «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағдарла­масы мен «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай ту­ғызылғанынан жұмыстың та­мы­рына қан жүгіріп, ерекше ын­та туды. Шаруалар алған несие­нің бір бөлігін мемлекет өтей­тін­діктен қазіргі ахуалдары қанағат­танарлық. Осындай кө­мек­ке ке­нелгендердің қатарында «Қанат» шаруа қожалығы бар. Жалпы, тұтынушы сұраны­сын зерттеу арқылы табысқа же­тудің  маңыздылығын жергілікті жердегілер жақсы біледі. Содан болар жер-анаға деген пейілдері мен көңілдері жақсы. Мәселен, көкөніс өсіруді кәсіп еткен «Қа­нат» шаруа қожалығы 2001 жылы құрылған. Содан бергі кезеңде олар гектар берекелілігін артты­руға ерекше назар аударыпты. Өткен жылы аталған бағдар­ла­ма­ның басталғанын естіп, құжат­тарын жинастырып, тиісті орын­д­арға тапсырған. Нәтижесінде бағдарламаның бірінші бағытына сәйкес деп танылған қожалық екінші дәрежелі банктен қомақты несие алады. Жаңа жоспар құры­лып, ұжым болып, бірнеше жы­лыжай, 44 гектар жерге көкөніс егеді. Сондай-ақ, тіршілік көзі саналған су шығару үшін 130 метр тереңдіктен ұңғыма қазған. Енді мөлдір су атқылап, арықты бойлап, сылдырай ағып жатыр. Алмақтың да салмағы бар демекші, шаруа басшысы енді несиені қалай өтеймін деп бас қатырмайды. Несиенің жартысын мемлекет өтеп келеді. Кәсіпкер мұндай көмектің ауыл шаруа­шы­лығы үшін үлкен қолдау екендігін мақтанышпен айтады. – Банктен 14 пайызбен несие алдым. Оның 7 пайызын мемлекет төлеп отыр. Демек, көкөніс бағасы едәуір арзан болады, дейді «Қанат» шаруа қожалығының басшысы Әнуарбек Сарғалдақов. Көкөніс өсірудің өзіндік қи­ын­дығы мен машақаты бар. Са­бағы нәзік өскінді балаша мәпе­лемесе болмайды. Жеміс-жидек алқабын күтіп-баптауға жергілікті тұрғындар тартылған. Тыным­сыз тірліктің арқасында шаруа қожалығы өткен жылы 200 тоннадан астам көкөніс өсіріп, өн­імді Алматы қаласы мен тал­ды­қорғандықтар игілігіне  айнал­дыр­ған. «Қанат» шаруа қожа­лы­ғы сияқты кәсібін дамытатын­дар­ға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қолдау та­батынын өзгелер де түсінген. – Кәсіпкер алдымен екінші дәрежелі банктердің келісімін ал­ғаннан соң әкімшілікке бағдарла­ма аясында субсидияға өтініш жазады. Аймақтағы үйлестіру кеңесінен өткен құжат министрлікке түседі. Барлығы 30 күн ішінде шешімін тауып, «Даму» қоры, кәсіпкер, банк арқылы үш жақты келісім жасалады, дейді кәсіпкерлікті дамыту қорының менеджері Еркебұлан Қанатай әңгіме арасында. Ана шеті мен мына шетіне көз жетпейтін алқапта көкөністің түр-түрі жайқалады. Диқандар да күннің ыстығына қарамастан кү­тіп-баптау жұмыстарын жалғас­ты­руда. Кәсібін дөңгелетіп, ша­руа­шылығын кеңейтуге мүмкін­дік алған Әнуарбектің алдағы жоспары да жеткілікті. 1500 тонна өнім сақтайтын қоймасын эко­логиялық таза табиғи көкөніске толтыру. Осы мақсатқа жетудегі басшының алғашқы қадамы сәтті деуге болады. Өнім көлемін күзде 600 тоннаға жеткізу үшін тер төгуде. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.