• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2011

Жан шуағы

684 рет
көрсетілді

Сонау 90-шы жылдары Ақ­тоғай өңіріне іссапарға барған­быз. Арнайы барған шаруамызды тындырғаннан кейін қолына қалам ұстаған адамның дағдысы бойынша, өңір өмірімен таны­су­ды да артық көрмеген едік. Соған орай, сол кездегі талапқа жауап беретін тақырыптарды қаузау мақ­сатында үздік кәсіп иелері жөнінде сұрастырғанбыз. – Денсаулық саласында істейтін осында ғажайып бір жан бар. Ол кісінің тұла бойы тұнған мейірім десек, артық айт­қан­дық емес. Міне, осы кісі жайлы жаз­са­ңыздар, ел-жұрт сіздерге әбден риза болар еді. Қазақ КСР еңбек сіңірген ден­саулық сақтау қыз­меткері деген ата­ғы да бар. Аты-жөні Гүлғайын Аманбаева. Қаласаңыздар, онымен қазір-ақ жүздестіруге болады деген жол­бастаушы жігіттің сөзін айналадағы жұрттың бәрі де бірден қостап кеткені есте. – Осы біздің Ақтоғай өңірінің атын бүкіл елге танытып жүрген «Тоқырауын толқындары» деген ансамбль бар. Сол ансамбльдің ән­шісі Гүлғайын Бестібайқызы әні де, сәні де келіскен бір тамаша адам. Сол кісінің әнін тыңдасаңыз, өзіңіз де тәнті болар едіңіз. Кезінде елден ұзап кете алмай қалып қой­ған ғой. Әйтпесе, үлкен сах­на­ла­рыңды гүлдендіріп жіберетін әнші болар еді, – деді ендігі бір топ. – Өнегелі отбасының ұйытқы­сы дейсіз бе?! Бұл өңірде ондай жан­дар аз емес. Соның бірі ғана емес, бірегейі деп Гүлғайын апай­ды айтуға болады. Ол кісі нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адам. Өзі 4 қыз, 1 ұл туып, оларды қатарының алды етіп тәрбиелеп отырған ана. Шіркін, ері Сердалы Ермағам­бетов екеуінің жарастығы қандай десеңізші. Олардың отбасын осын­да­ғы жұрт сыртынан сүйсініп, нағыз махаббат бесігі дейді. Осы шаңыраққа береке-бірлікті ұйы­тып отырған алтын қазық та Гүл­ғайын апамыз. Ол кісінің жан жо­марттығы, даналығы, қазақ әйе­ліне тән биязылығы, бәрі-бәрі бір-бірімен үйлесіп жатады. Егер менің қолымда билік болса, сол кісіден әйелге тән барша қадір-қасиеттерді үйренуі үшін жаңа түскен келіндерді бірер ай жанына байлап қояр едім, деген осы ауыл­да тұратын газет оқырман­дарының бірі. Несін айтасыз, ұлттық қол­өнер­ді өрбітіп жүрген ісмер қыз-келіншектер жайлы сұрасақ та жұрт алдымен Гүлғайын Бестібай­қызын атаған. Тіпті, қоғам жұмы­сына да белсене қатысатын, жұрт­ты да ортақ іске ұйыстыра білетін адам осы Гүлғайын болып шықты. Көпшіліктің осылайша тамсана айтқан сөзі әсер еткен болу керек, біз уақыт тауып осы Гүлғайын Бестібайқызына жолығып қайтуды ойластырғанбыз. Күн жексенбі еді. «Бүгін үйінде болар. Барып жолы­ғып қайтайық», – дедік біз жаны­мызда жүрген ақтоғайлық жігітке. – Сіз мына ауыл көшелерінің айнадай жарқырап тап-таза болып жатқанын байқадыңыз ба? – деді ол бізге сұраулы жүзбен қарап. Оны неге айтып тұр дегендей, біз де та­ңыр­қап қалғанбыз. Соны байқаған әлгі жігіт – Оны айтып тұрғаным, осындағы әрбір мекеме өздеріне бір-бір көшеден бөліп алып, әр жұма сайын тазартып отырады. Сөй­тіп, ауыл жұртшылығын да үйінің ма­ңын таза ұстауға төселдіріп алдық. Айтпақшы, Гүлғайын апа қызмет істейтін мекеменің жұмысы өткен жұма күні тым қауырт болса керек. Содан да олар көше тазалауға бүгін шығыпты дегенді естігенмін. Ендеше, біз оны анау саябақтың маңы­нан табамыз, деген ол лезде бізді межелі жерге ілестіріп әкелді. Келсек, бір топ қыз-келіншек саябақ ішін жинастырып жүр екен. Байқаймыз, әр ағаштың діңі әктел­ген. Олардың ұдайы күтімде екені көрініп-ақ тұр. – Жоғары шығыңыздар! – деді бізге қыз-келіншектер арасынан суырылып алға озған әйел. Сөйтті де бұл сөзді өзінің сүйекке сіңген қазақы қалыппен аңғармай айтып қалғанын байқап, жадырай күлді. – Ал жоғары шығайық, дедік те біз сонау жердегі орындыққа жай­ғас­тық. Жол бастап келген жігіт таныстырғаннан кейін сондағы қыз-келіншектермен әсіресе, Гүлғайын апамызбен біз тез арада шүйірке­лесіп, тіл табысып та кеттік. Айтса айтқандай-ақ, ол кісі жан шуағы мөлдіреп тұрған жан екен. Өзінің айтуынша, ел алдына шығып ән айтуына ері Сердалы себепкер болыпты. Өзі де көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатын Сәкең Гүл­ғайынға «Сенің әдемі дауысың бар. Жұрт алдына шықпағаның өнерге обал жасағаның» деп қай­да барса да оны бірге алып жүреді екен. – Сіз сан өнердің басын қосқан жан екенсіз. Оның бәріне қалай үлгересіз? – дедік біз оған. – Ниет болса, бәріне де үл­геруге болады. Ол сөзді қысқа қайырды. – Осы күні киім-кешектің де, түрлі қолөнер бұйымдарының бәрі де дүкенде толып тұрған жоқ па. Ал сіз әуре болып, оны өз қолыңызбен жасайтын көрінесіз, – дедік біз тағы да оны әдейі сөйлетпек болып. – Толып тұрғаны рас. Бі­рақ өз киіміңді өзіңе шақтап тігіп ал­ғанға не жетсін. Сол сияқ­ты өз қо­лың­нан шық­қан түрлі бұ­йым­дар үйдің сә­­нін келтіреді ғой. Мұндайда атам қазақ «Үй­рен, үйрен де жирен» демейтін бе еді, деген ол өзі туралы айта беруге құлық­сыздық танытып. Алайда ол ай­наласындағы жұрттың жақсы­лы­ғын, олардың істеген ізгі ісін айтудан жалықпады. Бұл кісіні жұрт­қа сүйкімді көрсететін де осы қасиеті екен-ау деп мен де оған қарап ой түйгенім есте. Содан бері де талай жылдар өтті. Бір күн дәмдес болғанға, қы­рық күн сәлем деген ғой. Бұдан кейін қайтып жолықпасақ та, Гүл­ғайын Бестібайқызын ылғи да ұмыт­­пай, сол өңірдің адамдарын көрсек, ол туралы сұрастырып та қоя­тын­быз. Сол әдетімізбен жуыр­да Астанада жолыққан ақтоғайлық қыз-келіншектерден де сұрағанбыз. – Ол бір кісілік болмысы көркем жан еді, –  деді олар. – Ау, сіздер не деп тұрсыздар? – деп біз тіксініп қалғанбыз. Әйтсе де, олар жаңы­лыс айтпаған екен. Гүлғайын апа­мыздың қайтпас са­парға аттанға­ны­на да бір жылдай уақыт болыпты. – Жақсының артында ізгі аты қалады деген рас екен. Айнала­сына шуақ шашып жүретін апа­мызды біз осы күні сағынатын болдық. Ол кісінің әрқайсымызға айтқан жылы сөзін, аналық тәр­бие­сін еске алып, оны өзімізге үл­гі тұтамыз. Расында да, ол бір өзгеше жан еді. Жастар­дың тағдыр талайына да дер кезінде араласып, ақыл-кеңесін айтып, олардың өмір жолының қиыс кетпеуіне себепкер де болушы еді. Иә, ешқашан да менің жұмысым қанша деп қарап тұрмайтын. Соның арқа­сын­да талай шаңырақтың шайқал­май қалуына себепкер болды ғой. Міне, жақсының шарапаты деген осы, деді әлгі қыз-келіншектер. Осы сәт бұл ойды олар менімен емес, өздерімен өздері бөлісіп отырғандай көрінген. Рас-ау, мына бес күндік өмірде артыңда жақсы ісің, жан шуағың қалғанға не жетсін. Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.