• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2011

Ауылдан кіндігін үзбеген ақын

484 рет
көрсетілді

«Оранса Ар шапанға, адалдық оққа ұшады» деп ақын әпкеміз Фариза Оң­ғарсынова айтқандай, арын да, барын да жоғалтпай, алтын тамыр ауылда арам­дық­тан ада, аузын ашса көмейі көрінетін ел жұртының орта­сында жүрген, өзі де таза, сөзі де бұзылмаған Нарша Қаша­ғанұ­лы­­ның «Елде тұрам» атты жинағын оқып отырғанда, осы азаматқа қазақ жырының қазіргі өрен жүйрігі Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиевтің ерекше ілти­паты еске түседі. Шынында, Наршамен қатар оқып, қатар жүргенде бізге ол ашылмаған әлем­дей, серілік жолына енді ғана бет алғандай көрінетін. Соны Тұ­ма­ғаң ерте түсінген ғой. Талапкер інісінің талантына қамқор­лық көрсетіп, риясыз пікірін білдіргеніне талай рет куә бол­ғанымыз бар. Мына жинақты парақтаған тұста ақын үмітінің ақталғанына көз жеткізесің. Туған жер, ел, Отан, оның даңқты тұлғалары, рухани құндылықтарымыз, мәңгі ескірмейтін тақырып – махаббат әлемі туралы жырлар әдемі оқылады. Бірде ақын «Бәйтерегім сен едің, Бір бүршігің мен едім» деп атамекені туралы толғана келіп, «Қасиетім, киелім, Жаралған сенен сүйегім. Арқардай ауып жүргенде, Арқамды саған сүйедім – Рахмет, туған ел!» дейді. «Сүймейді кім даласын, жерін, Өзенін, көлін, еңісін, өрін. Қазақтың барлық қонысы құтты, Сонда да өзің дарасың, елім! Тамаша неткен Таласым менің!» деп кіндік қаны тамған Таласын жыр тілінде толғайды. Сол секілді елде тұрған соң, елдің жайы ақынды мазаламай қойған ба? «Елде тұрам, әлі де сол елдемін, Жан-тәніммен сезінемін ел демін. Еркелеймін, шағам кейде елге мұң, Елсіз қызық, қуаныштан кендемін» дей келіп, өзінің қазақ болып туғанына мақтанады. Ал қазақпын деп сөз жүзінде айтқанмен, ісінде кері кеткендерді былайша түйреп өтеді: «Аттың басын ауыл жаққа бұрмасаң, Ақсақалға сәлем беріп тұрмасаң, Ағай­ынның адал малын ұрласаң – Қазақпын деп айт­пай-ақ қой, бауырым... Қиындықпен арпалысып ауы­лың, Қайыршы боп қаңғып жүрсе бауырың, Мәши­ненің мінгеніңмен тәуірін – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!». Қасиетті тіл жайлы толғамы да бөлек. «Ата-бата аманаты Тіл деген, Нағыз надан дәл осы­ны білмеген. Түкіргенді суын ішкен құдыққа, Түсін­беймін, түсінбеймін мүлде мен!.. Қазақ тілі қандай сұлу, бай ғажап, Қадірлемеу, айтыңдаршы, қай мазақ?! Ең алдымен тіле тілдің тілеуін, Ел боламын десең егер, ей, қазақ!» деп тебіренсе, «Мейлі әкім, мейлі ақын, ғалым бол, Батыр да бол соңына ерген қалың қол. Бәрібір сен елден үлкен емессің, Есті ерге әлім­сақтан мәлім-ді ол» деп қабырғалы қазақтың қасиетін алдыңа көлденең тартады. Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарын­дағы аласапыран заман туралы ақын толғамдары ел сө­зіндей естіледі. Жұрттың сол кездегі зар-мұнындай сезіледі. Осыны өлең жолдарынан оқып көрелік: «Көн­­діге алмай қиындыққа тап келген, Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден. Туған жерден таба алмаған бақытты, Жазғандар-ай, тапса жақсы-ау жат жерден... Қайран Ақкөл! Қандай едің сен кеше? Енді елсіз құлазиды кең көше. Бүгінгілер сені сақтай алмадық, Обалың болса – ол да бізге, ендеше!» деп Талас ауданы тараған тұста талықсыған халықтың үнін осылайша өлеңмен өрнектеп «Сөгілді бүтін іргелер, Бөлінді бауыр бірге өлер. Дегендей «түбі бір келер», Мүлгиді қырда мүр­де­лер... Екі Отан жоқ ешкімде» дейді. Міне, елдің жай­ын көзімен көрген, жанымен сезген ақын осылай деп боямасыз өмірді ақ параққа маржандай етіп тізіпті. Бұдан өзге де заман запыраны ақын шабытынан қалыс қалмапты. «Түсінетін гүл тілін, Тектіге бұрар бүйрегі, Ұятындай ұлтының, Ұяң қыздар сиреді. Арман болып таза зат, Алдауға ел көп баруда. Азайды арлы азамат, Арзандады ару да. Бозбалаға, кәріге, Бейтанысқа, та­ныс­қа, Сатылады бәрі де, Сатылады намыс та! Бірі қой­ды ұятты, Бірі қойды парызды. Қызың еркек си­яқты, Еркегің қатын тәрізді... Мына Заман қай заман? Ертеңді жан жоқ жобалар. Елімнің халі, әй жаман, Ендігі күні не болар?» деген жолдарды оқығанда Абай мен Дулат жырлары ойыңа оралады. Халықтың ұлы емес, мансаптың құлы болып жүргендер жайлы: «Бір-бірінің бақытына бал ашып, Күні кеше жүрген ауыз жаласып. Алакөз боп кетті қанша ағайын, Алмағайып мансап үшін таласып. Мансап үшін жақты күйе қанша аққа, Мақсаты тек – «бәрін сат та, жан сақта!» Өлер­меннің өсіп кетті бәз бірі, Махаббатты айырбастап ман­сапқа... Қуалаймыз құмарымыз бір қанбай, Құ­ла­ған­ша тасқа тиіп қу маңдай. Мансап болса маңғаз­да­нып, мардымсып, Мазақ қылып адамдарды тұрған-ай...» деп астарлы да ащы шындықты алдыңа тартады.Нарша ақынның жаңа жыр жинағы өмірдің өзіндей сөйлейді. Жасандылығы жоқ. Ауыл адамдарының асыл қасиеттерін толғай отырып, олардың қуанышы мен ренішін боямасыз баян етеді. Жасандылықтан ат-тонын ала қашып, шындықтың шырайын келтіріп жырлайды. Ауылдан кіндігін үзбеген ақын кітабының әр жолында ел тағдыры, адам тағдыры, ұрпақ тағ­ды­ры, кемел келешек – бәрі-бәрі боямасыз менмұндалап тұр. Сүлеймен МӘМЕТ.