• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2011

Реквием

1346 рет
көрсетілді

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек. Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек. АБАЙ.   Ақын Мұқағали Мақатаев жайлы ал­ғашқы сөзді кезінде менің құрдасым, жазу­шы Әбіш Кекілбаев айтып еді. Сонда Мұқаң да, Әбекең де жас еді. Талант талантты таныды. Бүгіндері жұрттың бәрі айтады, барша қазақ айтатын болды Мұқағали есімін. Несі бар, айтсын, ақынын таныған ел адаспайды. Осы арада Абай еске түседі. Ол: Не іздейсің, көңілім, не іздейсің? Босқа әуре қылмай, шыныңды айт. Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің, Сырласалық, бермен қайт! – деген. Сонда кісі көңілі не іздейді, нені аң­сай­ды? Абай бұл сұраққа да жауап беріпті: Абиыр, атақ сол жанда – Кімді көп жұрт мақтаса. Ол мақтаудан не пайда – Көп мақтауын таппаса? – деген. Демек, абиыр, атақ сол жанда екен. Бұл ақиқат сөз! Дәл қазір абиыр да, атақ та жазмыштан Мұқағали басына келіп қонды. Мұны мойындау керек. Рас, бір заманда Мұқағали көп ортадан оқшау жүретін. Өмірде ақындардың бәрі жалғыз, несін жасырамыз, мүлдем Мұқағалиға үрке қараған тұстар да болған. Талантты көре алмаушылық, қызғаныш, тар, қуыс кеуделік қазақпен бірге жасасып келе жатқан кесел, оны әркім де біледі, бірақ сыртқа шығарып айтпайды. Енді, міне, қараңыз, Мұқағалиды жұрт осы күні көп айтып, көп мақтайтын болды. Әрине, бұл – жақсылық. Ал жамандығы – біліп айт­пайды, шы­ғар­маларын түсініп оқымайды, мақтаса дақ­пыртпен мақтайды, сөйлесе жалпылама сөйлейді. Абзалы, мақтау – жел сөз, жанға қас. Енді сақтасақ, Мұқа­ғалиды осы жағынан сақтауымыз керек. Әне, Әбіш бір кездері Мұқағалиды танып жазды, тауып айтып, кітабын талдады, түсініп жазды, ақын жүрегін ұғып, кеңінен халқымен таныстырды. Мұқағали шығармашылы­ғы­ның қыр-сырын ашып, адал сөзін айтты. Бағдарлағанға бұл сол кездегі тың сөз екен. Жұрт Мұқағали Мақатаевтай ақын барын осы мақаладан соң-ақ білгеннің үстіне біле түсті. Бұл – Әбіштің мұқағалитану әлеміне қосқан зор үлесі! Мұқаң жайлы талай сөз осыдан соң-ақ ағылған. Мен сол тұста «Қазақ әдебиеті» газетінде әдебиет бөлімін басқаратынмын, куәлік бере кету артық емес, Мұқаңның талай өлең-жыры, тұтас поэмалары газет бетінде енді бөгетсіз жарық көретін болды, ол заманда да өкінішке қарай «сә­лем – борыш, сөз – қулық» көп еді ғой, жол­дастық, достық қай уақытта сату-қату болмаған, иә, бір кем дүние, қазақ ғұрпында пенделік жетеді... Әрі осы пенделікті Мұқағали ақынның өзі де: Ығысыңдар, Ей, таулар, Ығысыңдар! Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар, Ата болып не маған ұрысыңдар, Адам болып, немесе ұғысыңдар, Ығысыңдар, ей таулар, ығысыңдар! – деп серпи ығыстырды. Бірақ сол ығысулар, шындығына көш­сек, ақынға кешігіп жетті. Орнығып, жай­ғасып отырып қалғандар орын берген бе, ығысу қиын. Әсіресе өнер жолында ығы­сулар аз болады. Көз үйренген тізім бар – ол өшірілмейді. Мұқағалиға осы «соцреа­лизмнің» қайрақтай қатты тәрті­бін бұзу оңайлыққа түспеді. Қалайда Мұқағали күресіп бақты – жаңа жыр екпінімен асау толқын боп ақты. Өлең үлгісіне өзіндік өрнек салды. Өйткені, ол өмірге өжет мінезбен, «алын­баған ақым бар сенде менің, кең дүние, кенде етсең сыбағамнан, шырылдаған сәби­дей мазаңды алам» деп келген. Сон­дық­тан да жоқ іздеген жандай алға ұмтылды. Ізденді. Ақыры іздегенін тапты. Ақынның іздегені өз жыры екен – мұзбалақ жырлары. Сөйтіп, Мұқаң өр тұлғасымен өрге өрлеп, күн сайын оза шауып, жырына ешкімге тұзақ салдырмады. Қайта өзінің жыр-ошағының отын үрлеп, жыр-шырағының жарығын маздата жақты. Ол «ақынмын деп қалай мен айта аламын, халқымның өз айтқанын қайталадым. Күпі киген қа­зақ­тың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайта­рамын» деп ағынан жарыла, ақтарыла келді. Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін, Ермек үшін, немесе өлмеу үшін. Жазсам, жазам жырды мен, жасырмаймын, Жаралы жүректерді емдеу үшін.   Ермек үшін белгілі жырламасым, Ермек десе, ел мейлі тыңдамасын. Өтсем болды арқалап адамдардың Қуанышын, шаттығын, мұң-наласын.   Қуат алып Абайдың тіл-күшінен, Жыр жазамын Абайдың үлгісімен. Абай болып табынсам бір кісіге, Абай болып түңілем бір кісіден.   Өлмеу үшін – құлқынды жемдеу үшін. Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін. «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін, – деп, поэзия әлеміне еркін кіріп, қазақ жыр-отауының босағасын аттады. Жазмыштан Мұқағалиға өлең тәңірісі Абай, Махамбет, Мағжан, Қасымның жал­ғасы болуды жазса, бұл да бұйрық! Бақты да, абыройды да, талантты да Алла береді. Бүгіндері Мұқағали ақынның 80 жыл­дығы халықтық мереке дәрежесіне көте­ріліп, Мұқаңның туған өңірі Алатау бөктерінде – өзінің дамылсыз жырға қос­қан Қарасазында аталып өтіп жатыр. Бәріне шүкіршілік! Басты олжа – қалың елі, қазақ жұртының мұзбалақ ақыны Мұ­қағалиды бұдан былайғы жерде әсте ажырамастай болып, жаппай тануында. Енді көңілдің ақпарат бөлімін ашып, Мұқаң тойына тәбәрік ретінде есте жүр­ген бір жайды алға тартайын. ...1974 жылдың мамыр айы-тын. «Қазақ әдебиеті» газетінің 40 жылдық тойы болды. Салтанатты жиын Қазақстан Жазушылар одағының конференц-за­лын­да өтетін болып белгіленген. Мерзімді уақыт тақағанда «Қазақ әде­биетінің» жігіттері мәжіліске жиналған көпшілікті қарсы алып тұрдық. Жұрт­шылық күт­кенімізден де көп болып кетті. Ағы­лып келіп жатыр. Зал лық толды. Бақ­сақ, сүйікті га­зет­терін оқушы қауым зор құр­мет­тейді екен, орын жетпеуге ай­налды, жұрт иін тіресіп тү­ре­геп тұрды. Пар­тияның бар кезі ғой, кеңестік дәс­түрдегі президиумге әлден уа­қыт­та Қа­зақстан компартиясы Ор­талық комите­ті­нің бірінші хат­шысы Дін­мұ­ха­мет Ах­метұлы Қо­наевтан басқа республика бас­шы­ларының біразы тайлы-тұяғымен тү­гел­ге дерлік шұбатыла келіп жайғасты. Салтанатты мәжіліс ұзамай басталып кетті. Жұрттың сілтідей тынып қалған бір сәті еді. Мінбеге Жоғарғы Кеңес Пре­зидиумының Төрағасы С.Ниязбеков кө­теріле берген. Кенет конференц-залдың есігі тосыннан айқара, жұлқи ашылды. Жұрт елең етісті. Мұқағали Мақатаев! Еңселі. Еңгезердей қалпы. Сықиып киінген, үстінде қара костюм-шалбар, ақ көйлек, қара галстук, шашы шалқасынан жатыр, ұқыпты таралған. Ақын есік алдында аңысын аңдай тұрып қалды. Не ілгері, не кейін аттамады. Сабыр Біләлұлы сөзін енді бастай бергенде Мұқағали Мақатаев: – Пах, пах! – деді өзіне тән зор да­уысымен президиумды қолымен нұсқай. – Өңшең шіріктердің қаз-қатар тізілуін! Мұқағали Мақатаевтың осы сөзді айтуы мұң екен, есіктің сырт жағында торуылдап жүрген органның жігіттері сау ете қалып, кес-кестей, ақынның қолын қайырып тысқа қарай сүйрей жөнелді. Газеттің жауапты хатшысы мен де бұ­лардың соңынан жүгіре шықтым. Өйт­кені, той газеттің тойы, артық-кем жұмыс­қа газет қызметкерлері – біздер жауаптымыз. Жігіттер әй-шайға қарайтын емес, Мұхаңды дедектетіп әкетіп барады. Кейін түсінікті болды, бұлар үш әріптің (КГБ) қызметкерлері екен. Бірінші қабатқа түскесін кішкене түсінісіп, мен ақынды кепілдікке әрең дегенде сұрап алдым. Олар маған: – Мынаны қазір осы жерден алып кет, әйтпесе біз мұны отырғызып қоямыз! – деп өктемдік көрсетті. – Ағайындар-ау, бұл кісі «мынау» емес, қазақтың мына деген ақыны ғой! – деп едім, өзіме бас салды. – Ақын болса қайтеміз, жаңа не дегенін естідің бе, бізге сол жетеді – деп, біреуі тіпті маған тап-тап береді. – Өй-й, қызталақ!! – деді ақын өктем дауыстап. – Өңшең қызталақтар!? – Тек, ойбай, Мұқа! Пәледен маша­йық! – деп жатырмын. – Жүріңізші оңа­ша шығайық... – Өзеурей берсе, сауықтыру орнына апа­рып тапсыру керек! – дейді бірі. – Жә, қойыңдар, жігіттер, бүгін той, бәрі кешірімді! Ештеңе етпес, – деп, бә­йек боп мен жүрмін. Мұқаңды құшақтап алғанмын, бауырына кіріп барамын. – Ағатай, қойыңыз, таста, жүр кетелік... Мұқаң да тартынар емес, қарсы жігіттер де өктемдігін қояр түрі жоқ. Ара түсіп мен әлек, осы кезде олар жақын келді де: – Бар айда, барыңдар! – деп, өңкей бір әлді жігіттер қақпақылдай итеріп, бізді Жазушылар одағының үйінен сыртқа шығарып жіберді. – Ал, енді есікті жабамыз! – Ау, мен қазір қайта кіремін, бұла­рың не? – деп, есікке ұмтылдым. – Мұқа­ңа бұл жиналыс бұйырмаған екен, ал мен болсам осы мәжілісті өткізуші жауапты кісінің бірімін, бұларың болмайды! Есікті жаппаңдар! – Болды, болды, бар, барыңдар! – деген бір жігіт есікті тарс жауып алды. – Қызталақ! Өңкей жағымпаздар! – деді Мұқағали Мақатаев олардың со­ңынан дауысы жә­не саңқ етіп. – Жә, – деді сосын ма­ған, – өзің бір жи­налысшыл бол­ма­саң нетті?! Біз кеткен соң ол залда не мән қалды дейсің, тәйірі, одан да жүр, жоғары өрлеп қайталық! – Мұқа-ау, мені қазір іздеп қалады ғой, мен шынында да бүгінгі тойдың жауапты адамы едім, ұят болар, мен ұзамайын. – Пах-пах! Мен сені бір қышылды жігіт пе десем, сен де жәй әншейін ұран­шыл біреу бо­лып шықпа! Жа­уап­кершілігіңді ал­ға тарта бересің, одан да мені тың­да! Біздер, жетімдерміз, жетімдерміз, ақпанның, аяз қардың өтіндеміз, мына сараң өмір­ден сауға сұрап, тіршіліктің ма­за­сын кетіргеміз, – деп, тақ­пақ­тай жөнелді. – Мұқа, сіз өлең оқи бастадыңыз ба? – Иә, дос! Тыңда, тыңдап ал, тың­дасын ана кещелер! Енді байқадым, Жазушылар одағы­ның алдында қызыл жағалылар толып кетіпті. Өзді-өзі болғанымен олар бізден көздерін алмайды, бақылап тұрғандай. Нысанада екенімізді сезіндік. Әйтсе де Мұхаң олардан қаймығар емес, қайта ерегесе түскендей. Өлеңін оқи бастады. Дауысы саңқ-саңқ естіліп тұр. Біздер – жетімдерміз, біздер жетімдерміз! Сөздің шыны керек, дәл қазір мен жыр тыңдайын деп тұрғаным жоқ, асы­ғыспын. Реті келсе Мұқаңды ұзатып са­лып, ішке тез енгім кеп тұр. Қалай дегенмен де той, мәжіліс, өзім жұмыс істеп жүрген мекеменің бір салтанатты күні, сыйлап жұрт келіп жатыр, қонақтарды күту де аз шаруа емес, бірақ қайтерсің, Мұқаңның босатар түрі жоқ, айрылмай тұр. – Айта алмадың, бала, бұл жыр емес – Реквием! Трагедия! Оптимистік ән – жаңа басталған жүрек жыры! – Солай да шығар, алайда сіз маған түйінін айтып тұрғандайсыз! – Түйін, түйін дедің бе – жоқ, бұл әлі түйін емес – іздеп жүрген мәңгілік әнім! Әйтпесе мына өмірдің бәрі бекер! Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер. Бекер ғой бәрі, бөтен ғой, қызталақ бала, өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой! Согласен?! – Согласен! – Енді мен саған Есениннің «Итін» оқиын! – Ойбай, аға, өлең оқудың және бір кезегі келер... – Түсінем, түсінем, сен асығып тұр­сың! Бірақ, запомни – жөпелдемеде шық­қан поэзия мықты болады – есте мықты сақталады! – Келесі бір жолы, Мұқа! Жақсылап бәрін оқырсыз, оған уақыт табамыз... – Хитрый! Менен басқаның бәрі хи­трый! Бәрі асығыс, бәрінде шаруа бар?! Тек менің Шәміл құрдасым (ақын Шәміл Мұхамеджановты айтады) екеуіміз ғана ешқайда асықпаймыз. Біріміздің жыры­мызды біріміз жайғасып отырып, тыңдап тарта береміз. – Жоқ, олай емес, жағдайды көріп тұр­сыз ғой?.Түсінесіз... – Ал, енді сен, жауапты бала, жина­лысыңа бар, мен түу үйреншікті подва­лыма жылжиын, – деді қатты ұстаған қалпы мені өзінен ажыратып тұрып. Ол ілгері жүре берді де кенет жалт бұрылды. Маған қарай қолын шошайтып: – Әй, бала, – деді және неге екені белгісіз әлдеқалай жаңа бір ой тұтата. – Бір адам өлсе, бір жұлдыз қоса сөнеді. Бір кезде біреу маған осылай деп еді. Есімде тағы біреудің былай дегені: Бір адам туса, бір жұлдыз бірге келеді. Сенбесең сен­бе, осыған әйтеуір мен сенем, құла­зып қалам, бір жұлдыз ағып, сөнсе мен. Несі бар оның – айып па адам тағдырын, бүкіл ғаламның биіктігімен өлшеген. – Дұрыс, Мұқа, дұрыс! – дедім мен оған жақын келіп. – Менің әжем де осылай дейтін, ол кісі өте ырымшыл еді... – Әжең дұрыс адам екен! – деді ақын. – Сірә, елгезек болмасаң нетті, сенің менің соңымнан жүгіре шыққаныңа бір түрлі елжіреп кеткенімді қарашы, манадан босатпай тұрғаным да сол, әйтпесе әлгі қызталақтар мені қайда апарып тастар еді, сірә, сенен сескенді білем, маған онша тиіспеді, үйреншікті «ауылға» бастай жаз­дады ғой, байқадың ба? Қасымда Шәміл де жоқ, «бұларды сабаттырып» алатын... – Оқа жоқ, Мұқа! Ештеңе етпес, ағат­тық кетті... Өзіңіздің «Қазақ әдебиеті­ңіздің» тойы ғой бүгін, келіп жатқан қонақтар, ешкімді де сөкпеуіміз керек... – Солай екен-ау, ә? Өзің тіпті ақылды болып барасың... – Жә, бәрі кешірімді! – Е-е, сөйдеші, бәтір, мені де бір адам қолдасыншы, әйтпесе менде бөтен ой жоқ, еске қай-қайдағы түседі, кешегі алып­тар, «Қазақ әдебиетін» тәу ашқан арыстар... Жә, болды! Ақын қараңғыға сүңгіп, ұзай берді. Мен оны ұзатып салып, соңынан қарап қалыппын. Түн қоюлана түсіпті. Ішке енгенімде салтанатты жиын жинақталып қалыпты. Залға өттім. Құлағымда ақын үні, ол оқыған реквием жадымнан кетпей қойды. Ақын жыры тұла бойымды баурап алғандай, бей-жай­мын. Дел-сал күйде орнымнан кө­терілдім. Салтанатты жиын әлдеқашан аяқталған­дай, қарақұрым жұрт бұл кезде той залына өтіп, өзара кәукілдесіп кеткен екен. Ошарыла толқып көпшілік арасына өт­кеніммен көңілімнің төрінде Мұқағали ақын тұрғасын ба, әз тұтуға бір татыр кісі таппай көп ішінде көз алдым күңгірт­теніп, сыпыра жылмаң, желбуаз жандар дүр­мегіне селқос алданып, үрпейген жү­рек желгегімен сол кешті өткердім білем... Әттең дүние, құйрықты жұлдыз секілді, туды да көп тұрмады ғой Мұқағали ақын да. Осы күндері менің есіме Мұқағали ақын жиі түседі. Басым ауырып, бал­тырым сыздаса оның «Моцарт. «Жан азасы» деп аталатын реквиемін оқимын. Оқимын да ойға батамын. Маған осы реквием ақынның өзі туралы емес, жалпы Адамзаттық өмір пәнихидасы сияқты көрінеді. Ол сізге де, бізге де – бәрімізге ортақ монолог, баршаның жа­рық дүниемен қоштасу жан азасы. Ерте ме, кеш пе тірі пенде бәрібір бір күні тынады. Оқып көрелік: Мен сені сүйгем, Жаныммен сүйгем, Жарық Күн! Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың, Ақ сәулең сенің аймалап мені, Жарық Күн, Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.   Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың, Сезгемін, білгем, Мен үшін бір күн тынарын. Тастама мені, Тастама мені, Шырағым! Шуағың түссін, Шөп болып, мейлі, шығамын.   Қомағай көңіл құмартып өткен әр неге, Тірлікте сонау түскемін талай әуреге, Кешкен өмір де, Көрген бақыт та, барлығы, Жетпейді екен ғой, Бір күндік сенің сәулеңе.   Бір күндік сәуле... Бір күндік жарық мекенім! Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін. Келмейді-ау тілім... Өлгеннен сұра дер едім, Тірі жандарға, Өмір дегеннің не екенін.   Өмір дегенге, Тірлікте, сірә, жетер ме ой. Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой. Бекер ғой бәрі, Бекер ғой бәрі – бөтен ғой, Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой!..   ...Табытпын, табытпын, табытпын... Неткен ауыр аза, неткен суық қайғы... Және Мұқаң осы ауыр аза, суық қайғыны өзі жуып-шайып: Біз сенімен, Сен бізбен қанаттандың. Қанаттанып, халқыңа нәр ақтардың. Сенің көшің тоқтамас жер бетінде, Өлмес мәңгі сапарға жаңа аттадың.   Әрине, суық қайғы, суық қайғы. Көңілін халқың бірақ суытпайды. Егерде халық өзін ұмытпаса, Бақыл бол, халқың сенің ұмытпайды!   Қайырымсыз қазаға елің бас ұрмайды, Саған деген сағыныш басылмайды. Табытыңды жасырса, жер жасырар, Ал уақыт, өзіңді жасырмайды! – деп жұбататынын қайтерсің. Мұқағали ақын... Ол – жырға, жыры – халқына керек еді... Көңілдегі медеу сол – Мұқағали-ақын – қазақтың және бір ұлы ақыны енді әзіз қазақ жұртымен бірге мәңгі жасау қа­мына кірісті. Кіріскені емес пе, бүгіндері бар елі боп ақын тойына қоғадай жапырылады, ұйымдаса кіріседі, жылда осылай, ақынның туған күнінің атаусыз қалғанын ешкім білмейді. Әйтпесе бір кезде ақынның өзі: Бүгін менің туған күнім, Ой, пәлі-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?! Банкет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай, – деп қамықса, бүгінгі Қазақ елі ақын ұлының өмірде кеткен есесін толтырып, асқар тау – кең даласында ұлан-асыр той өткізіп жатады. Қазіргі күндері халқына аманат еткен ақын жырлары жұртымен толық табысқан. «Қайдасың, қайдасың сен, ерке өлеңім, баламдай көз алдымда еркелегін; сен болсаң сенімді дос, алып күшім, артымнан миллионды ертер едім» дейтін ерке өлеңдері қазағымен бірге. Демек, Мұқағали ақын тірі! Кең дүние, төсіңді аш, байтақ ел, балауса тау, бозаң дала! Қалған жерде Мұқағали ақын өзіңмен алғы ғасырларда да бірге жасайды. Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, жазушы.