Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста дін саласындағы тұрақтылықты нығайтуда одан әрі атқаратын шаралар туралы мәселе қаралды. Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин баяндама жасады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың бірлігінің, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің, саяси тұрақтылықтың арқасында экономика сенімді дамып, азаматтардың өмір сүру деңгейі артқанын, ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда әлемнің жаңа тәуелсіз мемлекеттерінің арасында ең жоғары көрсеткіштің бірі болып табылатынын атап өтті.
Отырыста, сондай-ақ Қазақстан дін ұстану еркіндігін жариялаған зайырлы мемлекет болып табылатыны, алайда, бұл билік органдары дін саласындағы қарым-қатынастарды реттеуден шеттетілу мүмкіндігін білдірмейтіндігі атап өтілді. Елде діни-экстремистік идеология элементтерін, соның ішінде конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруге бағытталған ашық акцияларды таратудың бетін қатаң қайтару қажет.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары мен өзге мемлекеттік органдарға діни-экстремистік көріністерді ашу және тез арада әрекет ету жөнінде тапсырма берді. Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері тәрбие және профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, діни бірлестіктердің қолданыстағы заңнама нормаларын қатаң сақтауын қадағалаулары қажет. Іс жүзінде ауқымды міндеттер Дін істері агенттігіне жүктеледі.
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.