Астанада жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбіреді.
Сенбі күні «Қазақстан» спорт сарайында жарыстың ашылу салтанаты өтіп, әлемнің 48 елінен келген бозбала боксшылар алғашқы жекпе-жектерін бастап кетті.
Қазақстан құрамасы алғашқы екі күнде төрт рет жеңіске жетті. Осы күндері алып сарайдың ішінде керілген шаршы алаңға төрт боксшымыз шығып, төртеуі де қарсыластарын тізе бүктірді. Бұл сында бірінші болып 57 кило салмақтағы Ерболат Ермеков қолғап түйістірді. Ол тәжік Шавкат Рахимовты айқын басымдықпен ұтты. Одан кейін келесі күні Ерболаттың жолын әрі қарай Олжас Қалаубек (46 кг.), Аян Қалибеков (60 кг.), Бекжан Кібітқалиев (54 кг.) жалғастырды. Олжас жапон Юкий Накаджимана, Аян беларусь Артем Ляпконы, ал Бекжан сириялық Алшава Абдулвахабды оңай жеңді.
Шүкір, қазір біздің балалардың аяқ алысы жаман емес. Құраманың менеджері, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың өзінің жарысқа дайындығына, жеңіске деген жігерлігіне риза екенін чемпионат кезінде бірнеше рет байқап қалдық. Чемпионаттың ашылу салтанатынан кейін атақты боксшыны жарыс туралы әңгімеге тартып көргенбіз. Сонда Ермахан Ыбырайымов осы әлемдік бәсекеде балаларымыздың бірнеше алтын жүлдені алып беретініне сендірген. Дегенмен, бізбен иық теңестіріп бәсекелесетін командалардың да бар екенін жасырмаған. Чемпионаттың алғашқы айқастарына қарап отырсақ, шынымен де Куба болмаса да бірнеше елдің алтын жүлдені көптеп жұлып алатындарын байқатқанын көруге болады. Мысалы, ала тақиялы ағайындардың өзі Астанадан бос қайтпайтындарын кешегі айқастарда көрсетіп берді. Сол сияқты Ресей, Украина, Әзербайжан боксшылары да бас жүлдеге дәмелі екендерін байқатып отыр.
Қазір чемпионаттың үш күнінде тосын оқиғалар болмаса да, боксшылардың жекпе-жектері қызықты және тартысты өтуде. Мысалы, сенбі күні Әзербайжан мен Армения боксшылары өзара кездесіп, шаршы алаңның шаңын біраз қақты. Осы күнгі екі көршілес елдің арасындағы жекпе-жек жанкүйерлер ең қызыға тамашалаған айқас болғаны сөзсіз. Бұл екеуінің кездесуі 48 кило салмақ дәрежесінде өтті. Армения жағынан шаршы алаңға Эрик Петросян, ал Әзербайжан құрамасынан Масуд Юсифзаде қолғап түйістірді. Осы сында Кавказ елдерінің жанкүйерлері туларын жалаулатып, өз ана тілдерінде бір-бірімен айтысып, тартысқанына да куә болдық. Бірақ жанкүйерлер сол кездесуде өздерін ұстап, қызуқанды мінездерін көрсеткенімен, жарыс қожайындарына құрмет ретінде сөз таластырудан арыға бармай, тарап кетті. Ал кездесудің өзі Армения боксшысының пайдасына шешілді. Армяндардың Эрик Петросян деген баласы жекпе-жекте сауатты қорғана жүріп, қарсыласына дәл соққылар дарытып, ұпай саны бойынша жеңісті жұлып әкетті. Енді келесі кезеңде қос елдің боксшылары тағы да кездесіп жатса, әзербайжандар кешегі жіберген есені қайтаруға тырысатыны сөзсіз. Бұл сынға Әзербайжан 17 баласын қатыстырып отыр. Ал Армения біздің ел сияқты 13 боксшысын әкелді.
Қазір жүлделі орындарды адамның саны емес, сапасымен жеңіп алуға болатынын барлық жарыстардан көріп жүрміз. Бұл жағдайды өткен әлем чемпионаттары да көрсетіп берген. Мысалы, 2009 жылы Ереванда жасөспірімдер арасындағы әлемдік бәсеке алғаш рет Халықаралық бокс қауымдастығының аясында өткізілгенде 47 елден келген 283 боксшының ішінде Еуропа, Азия құрамаларының жүлдеге әбден лайық балаларын көптеп кездестірген едік. Соның ішінде Армения өз алаңында тұңғыш рет жалпы командалық есепте қола жүлдеге ие болғанын білеміз. Ал бас жүлдені Ресей, күміс жүлдені Куба боксшылары қанжығасына байлап кеткен болатын. Сол сында біздің боксшылар тоғызыншы орын алып, жүлдесіз қайтқаны есімізде.
Жалпы, Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты өткізіле бастаған 2001 жылдан бері 8 алтын, 8 күміс және 18 қола жүлде жинап үлгергенін айту керек. Біз жүлделер саны бойынша Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында келеміз.
Дастан КЕНЖАЛИН.