Ақтөбеде жасөспірімдер мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін баспаналы етудің өнегелі бастамасы осыдан үш жыл бұрын өмірге келген болатын. Қашанда адамгершілік пен азаматтықты жоғары қоятын облыс әкімі осы қағиданы берік ұстануға мұрындық болды. Ол жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үй алу үшін «Тұрғынүйжинақбанкі» акционерлік қоғамының Ақтөбе филиалында есепшоттарын ашуға қаржылай көмек көрсетіп, мүмкіндігінше бюджеттен бөлінетін пәтерлерден де қарасу жолдарын шешуде. Алғашқыда балалар үйінің бес тәрбиеленушісіне тұрғын үй алу үшін әрқайсысына осы банктің Ақтөбе филиалынан 250 мың теңгеден, жалпы сомасы 1250 мың теңге қаржы аударылған болатын. Мұндай қайрымдылық қадамы сәтті жалғасын тапты. Жасөспірімдер үйінің жеті тәрбиеленушісінің осы банктегі есепшотын толықтыруға 10220 мың теңге салынып, нәтижесінде «Болашақ» шағын ауданынан жеті пәтер сатып әперілді. Бұл он алты жетім жасөспірімнің баспаналы болуына мүмкіндік берді.
Еліміздің тәуелсіздік күні қарсаңында жасөспірімдер үйінің тағы да он төрт тәрбиеленушісіне осы банктен тұрғын үй есепшоттарын ашу үшін бастапқы жарналарына 14 млн. теңге салынды. Сөйтіп, олардың әрқасысына 1 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, алты тәрбиеленушіге тұрғын үй сатып алуға 5864212 теңге берілді, сегіз тәрбиеленушіге келісім-шарттағы қаржыларын торықтыруға 3203803 теңге салынды. Отыз екі тәрбиеленушінің есепшоттарын ашуға және қажетті қаржыларын толықтыруға 6400 мың тенге бөлінді. Осындай қолдаудың арқасында жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері отбасылы Юрий Васильев пен Галина Рубцова бір бөлмелі пәтерге, Талғат Төлегенов пен Ирина Есқұлова үш бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Наурыз мерекесі қарсаңында Жасөспірімдер үйінің түлектері жас отбасылы Азамат Далбанов пен Рыстыгүл Құманғалиев бір бөлмелі жалдық пәтерге ие болды, Артем Ходыревке, Алға облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі Анна Девятина мен Темір отбасылық балалар үйінің түлегі Елена Шыхоринаға мемлекеттік тілді жетік білгені үшін пәтер берілді.
Үстіміздегі жылы сәуір айында облыс әкімдігі «Тұрғынқұрылысүйжинақбанкі» АҚ-қа алғашқы жарналары бар облыстық Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне тұрғын үй алуға 15 миллион теңге бөлді. Бұл қаржы жетім балалардың «Тұрғынқұрылысүйжинақбанкі» акционерлік қоғамындағы есепшоттарында тұрғын үй алуға жиналған қаржыларын толықтыруға және 32 тәрбиеленушіге жаңадан есепшот ашуға аударылды.
Облыс әкімі бұл істі бір мезгілдік шара деп қарамай, ұдайы назарда ұстап келеді. Кезінде өз қолынан бір бөлмелі пәтердің кілтін алған жас жұбайлар Максим Чебохин мен Әсел Мүлканованың кішкентай Тимофейді тәрбиелеп жатқанын ескеріп, жақында екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Жас отбасының жаңа пәтерін өз қаржысы есебінен жаңа жихазбен жабдықтады. Сонымен қатар өңір басшысы «НұрОтан»ХДП облыстық филиалының залында облыстық жасөспірімдер үйінің оның 27 тәрбиеленушісінің «Тұрғынүйжинақбанкі» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалындағы тұрғын үй есепшоттарындағы қаржыларын толықтыруға әрқайсысы үшін 300 мың, жалпы сомасы 8100 мың теңге аударылғанын растайтын сертификат тапсырды. №13 Жайсаң кәсіптік лицейінің түлегі Айгүл Нұржанова бір бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды.
Балалар және жасөспірімдер үйлерінің тәрбиеленушілерін баспаналы ету мақсатында олардың есешоттарындағы қаржыларын толықтыруға соңғы үш жылда 57138 мың теңге бөлініп, осының нәтижесінде осы кезге дейін 14 пәтер сатып алынған екен.
Халқымызда «Жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөз бар. Мұндай қайырымдылық алда да жалғаса береді. Оған ірі компаниялар мен кәсіпкерлерді тартып отырмыз. Өздеріңіз де қарап қалмай, еңбек етіп, қаржы жинауға тырысыңыздар. Біздің тарапымыздан қолдау-көмек үзілмейді. Елбасы жастарға сенім артады. Ел ертеңі сіздердің қолдарыңызда. Берілген мүмкіндікті пайдаланып, кәсіби білікті маман болуға талпыныңыздар, өмірден өз орындарыңызды табуға ұмтылыңыздар, – деді өңір басшысы.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.