• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2011

Қырық шырақты әйел

988 рет
көрсетілді

Қазақта әйел қырық шырақты дейді. Бұл әйел адамның мықтылығы мен қадір-қасиетіне қатысты айтылған сөз. Өйткені әйел затының қолынан барлық іс келетінін бүгінгі өмір көрсетіп жүр. Біздің бұл сөзімізге маңғыстаулық Сәуле қажы Бердіхан­қызы­ның бизнестегі  жолы мен өмірлік ұстанымы дәлел бола алады. Бүгінгі бейне: Облыстың үздік кәсіпкері атан­ған Сәуле Жақаева белсенді қоғам­дық жұмыстары үшін Елбасының Алғыс хатымен, «Қазақстан тәуел­сіз­дігіне – 10 жыл» медалімен мара­пат­талып, мейірімділігі мен жана­шырлығы үшін облыс халқының алғысына бөленген жан. Мен өзімді өзім жарнамалаумен айналыс­пай­мын, ал менің қайырымдылығым, қолұшын беруім конъюнктураға алым-салық емес, ол жай ғана адам баласына деген көмектесу ниетінен туған нәрсе. Менің дінім маған өзгелердің қайғысын көре отырып, қол қусырып қарап отыруға мүм­кін­дік бермейді, дейді Сәуле қажы. Ибалы мінез-құлық пен терең діншілдігі қажы апамыздың барлық ісінің табыспен ұштаса аяқталуына бір себеп секілді. Қажы апа Алла­ның ақ жолында жүрген жанның  кез келген істе демеуі мен сенімі мол болатынын тағы да бір айқындап отыр. Бұрынғы бейне: Барлығы да нөлден басталды. Інілерім мен анама көмектесу үшін бар жауапкершілікті ерте мойынға алуға тура келді. Әкем дүниеден ерте қайтты. 1985 жылы оқу мен жұмысты қатар ала жүріп, «Маңғышлақ­нефтестрой» тресінде кассир болып жұмыс атқардым. Сөйтіп еңбек тәжірибемнің парағы 18 жасымда ашылды. 1987 жылы облыстық тұ­ты­ну­шылар одағының көтерме сауда базасына қойма меңгерушілігіне жолдама алып, 1990 жылы № 48 УРСа ПГМК дүкенінің дирек­торы болдым. Атқарушылық тәрті­бім, жауапкершілігім маған кез келген қиын мәселені орындай алуыма мүмкіндік берді. Еңбек өтілімнің басынан бастап алға және жоғары жылжуы мен үшін қалыпқа айналды. Мен әрдайым қым-қуыт тіршілікпен қоса адамдардың жетіспеушілігін, қажеттілігін сезінетінмін. Оларға көмектесіп, қуаныш сый­лауға тыры­сып жүрдім. Біз азық-түлік, киімдер мен керекті заттар сатып алып, қай жерге қажет болса сонда апарып жүр­дік. Жанымда балаларым болды. Бірақ мен мұ­ны­мен тоқтамай, қа­йы­рым­дылық қо­ры­на кіргім келді. Осы­лайша 1997 жылы қажылыққа бар­дым. Кеңес сұрап, бата алғым келді. Алла күшімді нығайтып, қажылық­тан келе «Мұхаммед» ЖШС деп ата­латын ұйымды жолдасым екеуміз құрып, басы-қасында болдық. Мұнда менің көмекшілерім, пікірлестерім көп,  ал серіктестік қайырымды­лық­тың үлкен бағдарламасы бойынша жұ­мыс жасап жатыр. Кейінірек менде өнімі халқыма пай­далы болатындай және адам­дар­ға көмектесе алатындай өнім өнді­ретін кәсіпорын ашу туралы идея пайда болды. Бұл да бірінші Алла­ның, екінші жолдасымның қолдауы арқылы жүзеге асты, дейді Сәуле қажы. Сәуле қажы Бердіханқызының бизнес саласында табысты, жемісті болуының сыры Маңғыстау облы­сы­ның тың бастамаларға жол са­лып, кәсіпкерлік ашып, облыстың сауда және әлеуметтік инфра­құ­ры­лымын бұдан әрі жақсырақ, үлкені­рек дамытудағы үздіксіз алға ұм­ты­луына байланысты. Кәсіби деңгейін тұрақты көтере отырып, ол қар­а­пайым сатушыдан Маңғыс­тау об­лы­­сындағы ірі ЖШС-лардың бірі­нің директорлығына дейін көтерілді. «Мұхаммед» ЖШС кәсіпорнын жолдасым екеуміз Приозерный ақ­са­қалдарының батасымен аштық. Оның ашылуымен 60 адамды жұ­мыс орнымен қамти алдық, сондай-ақ ондағы жұмысшылардың 95 пайызы нәзік жан­дылар. Әйелдерді оқы­тып, жұмысқа тұр­ғызу, көп балалы от­басы­лары­на көмек, серіктестік жұ­мыс­шы­ла­ры­на және қала тұр­ғын­­дарына дас­тарқан жаю кәсіпорынның игі дәс­түріне айналды. 1999 жылдан Сәу­ле қажы Бердіхан­қы­зы Қазақстанның іскер әйелдер ассоциа­ция­сының Маңғыстау облыстық филиалын басқарады. Жұмыс барысымен аудандарда жиі болып, аймақ­тың белсенді және мақ­саткер әйелдерін бір ұжымға жинады. Көп ұзамай қажы апа­мызға кәсіби халық емшілерінің Маң­ғыстау об­лыстық орталығын  басқару да сеніп  тапсырылады. 2003 жылдан бастап Маңғыстау облысы әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төр­ағасының орынбасары болып қызмет атқарамын.  Ассоциация ая­сында «Әйел­дер жарлылыққа қар­сы» ак­ция­сын өткіздік. Сондай-ақ Маңғыс­тау облысының алыс ауыл­дарындағы қартайған кісілер мен көп балалы ана­ларға сыйлықтар мен азық-түлік­тер таратылып, заң­ды құқықтар ту­ралы консультациялар беріледі. Об­лыстық аурухана дәрігерлері  де үлес қосып, бізбен бірге аралайды. «Мұ­хам­мед» ЖШС Құрық, Ақжігіт ауыл­дары мен Жа­ңа­өзен қаласында, об­лыстық зағип­тар және мылқаулар қо­ғамына, қарт­тар және балалар үйіне,  қалалық мүгедектер қоғамына, об­лыстық «Балдырған» қорына, ҰОС ардагерлеріне тұ­рақты көмек көр­се­теді. Приозер­ный ауы­лы­ның бала­лары біз­дің на­зары­мыз­дан еш­қа­шан тыс қалған емес, олар үшін алғаш­қы қо­ңырау күні мен Жаңа жылда мерекелік мектеп ертең­гі­ліктерін жасаймыз. Бала кезімде көп балалы болсам деген арманым болатын. Өйт­кені өзім үлкен отба­сыдан шықтым және көп балалы отбасыға келін боп түстім. Алла­ға шүкір, мақсатым орындалды. Азаматым Бә­йімбет Әлім­бетұлы Молда­қадыров екеуіміз екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырмыз. Отбасылық және қоғамдық қыз­мет міндеттерін бір арнаға то­ғыс­ты­рып, қалай алып жүресіз? Біз Сәуле Бердіханқызына осындай сауал қойдық. Мұның барлығы азаматым Бә­йім­бет Әлімбетұлының арқасы. Ба­лаларым да көмектеседі. Биз­несім­нің екінші тармағы 2002 жы­лы бас­тал­ған, «Жаңаөзен сүт өнімдері зауыты» ЖШС-ның басшылығына келуіммен үлкен жұмыстар атқа­рылып, табысқа жеттік деп сеніммен айта аламын. Құлағалы тұрған ғимаратқа толық­қан­ды күрделі жөн­деу өткізіліп, жаңа заманауи құ­рал-жабдықтар, мұздат­қыш­тар са­тып алынды. Зауыттың іске қосы­луы жаңаөзендіктер мен біздің от­басымыз үшін нағыз мерекеге ай­нал­ды десем артық айтқандық емес. Өндіріске мамандар қайтып келді. Жа­қында біз өндірістің қайта жаң­ғыруы мен 30 жылдық мерей­тойын атап өттік. Зауыт ашылған­нан бастап еңбек еткен тәжірибелі мамандар бейнесінде сенімді тірек тап­тым.  Жұмы­лып жұдырық бо­лып, біріккеніміздің нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге жеттік. Ал 2005 жыл­ға қарай бірден 4 мақса­ты­мызды шешіп алдық. Зауыт шы­ғаратын өнім түрін көбейтіп, таралу рыногын ке­ңей­тіп, жаңа технологиялар енгіздік. Сондай-ақ фир­ма­ның арнайы қапта­масын жасап шығардық. 2006 жылы халықтың сү­йікті сусыны түйе сүті­нен өнді­рілетін шұбатты өндіріске шығару туралы жоспар жасадық. Біз шы­ға­ратын сүт өнімдері Жаңаөзенде ға­на емес, облыста да үлкен сұра­нысқа ие. Ал Алматы және Астана қалаларына жаңа өнім жиыны ұшақ арқылы жиі жеткізіліп тұрады. Өнімнің сатылатын аумағы мен қам­тамасыз ету жағы, сапасы жоға­ры бол­ғандықтан зауыттың ісі жақ­сы жол­ға қойылды. Бұл біздің биз­несі­міздің өрістеп келе жатқанын көр­се­теді. Ол кісі осылай дейді. Бизнестегі табысы мен қоғам­дық қызметінің табысты сырын ең алды­мен отбасы, жолдасының қол­дауы мен алатын және айналадағы адамдармен бөлісетін махаббаты деп есеп­тейтін жан діні мен діліне берік. Өз бақытын байлық пен даңқ­тан емес, елінің бірлігі мен бола­шақ абы­ройынан іздейтін жан басқа бақыт іздемейді де. Ізгілік пен жан мейірімін, қолұшын беруді дүниедегі мақсаты деп санайтын Сәуле апайымыз нағыз қырық шырақты әйел. Венера ТҮГЕЛБАЙ, Маңғыстау облысы.