• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2011

Шахмат коллекциясының көрмесі

378 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен еліміздің мәдени өмірінде мұражай­лардың орны айрықша. Тарихымызды терең зерттеп, оның тәжірибесінен та­ғылым алу Қазақстанда патриотизм қалыптастырудың, Отанның лайықты азаматтарын тәрбиелеудің басты шарт­тарының бірі», деп атап көрсеткен болатын. Астана қаласының орталы­ғындағы Тұңғыш Президент Мұра­жайын­­дағы жәдігерлер де осы тұжы­рымға лайық топтастырылған. Тұңғыш Президент Мұражайын аралаған әрбір жан таным мен тағылым тылсымынан ұмытылмас әсер алатыны анық. Жақында оған көзіміз тағы да айқын жетті. Халықаралық шахмат күніне орай­ластырып Тұңғыш Президент Мұра­жайында Нұрсұлтан Назарбаевқа әр кезеңдерде ТМД мемлекеттерінің президенттері және әлемге танымал атақты шахматшылар сыйлаған шахмат кол­лекциясы тұңғыш рет жұртшылық наза­рына ұсынылды. Елбасына Украина, Белоруссия, Армения президенттері, атақ­ты гроссмейстерлер Анатолий Карпов, Вишванатан Ананд және басқа тұлғалар тарту еткен бұл шахмат мүсіндері ғажайып өнер туындылары болып табылады. Көрмеге қойылған шахматтар металдан, фарфордан, хрустальдан, ағаштан және сүйектен жасалған. Бұл шахматтардың басым бөлігі нақты тарихи оқиғаларға және тарихи тұлғаларға арналған мемориалдық кешендер десе де болғандай. Мәселен, 2006 жылы Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Елбасына тарту еткен шахматта Мәскеу түбіндегі атақты «Бородино шайқасына» қатысы бар тарихи тұлғалар бейнеленген. Шахмат тақтасындағы корольдер Александр І және Наполеон бейнесінде болса, ферзілер М.Кутузов, Иоахим Мюрат және басқалардың бейнесімен берілген. Көрмеге қойылған шахмат коллекция­сында Цинь Шихуандидің атақты тер­ракотты әскерінің жауынгерлері, Ұлы Моғол империясының сарбаздары, викингтер де көрініс тапқан. 2001 жылы Украина президенті Леонид Кучма тарту еткен шахмат мүсіндерінде 1600-1700 жылдардағы украин және поляк әскерлерінің мүсіні сомдалған. Ал Армения президенті Серж Саргсян сыйлаған шахмат мүсіндері стаунт­онттық үлгіде жасалған. Ерекше атап өтетін бір мәселе, бұл шахматтардың бәрі қолдан ойып жасалған жеке өнер туындылары болып табылады. Шахмат коллекциясы көрмесінің ашы­луына орай Тұңғыш Президент Мұра­жайында халықаралық дәрежедегі шахмат шеберлері Дәрмен Сәдуақасов пен Динара Сәдуақасованың көрмеге келген барлық шахмат сүйер қауыммен бір мезгілде бірнеше шахмат тақтасында ойнайтын шахмат турнирі өткізілді. Екі сағатқа созылған осы шахмат турнирі бары­сында ағалы-қарындасты гроссмейстерлер барлық шахмат тақталарында жеңіп шықты. Тек жеті жасар шахматшы Тілеу­жан Еркенов қана гроссмейстерлермен тең түсті. Дәрмен Сәдуақасовтың пікірінше, бұл жас шахматшының болаша­ғынан зор үміт күтуге болады. Жеті жасар шахматшының күні ертең халық­аралық шахмат сайыстарында ел мақ­танышына айналуы әбден мүмкін. Халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов көрмеге қойыл­ған шахмат коллекциясының танымдық және тағылымдық үлкен маңызы бар өнер туындылары екендігін атап көр­сетті. Барлық өмірін шахмат сайысына арнап келе жатқан гроссмейстер өзінің әлі күнге дейін шахмат коллекциясы жоқ екендігіне өкініш білдіріп, бұл көрменің шахмат сүйер өскелең ұрпаққа беретіні мол екендігін ескертті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.