• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2011

150 миллион шабақ құтқарылмақ

387 рет
көрсетілді

Қыстың кезі еді. Жолсапарға шық­тық. Бағытымыз – Арал ауданы. Мақсат – елді мекендерді аралап, жағдайын көзбен көріп қайту болатын. Жолбас­шымыз облыстың басшысы-тын. Сең соққан балықтай бо­лып келе жатқа­нымызда көлік-керуен тоқ­тады.   Әкім шақырып жатыр екен. Бардық. – Мынаны қарашы, – деді салған жерден. – Қаншама байлық далаға кетіп жа­тыр. Осының бәрі Кіші Аралда қалса ғой, елдің ырзығы артар еді, – деді де үнсіз қалды. Мәселенің басын ашып алайық. Тоқтаған жеріміз Көкарал су тоспасы екен. Жалпы, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, табаны кепкен теңізді екі бөлікке бөліп, тоспа салу арқылы су толтыру оқиғасы болған емес. Алланың алдында бетіміз жарық бол­сын, бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың қажырлы қайраты мен ыстық жүрегінің, елге жана­шыр­лығының арқа­сында іске асқан жәйт. Сол Көкарал су тоспасын салғанда бір қателік кеткен. Тоспаға балық­тар­дың өтеуін тежейтін құрылғы қойыл­маған. Соның салдарынан Кіші Арал­дағы бар балық тайдай тулап, бақадай шулап ұлы теңізге кетіп жатыр. Ал олар үлкен теңізде өмір сүре алмайды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тұщы суда өскен балық теңіздің тұзды суына барған соң, қырылып қала­ды. Екіншіден, үлкен теңіздің табанында ғана су жатыр. Сондықтан саяз жерге жеткенде ба­уырымен жер тырнап, батпақтап қа­лады. Сонымен бірге, балықтар үлкен теңізден қайта Кіші Аралға қашады. Ал оған арнайы қашыртқы салынбаған. Сөйтіп, үлкен теңізде миллиондаған шабақ қырылып жа­тыр. Ал соның бәрін Кіші Аралда ұстасақ, елдің игілігіне айналар еді. Әкімнің бізге өкінішпен айтып тұрғаны да осы еді. Ресми дерек бойынша, ұлы теңізде жылына 500 миллионға жуық шабақ қырылады екен. Бұл аспаннан алынған дерек емес. Расымен де солай. Егер Көкарал су тоспасына барып, көзі­ңізбен көр­сеңіз, санаулы уақыттың ішінде үлкен теңізге үйір-үйір балық­тың қашып жатқанын көрер еді­ңіз. Ал тоспадан сәл әріректе ұзын­дығы 15 шақырым, ені 70-80 метр, те­реңдігі 2,5 метр болатын ар­на бар. Соны барып көріңіз. Алға­шында судың қаралығына таң­ғаласыз. Байыптап қарасаңыз, оның барлығы балықтың арқасы екеніне көз жеткізесіз. Сансыз балықтың арқасы судың өзін қа­рай­тып көрсеткенін елестетіңіз­ші. Сұмдық қой! Мамандар сол жер­дің өзінде 700-800 миллион ша­бақ­тың тірлік етіп жүргенін айта­ды. Мұның қанша байлық екенін, елдің әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдайын арттыруға, шаруасын тү­зеуіне қаншалықты көмек екенін түсіндіріп жатудың өзі, басы ар­тық шаруа. Бұл ара­дағы басты мә­селе, сол бай­лықты далаға жібермей, өзімізде қалай ұстап қала­мыз? Ел игілігіне айналдыру үшін не істемек керек? Миллиондаған шабақ­ты шетке жібермеудің жолы қайсы? Қабырғасынан қойылған сұрақ­қа қабағыңызды түймей кө­рі­ңіз. Ал­дымен Арал қаласында аудан әкімі Нәжмәдин Мұсабаев­тың төраға­лық етуімен семинар өтті. Оған аудан шеңберіндегі барлық балық шаруа­шылықтары мен серіктестік төраға­лары, кә­сіп­керлер қатысты. Балық шаруа­шылығына қатысты ойлары­мен бөлісті. Ұлы теңізге кетіп жат­қан шабақтарды құтқарудың жайын кеңесті. Семи­нарға қатысушылар ке­лесі күні шашау шықпастан Көк­арал бөгетінің басына жинал­ды. Балықшылар қажет­ті құрал-жабдықтарын, арнау­лы цис­тер­на­лы автокөліктерін да­йын­­дап, алып келіпті. Тіпті, автокран да тұр екен. Суға алғаш болып «Қосжар», «Қа­мыстыбас», «Қуаныш» серіктес­­тіктерінің балықшылары қайықта­рын түсірді. Сөйтіп, жылым тарта бастады. «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» дей ме? Сол секілді жылым тартқан балықшы­лар судан ризығын тере бастады. Олар аузы қазір қимылдамаса да, болашақта ұрты толып балық жейтінін, сатып несібесін айыра­тынын біліп жымың қағады. Ал­ғашқы несібе аз болмады. Судың жағасында тұрған көнекөздер жылыммен алын­ған балықтың бір тоннадан кем емес екенін айтып, шуласып жатты. Қа­йықтағы жігіттер осыдан кейін аудағы күмістей жарқыраған ба­лық­тарды жоғары­дан түсірілген цистернаға шелекпен күреп сала бастады. Аудағы балық түсіріліп жатыр. Бірақ түбі көрінер болмады. Бір уақытта ба­рып қана таусылды. Кран цистер­наны көтеріп ала жөнелді. Жоғары көтерілген цистерна мұ­нан соң бөгеттің кіші теңіз жақ бөлігіне өтті. Цистернаның қақ­пағын ашып жібергенде, шүпір­леген шабақтар ақ жауын секілді шашырап Кіші Аралға түсіп жатты. Осы уақытта басқа ба­лықшылар өздері тартқан жы­лым­дағы шабақ­тарды жаға­лауда тұрған автоцис­тер­наға сала бас­тады. Ал бұл көліктегі шабақтар бөгеттен алы­сырақ жерге немесе басқа көл айдынына апарылады деген сөз. Арал – Сырдария облысара­лық балық шаруашылығы инс­пекция­сының бастығы Әлимұса Қожағұл айтады: «Кіші Аралдағы балық қоры 15-20 мың тоннаны құрайды. Одан жылына 3,5-4 мың тоннадай балық ауланады. Бұлай кете берсе балық қоры түгесіліп қалары анық. Сондықтан да Көкарал бөгетінің екінші бетінде жатқан балықты құт­қару өте игілікті және пайдасы мол іс. Ол Кіші Арал мен жергілікті көл­дердің балық қорын арттыруға тікелей әсер етеді. Қазір мұнда ба­лықтың 26 түрі бар болса, оның 16 түрі өндірістік мақсатта ауланады». Арал ауданының әкімі Нәжмә­дин Мұсабаев: «Аудандағы он ба­лық шаруашылығы тендерге қа­ты­­сып, он учаскеде балық аулау жұмысын жүргізуді ұтып алған. Қазір табиғат пайдалану­шы­лар­дың жағдайы жақ­сарды. Олар қа­жетті құрал-жабдықтармен, қа­йық­тармен, ау және басқа да құрылғылармен, арнайы көлік­тер­мен, тоңазыт­қыш­тармен жа­рақ­танған. Балықшы­лар­мен жа­сал­ған келісім-шартта өзде­рі­не бекітілген су айдын­дарында ба­лық қорын көбейту туралы талап бар. Міне, бүгінгі басталған акция бір жағынан осы талап­тың орын­далуын қамтамасыз етпекші», – дейді. Акция 2 айға созылады. Осы уақыт аралығында шаруа­шы­лық­тар кесте бойынша кезегімен балықтарды құтқару жұ­мыс­тары­мен айналыса береді екен. Акция барысында 150 мил­лиондай ша­бақ­ты құтқару межеленіп отыр­ғанын да әкім­нің аузынан естідік. Бұл бұған дейін құтқарылған ба­лықтар көлемінен он есе артық көрі­неді. Сонымен қатар, аудан бас­шысы «САРАТС» жобасы­ның екін­ші кезеңі іске асырыл­ған жағ­дайда балықтар­дың үл­кен теңізге кетуі тоқтап, жағ­дайдың дұрыст­а­латынына назар ау­дарды. 150 миллион шабақ! Құт­қары­латыны осыншама. Ұлы теңізге кетіп жатқаны қан­шама?! Әрине, ша­бақтың бәрін құтқару мүмкін емес. Дегенмен, осының өзі ыр­зық­ты іс. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.