Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Министр Президентті Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын істе асыру барысы туралы хабардар етті. «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын талқылау барысында Мемлекет басшысы «Балапан» бағдарламасымен жұмысты күшейту жөнінде, барлық деңгейдегі білім сапасын, соның ішінде орта, кәсіптік-техникалық және жоғары білім сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойды. Орта білім саласында, ең алдымен, педагогикалық кадрларды даярлау деңгейін көтеру қажет. Жоғары оқу орындарында біз жаңа формациядағы педагогтерді дайындауымыз керек. Мен Мемлекет басшысына 1 шілдеден бастап еңбекақыны арттырғаны үшін Қазақстан мұғалімдерінің ризашылық сезімдерін жеткіздім. 1 қыркүйектен бастап жоғары санат үшін қосымша төлем 100 пайызға арттырылатын болады. Осының бәрі бүгінде барлық деңгейдегі білім сапасына көзқарасты қайта қарауға мүмкіндік береді. Жоғары білімге қатысты айтсақ, әрине, оған Назарбаев Университеті үлгі бола алады» – деді журналистерге арналған брифингте Б. Жұмағұлов.