• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2011

Ел жүгінің қашанда салмағы мың

358 рет
көрсетілді

Туған тілім Өткен ғасыр, Өткен өмір, Боп сұрақ... Өзімізше сыр шертеміз Топшылап. Отаршылдық шырмауынан Шыға алмай, Тәуелсіздік, Сені күттік көп шыдап.   Ұлтымыздың үлесінен Құр қалып, Шұбарландық, Үстем болып бір халық. Өз тіліміз Өзге тілге жұтылып Сорладық та, Болдық солай шын ғаріп.   Мәңгүрттіктің Ұйығына батқалы Бара жатып... Құдай өзі сақтады! Дербес ел боп Еңсемізді көтердік, Шуақ құйып Азаттықтың ақ таңы.   Күллі әлемге Естіртіп өз үнімді, Шүкір! Шүкір! Тілім қайта тірілді. Айта аламын “Қазақпын!” деп айқайлап, Ақордада Көк байрағым тігілді.   Ел-жұртының Ұға алатын мұң-зарын, Келеді өсіп Өндірдей ұл-қыздарым. Өз тілінің Кеңейтер деп өрісін, Қуанамын, Жарып шықса бір дарын.   Ғұрпым барда, Ұлтым барда, Тілім бар! Рухым содан Күш аларын ұғыңдар! Өрелі ұрпақ, Өздеріңе аманат, Туған тілдің Туын жықпай тұрыңдар!   Туған тілім, Өшпе! Мәңгі тірі бол! Туған жұртым, Тұлғалы да ірі бол! Ұлтты түгел Құшағыңа сыйғызып, Дүрілдеген Іргелі елдің бірі бол!   Жастыққа ода   Өрле, жастық! Өрле сен самғау шыңға, Саған күнә – От болып жанбау сында! Уылжыған күн нұры – Келбетіңде, Ғашықтардың тілегі – Бал дауысыңда! Жайна, жастық! Жайна сен шырайланып, Бақыт құсы Төбеңде шыр айналып, Қанатымен жебесін! Сен құлпырсаң, Құрып кеткір, Қайғы-мұң былай қалып, Шырын дүние Шаттық ән құрайды анық! Қыран құстай Саңқылдап үнің сенің, Сөйле, жастық! Сөйлейтін күнің сенің. Сен бар ғой деп Жасытпай күш-жігерін Қайрат жыйған бойына Бүгілсе елің. Жаның – алау, Алдыңда – жауапты сын. Жанартаудай Сілкінген ғажап күшің. Самғау үшін заңғарға Күміс қанат Қазақстан ұшырған азат құсы Сен болашақ алдында жауаптысың! Ел намысын қорға сен, Ер намысын, Шартараптан естілсін өр дауысың! Қайна, жастық, Дүбірлет, Күллі ғалам Жасыра алмай қарасын таңданысын! Сен – жерімнің Жасарған орманысың! Сен – елімнің Қуатты қорғанысың! Жаса мәңгі, жастық шақ, Адамзаттың Шұғыла шашқан Болашақ таңдары үшін! Қатира ЖӘЛЕНОВА, Жазушылар одағының мүшесі. Қызылорда қаласы.