• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2011

«Тендерге түскен келіншек» немесе театр маусымындағы соңғы премьера туралы бір үзік ой

1057 рет
көрсетілді

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры  85-ші театр мау­сымы аяқталар тұста жазушы Медеу Сәрсекенің «Тендерге түс­кен келіншек» дейтін драмасын сах­наға шығарды. Сахналық туындының негізгі айтар ойына келсек, тағдырдың бұ­ра­лаң жолдарында адам ба­сында неше түрлі тауқымет бола бермек. Оқыс қадамдар кейде бү­кіл отбасының күллі құнды­лы­ғының күл-паршасын шығарып, күрделі сәттерде пенделердің ішіне бүккен пиғылдарын сыртқа атойлатады. Сағила мен Таубай да орта жас­тан асып, ұл үйлендіріп, немере сүйіп, алдағы күндердің аман­дығын тілеп отырған жандар еді. Бетіне қарап отырған жалғыз ұл шолжаң келіншегімен аялдамада қаперсіз тұрған кісіні қағып кетеді. Барлық бақытсыздықтың басы да – осы келеңсіз күн. Бейсауат жүрген адамды көлі­гімен қағып кеткен баланы темір тордан құтқарып қалудың жал­ғыз жолы – қомақты пара ғана. Осы уақытқа дейін қоңыр тіршілік кешіп келген отбасы бір тәу­лікте 100 мың доллар таба ала ма? «Тендерге түскен келіншек» деп   аты еліктіріп тұрған драмада тендерге түсетін кім? Таубайдың өз әйелі ме, әлде тайраңдаған ұлдың үйіндегі келін бе? Ал біреудің қойнындағы жа­рын саудалап жүрген адам кім? Бұл жасырын кейіпкер көрермен­дері­мен кездеспейтіндігімен де тартымды. Шарасыз отағасы – Таубайды екі құрамда театрдың актерлері Бақтияр Қожа мен Бекжан Тұрыс, ал «тендерге түскен келіншек» Са­ғила рөлін Дария Жүсіп, Дана­гүл Темірсұлтанова, сондай-ақ адвокат Жорабекті Асылбек Боранбай мен Азат Сейтметовтер ой­найды. Өнерсүйер қауым бұл кеште талантты өнер иесі Бекжан Тұ­рыс­тың терең ойынынан кейіп­керінің өмір мазағына тайталаса алмаған жан азабын көрсе, Сағ­и­ла­ны сом­дайтын Дана Темі­р­сұлтанова мен Дәрия Жүсіп кейіпкер бол­мысын әр қырынан аша түседі. Осы заманда қойнында жатқан жарын «тендерге» түсіріп қоятын азаматтар бар ма деген ой да көлбеңдейді. Ал қойылымның ав­торы, жазушы Медеу Сәрсеке болса: – Бұл шығарма 2009 жылы туды. Бастапқыда бұл пьесаны бірқатар облыстық театрлар қою­ға қызыққанымен, сахналауға асық­пады. Мен кәсіби драматург емеспін. Тек 25 жыл бойы ішіме сыймай, ұйқымды бұзған нәрсені жаздым – десе,  белгілі өнер сыншысы Әлия Бөпежанованың пайымы төмендегідей. – Қойылымда бүгінгі заман­дағы құндылықтың өзгеруі, адам­дардың соншалықты мейірімсіздігі, тіпті адам тағдырын пара шешетінін, бай мен кедей өмірінің айырмасы тұп-тура, қаз-қалпында көрсетілген. Ең бастысы, бұл жер­де көзге ұрмайтын, бірақ түйсі­гі мол жан сезетін бір идея бар: сахна ашылғанда – әткеншекте бала отырды, екі жақтан әке-шешесі тербетіп тұрды, жабылғанда да – сол әткеншек, бірақ онда шашы ағарған, өлі жанарлы ұл отыр, екі жағынан сұп-сұр киінген біреулер әлдилеп тұр. Мұнда айтып жет­кізгісіз трагедия жатыр. Қайы­рымсыз ұрпақ! Баланы жөнсіз, шектен тыс әлпештеу дегеннің үлкен қателікке ұрындыратынын, нәтижесінде, барын аузына тос­қан әке-шешеге ұлдың қайырыла қарамауына әкеп тірейтінін көр­сетіп отыр. Бала өмірдің тәттісін ғана емес, ащысын да көруі шарт. Жаңа заманның ахуалын суреттеуге ұмтылған жазушының жаңа туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Оразхан Кенебаев сахналап отыр. Енді бұл драманы көрермен күзде, театр­дың 86-шы маусымы ашыл­ғаннан кейін тамашалай алады. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.