• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2011

Еңсені езіп тұр

490 рет
көрсетілді

Елді мекен, жер-су, көше аттарын заман талабына сай өзгерту жөніндегі жұртшылықтың ұсыныс-пікірлері уақыт талабы екенін ескеретін мезгіл жетті. Ономастикалық атаулар жүйесін қоғам қалыптастыратыны белгілі.  Облыстық мұ­рағаттар мен құжаттар басқармасы шығар­ған Петропавл қаласындағы көшелер тарихы жөніндегі  анықтамалықта келтірілген деректерге қарасақ, талай ғасырлық бай тарихы бар ұлттық ономастикамыз   патша­лық Ресейдің отарлау саясатының өктем­дігін көп көргенін  байқауға болады. Онда  қамал салынған кезден бастап  пайда бол­ған  атаулар жөнінде  мағлұматтар молы­нан келтірілген. Кеңестік жүйе ономастиканы  тарихи-мәдени санаға әсер ететін саяси құрал ретінде пайдаланып, атауларды ретсіз тықпалай берген. Мәселен, 1924 жылы 26 шілдеде қалалық кеңес президиумының қаулысымен бірден 56 көше жаңаланған. 30-шы жылдары бұл үдеріс одан әрі жалғасып,  революция мен азамат соғы­сының көсемдері мен батырларының есімдері қаптап кеткен. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде төл атауларымыз күшпен өзгеріске ұшырағаны байқалады.  Қысқаша қайырып айтқанда,  қоғамдық-саяси, мәдени-тәлімдік маңызы өлшеусіз ұлттық атаулар жөн-жосықсыз өзгертіліп, табиғатымыз мен болмысымызға үш қайна­сы сорпасы қосылмайтын атаулар қаптап кеткен. Мәселен, Ақжар-Покровкаға, Арқа­лық-Андреевкаға, Қосағаш-Новомихайлов­каға, Кегерін-Новоникольскийге, Жекекөл-Благовещенкаға, Құтырлыған-Екатеринов­каға, Түлкіойнақ-Святодуховкаға, Кіндікті-Оседлоеге, Бақырілген-Петровкаға, Қор­жын­көл-Спасовкаға айналдырылған. Өткен тарихымызды еске салатын атауларды қай­тару – бүгінгі уақыт еншісінде. Мұхтар Әуе­зов «біздің қазақ – жер атауы, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан түзде кездескен бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деуінен атаулардың жергілікті  шаруашылық, тұр­мыстық өмірмен, салт-дәстүрмен біте қай­насып жатқанын аңғару қиын емес. Қазақ­станның өз алдына тәуелсіздік алуына бай­ланысты облыста әкімшілік-аумақтық бір­ліктердің атауларын ретке келтіру, елді мекендерді қайта атау, тарихи-жағрапиялық атауларды  бірізге түсіру бағытында  қы­руар шаруалар атқарылды. 1992 жылдың 12 мамыры ел есінде ұмытылмастай қалды.  Коммунист және 2-ші Коммунист көшеле­ріне алты алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімі беріліп,  кейін Қазақ­стан Конституциясы, Жамбыл, Баян батыр, Г.Потанин, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мүсі­репов, П.Васильев, Е.Бөкетов, Е. Брусиловский көшелері пайда болды. Алайда, алда ұлан-ғайыр міндеттер тұрғанын естен шы­ғар­мауымыз керек.  Өйткені, өз кезегі жетсе де, кешеуілдеп жатқан төл атаулар аз емес. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында ежелгі тарихи атауларды қайтару, мән-мағынасы жоқ күлдібадамдарын жаңалау уақыт талабы екенін ескеретін кез жетті. Ономастика мәселесі – теріскей үшін әлі де өзекті. Облыс орталығындағы 300-ге тарта көшелердің  40 шақтысы ғана төл  атау­ларға ие. Олардың біразының өңірімізге еш қатысы жоқ. Ал, 50-ге тарта көше әлі күнге дейін  коммунистік дәуір мен кеңестік кезең­нің  идео­логиясын айғақтап тұр.  Ең өкі­ніш­тісі, кешегі патшалық отаршылдық пен то­тали­тарлық кезеңнің сарқыншақтары ең­се­міз­ді езіп, намысымызды жаншып тұратыны. «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деп текке айтылмаса керек. Демек, еліміздің қазіргі тыныс-тіршілігін сездіретін, айбынымызды асқақтататын елді мекен, жер-су аттары ұлттық нышандарымызды, халықтық қалпы­мызды танытары сөзсіз. Бірақ, жұртшы­лықтың  ойға қонымды уәждерінін ескеріле бермейтіні өкінішті.  Мәселен, Рига көшесін – Кенжебай Шалабаев, Олег Кошевойды – Смағұл Сәдуақасов, Володарды Ысқақ Ыбыраев аттарына ауыстыру туралы көпші­ліктің ұсыныс-пікірлері тиісті орындар тарапынан қолдау таппай қалды. Осы орайда, кей депутаттардың ұстанымдары таңдан­дырмай қоймайды. Ұлттық мүдде таразыға түскенде кірпіше жиырыла қалатын бәзбі­реулердің парасат-пайымының төмендігіне еріксіз күйінесің. Халық қалаулылары бір кездері  көшелердің атын өзгертпеу жөнінде  заңсыз мораторий қабылдап, ел-жұртты әб­ден ығыр еткен еді. Енді қаржы жоқ деген оңай сылтау ойлап тапты.  Петропавл қала­сындағы № 20 мектепті қазақ үшін шыбын жаны шырқыраған Жұмабек Тәшеновке беру туралы ұжымның шешімі жоғары орындарға жіберілгеніне бір жылдан асса да, жауап жоқ.  «Халық жауы» ретінде атылған Нығмет Сырғабеков секілді Алаштың арыстары жоқ­таушысы жоқтығынан көлеңкеде қалған жайы бар. Кеше ғана сүйегінің күлі Мәс­кеуден әкелініп, туған жер қойнына тапсы­рылған жерлесіміз  Смағұл Сәдуақасовты  та­ныстырудың өзі артық. Өңірде әр жылдары қызмет атқарған  кезде ұлт жоқтаушысы ретінде танылып, халық жүрегінен орын алған Ілияс Омаров, Әнуарбек Шманов секілді мәдениет қайраткерлері де ұмытылып бара­ды. Тізе берсе, еленбей жүрген есімдер аз емес. Солардың бірі – жерлесіміз Жұмағали Тілеулин. Республикамызда алғашқы фельд­шер­лердің бірі бола жүріп, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген «Алаш» партия­сының белсенді қолдаушысының құжат­тарын ономастика комиссиясы екі рет кері қайтарды. Себебі түсініксіз. Совет көшесі біразға дейін қазақ баспасөзінің қалып­тасуына зор үлес қосқан, көрнекті ақын Ғалым Малдыбаевтың атымен аталып жүрді. Биыл ономастика комиссиясының ұсынысы сессияға жолданып, көпшілік жылы хабар күткен еді. Алайда, ескіні аңсаған кей депутаттар «Совет – өткен тарихымыз. Еш өз­гертуге болмайды» деп, қасарыса қарсы шықты. Ақыры дегендерін орындатып тын­ды. Қызылжардың құйқалы топырағында ту­ған Қожаберген жырау, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай секілді қазақтың баршасына ортақ  тұлғалар есімдері де ескерілмей келеді. Атақты балуан Қа­жымұқанның балалық шағы  Қызылжарда өткені белгілі. Өзгені айтпайық, Абылайхан атында көше жоқ дегенге кім сенеді?  Керісінше, кешегі партия, кеңес  басшылары мен қызметкерлерін орынсыз көтермелеу, шүлен таратқандай көше атттарын ұсыну, ескерткіш тақталар орнату, адамды сіңірген еңбегіне емес, шен-шекпеніне қарап бағалау өріс алып бара жатқан  сыңайлы. Қатарластарынан еш ерекшелене қоймаған Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы бірінші хатшысы В.Демиденкоға кезінде ұзындығы ат шаптырым Партизан көшесі бұйыра жаздаған болатын. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» демекші, ақыры Р.Люксембург көшесін алып берді. Осы орайда  Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың Ақордада бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына берген сұхбатында /2008 жыл, 31 мамыр/ «Бұл істе ономастикалық комис­сияларға жүктелер жауапкершілік ерекше. «Атамның атын ауылға, көкемнің атын кө­шеге»  дегендей, қолдан келіп тұрғанда қо­ныштан басып, ел өмірінде ерекше із қал­дыра қоймаған кісілердің орынсыз қолпаш­талуына  тосқауыл қою керек», деген сөздері ойға оралады. Жасыратыны жоқ, ономастика мәселе­сінде депутаттардың өздерін тығырыққа тіреп, көпшіліктің шешімі аяқасты болып жататын жайттардың да  кезігіп тұратынын айта кеткен жөн. Бірде облыстық тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында  кейбір елді мекендер мен ауылдық округтер атауларының транскрипциясын өзгерту және қайта атау мәселесі қаралды. Бұған дейін  бір ғана облыстық мәслихат депута­тының қарсылығымен Чапай селосын Ақбас деп өзгерту жөніндегі аудандық мәслихаттың, 200-ге жуық ауыл тұрғын­дарының шешімі  аяқасты етілген болатын. Бұл жолы да өңірде абырой-беделі жоғары әлгі азамат «мәселені қарауды кейінге қалдырайық» деп, қаржының тапшылығын көлденең тартқан. Алайда, оның ұсынысы қолдау таппады. Қажетті қаражат та табыла кетті. Осылайша  мемлекеттік  тілдегі атау­ларды кері сырғы­тудың амал-айласы таусылар емес. Біз елді мекендер мен көшелерді жаппай қазақыландыру деген ойдан аулақпыз. Алайда, ономастика комиссиясы мен сессия қарауына ұсынылған саусақпен санарлық төл атаулардың  қарсылыққа ұшырап, мә­селе шешімінің ащы ішекше шұбатыла беруінің сыры неде деген сауал ойлан­дырады. Оның бір ұшығы ономастика комиссия мүшелерінің, депутаттардың өткен  қазақтың тарихын,  айтулы тұлғалардың өмірін, шығармашылығын, сіңірген еңбегін  терең білмеуінде жатыр. Оның  ақыры шолақ ойлап, келте  кесе салуға ұрын­дырып жатады. Әйтпесе, жоғарыда мысал еткен тұлғалардың қай-қайсысы болсын білімімен де, ерлігімен де, өнерімен де, даналығымен де өшпес із қалдырған  айту­лы тұлғалар екені  ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Екінші себебі, мәселенің күн тәртібіне өткір қойылмауы, бюрократтық кедергілердің көптігі. Пархоменконы – Батыр Баян, К.Либкнехтті А.Шәжімбаев етіп өзгерту үшін бақандай бес  жыл сарп етілді. Кей көше аттары ауыстырыл­ғанымен, әлі күнге дейін  жаңаша-ескіше қосарланған атауларға ие. Соған қарағанда, «Дорсигнал» мекемесі» өз міндетін атүсті атқарған сыңайлы. Жуырда жергілікті телеарнадан «Ермак көшесі» деген сөзді құла­ғымыз шалып қалды. Қазақша ат таппа­ғандай оның «Малая» деп өзгертілгенін білуші едік. Содан бері арада 6 жыл өтсе де, көше аты жаңартылмағанға ұқсайды. Отаршыл­дық саясаттың көзіндей сақталып қалған атаулар бірлі-жарым болса, бір сәрі! Ескі атауларды жаңғырту, жұртшылық­тың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып,  уақыт тала­бына сай өзгерту кезек күттірмес мәселелердің бірі екенін еске салу артықтық етпейді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.