Сенбі күні Астанада бокстан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионаты аяқталды.
Сөйтіп, бір апта бойы Астана төрінде 48 елден келген 273 боксшы күн сайын шаршы алаңда тер төгіп, ең соңында құрдастары арасында нағыз мықтыны анықтады.
Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды. Біздің құрамада жалғыз алтын жүлдені 54 килодағы Бекжан Кібітқалиев жеңіп алды. Бір күміс жүлдені ауыр салмақта күш сынасқан Дидар Төлеген әкелді. Финалда ол Өзбекстанның Ойбек Шарипов деген боксшысына есе жіберді. Бұл айқаста өзбек баласы Төлегенді шеберлігі арқасында жеңгенін мойындау керек. Көз алдымызда әдемі бокстасып, барлық қарсыластарын оңай жеңген Шариповтың осындай мықтылығын мойындамасақ бізге сын. Ал Төлегеннің бір жақсы жері, ол финалға дейін бәрін қиналмай ұтып, соңғы сында Шариповпен иық теңестіріп айқасты. Дидар одан бір елі кем өнер көрсеткен жоқ. Бірінші және екінші раундта есе жібергенімен, үшінші раундта қамшыны басты. Осылай жеңіске деген жігерін көрсеткен боксшының финалдан соң өз-өзіне келе алмай, көзіне ерік жібергеніне де куә болдық. Бокс, спорт деген осы. Әрқашан жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бірақ, өз алаңында өзбек сияқты біздің спорттағы ежелгі бәсекелесімізден жеңілудің дәмі тым ащы екенін де ұмытпайық.
Осы бәсекеде Аян Қалыбеков (60 кг.), Дәуітбек Қайыргелді (63 кг.), Асқар Дүйсәлі (75 кг.) қола жүлдені қанағат тұтты. Жартылай финалда үш боксшының екеуі қарсыластарынан таза жеңілді. Қалыбеков пен Қайыргелдіге қайрат, жігер жетіспеді. Оны айтамыз, екеуінің айқасқаны да көбіміздің көңілімізден шықпады. Ал Асқар Дүйсәлінің финалға шығуға жөні бар еді. Ол жекпе-жекте бір ұпай саны бойынша жеңілді. Оның өзінде Дүйсәлінің жеңілгені көпшілігімізге күмән туғызды.
Әлем чемпионатында Ресей құрамасы 4 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды 2 алтын, 1 күміс, 2 қола мелальмен Өзбекстан құрамасы иеленді. Осы ретте соңғы жылдары өзбек боксының жылдам дамып келе жатқанын айту керек. Енді олар осы қарқынмен жүре берсе, біраз уақыттан кейін бүкіл әлемді өзіне қаратып, мойындататыны сөзсіз. Биылғы бәсекенің тосын жаңалығы Австралия құрамасы болды. Бұған дейін еш жерде құрмет тұғырының биік сатысынан көрінбеген жасыл құрлықтың құрамасы Астана төрінде 2 алтын жүлде алып, үшінші орынды иеленді.
Биылғы чемпионатта Тәжікстанға аса талантты боксшы Асрор Вохидов (48 кг.) алтын жүлдені сыйға тартты. Оған жарыс соңында әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атағы берілді. Бұл бәсекеде 4 алтын жүлдені жеңген Ресей құрамасы қандай марапатқа да лайық екенін көрсетті. Астанаға екі құраммен келген ресейліктердің өнері әлі көпке дейін есімізден кетпейтіні сөзсіз. Әсіресе, 66 килодағы Александр Агафоновтың өнері бір төбе әңгіме деуге болады. Ол биылғы сында 2016 жылғы Олимпиада чемпионы екенін көрсетіп кетті. Сондай-ақ, осы жарыста Шамиль Мальсагов, Тамерлан Магомедов, Лепаруш Акопян болашағынан зор үміт күттіретін боксшы екендерін көрсетіп берді.
Дастан КЕНЖАЛИН.