Облыстық «Діни ақпараттық кеңес» қоғамдық қоры жанынан «Сана» деп аталатын жастардың волонтерлік орталығы ашылды. Жаңа ұйымды құруға облыстық «Жас Отан» жастар қанаты мүдделестік қолдау көрсетуде. Қазір арнайы куәлік тапсырылған он жас белсенді жұмысқа кіріссе, еріктілердің келесі тобы оқуға тартылып отыр. Жұмысшы және студент жастардың дін өкілдерімен алғашқы кездесуі әсерлі өтті.
– Жақын күндері «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ғимаратында, мешіттер мен шіркеулерде, жастар лагерьлерінде бейнефильмді семинарлар, дөңгелек үстел мәслихаттары, флешмобтар ұйымдастыру жоспарланған, – деді еріктілер орталығының жетекшісі Әлия Мұхамедәлиева. – Біздің мақсатымыз, жастарды әрқилы секталардың теріс ықпалынан сақтандыру. Өйткені, діни ағымдар жөніндегі ақпараттың әлсіздігі, оның шын мәнін білмеу мен түсінбеушілік көптеген замандастарымызды адастырып жүргені мәлім.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы.