Төртүй ауылына қарасты Қаражар елді мекеніндегі қорымда археологиялық қазба жүргізу аяқталды. Оқырман қауымның есінде болар, өткен жылы археологтар қазба жұмыстары кезінде жас әйелдің сүйегі мен алтын жіппен шілтерлеп тігілген жастықша тапқан болатын.
Ең алдымен, біз Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық ғылыми-зерттеу институты мен ПМПИ-дың студенттері және Екібастұздағы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлерінен тұратын экспедицияның жетекшісі Тимур Нұрланұлына жолыққанбыз. Ол бізді қорымға бастап келді. Біздің көзіміз бірден көлемі 25 см. болатын күйдірілген қызыл кірпіштерге түсті. Өзіміз күнде көріп жүрген кірпіштерге мүлде ұқсамайды.
– Бұл кірпіштердің құйылғанына 500 жылдан астам уақыт болды. Байқадыңыздар ма, әлі сол қалпы. Бір жері кертілмеген. Ал мына жерде кірпішті дайындайтын цех жұмыс істеген, – деді Тимур Нұрланұлы едәуір жерді алып жатқан шұңқырды көрсетіп.
Шұңқырдан әрі асқанда көк, күлгін түсті күмбездің сынықтарын кездестірдік.
– Біз тұрған жер ХІV-ХV ғасырларда Сарыарқаның орталығы болған. Сол уақытта бұл жерді Алтын Орданың хандары мекен етті деген болжам бар, – деді ол, мына күмбездің сынықтары көне дәуірде хандарға мазар тұрғызылғанын айғақтайды. Монғол-татар шапқыншылығы кезінде хандардың ордасы мен мазарлары талан-таражға түскен.
Машина жазық даладағы жолсыз жермен баяу қозғалып келеді. Мүлгіген тыныштық. Үп еткен жел жоқ.
– Жайқалып өсіп тұрған көк шөпке назар аударыңыздаршы, – деді ол тағы да, – сары жолақты байқадыңыздар ма? Сол сәтте біз төмен қарап, жасыл шөптің бойындағы көзге көрінер-көрінбес сары жолақты көрдік.
– Бұл сары жолақ Жаманкөлден бастау алады. Бұған қарап көне дәуірде адамдардың көлден арық қазғанын дәлелдеу қиын емес. Каналдың ұзындығы 3 км. болса, тереңдігі жарты метрге, кей жері 2 метрге дейін жетеді. Сондай-ақ, Жаманкөлдің тұсынан темір дөңгелектің сынығы табылды. Темір сынығын жан-жақты зерттеген ғалымдар ХІV-ХV ғасырларда адамдар егіншілікпен айналысқан деген ұйғарымға келіп отыр. Демек, адамдар дренаждық канал арқылы егіске су жіберуді білген, – деді Тимур Смағұлов дәлелді дәйектерді алға тартып.
Біз мінген машина кері бұрылып, мазарға жақын маңдағы қазылған қабірдің тұсына тоқтады. Қабір мұқият әрі сатылап қазылыпты. Жарты метр тереңдікте жерленген адамның қаңқасы жатыр. Мәйіттің жоғары жағына жылқының басы қойылыпты.
– Бұл қимақ-қыпшақ дәуіріндегі ханның күтушісінің мәйіті, – деп түсінік берді бізге Екібастұздағы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Талғат деген азамат. – Жылқының басын қоса жерлеу қыпшақ дәстүріне жақын. Жалпы, қазақ жылқыны кие тұтқан. Жылқының басына қарап, біз мына сүйекті ер адам ба деп топшылап отырмыз.
– Тістерінің бәрі орнында. Соған қарағанда, 30-35 жастағы ер адам болуы мүмкін. Бір анық жәйт, жерленген адам хан мен төренің ұрпағы емес. Өйткені, хан мен төрелер кесененің ішінде жерленген. Әрине, бұл әзірге болжам ғана. Қазір кесімді сөз айту қиын,– деді археологтар.
– Бұл жерде екі кесене орналасқан. Біз бірінші кесенені зерттеп, қабірлерді жауып тастадық. Қазіргі таңда екінші кесенеге зерттеу жүргізіп жатырмыз. Біздің білетініміз, мұнда үш-төрт адам жерленген. Әзірге хандар мен төрелер жерленді деген тұжырымға келіп отырмыз. Бұған дейін ғалымдар Ұлытау өңіріне зерттеу жұмыстарын жүргізіп келді. Ал Ертіс өзенінің жағалауын зерттеуге ешкім асыға қоймады. ХІV ғасырдың орта шенінде бұл жерде егіншілік, мал, балық шаруашылығы жақсы дамыған. Біз сол дәуірде табылған малдың, балықтардың сүйегін негізге алып отырмыз. Қазір ғалымдар Тасмола қорымын, Өлеңті жазбаларын зерттеумен айналысуда. Айтпақшы, осыдан бірер жыл бұрын табылған әйел адамның басындағы жастығын қалпына келтіргенбіз. Жастықта араб әрпімен жазылған жазу бар. Бірақ онда не жазылғаны бізге беймәлім. Ғалымдар араб әрпімен жазылған әйелдің есімі болуы мүмкін деген пікір айтып отыр. Ал мына кесенелерге келсек, биіктігі 20-25 метрге, ені 10 метрге дейін жеткен. Мұнараның сырты көкшіл түсті декоративті плитамен қапталған. Құрамы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің плитасына келеді. Мұнараның плитасының құрамында бағалы металдар – мыс, мырыш, қорғасын бар. Металдар сапалы қорытылғандықтан, ұзақ сақталған. Шеберханада күніне 1000 кірпіш құйған. Кірпіш құятын қалып та өзгеше. Мұнараның қасбеті, оюлары үлкен талғампаздықпен жасалған, – деді Тимур Нұрланұлы.
– Мына қызықты қараңыздар, – деді бір кезде Тимур Нұрланұлы қолындағы күмісті көрсетіп. – Бұл күміс теңге. Орта ғасырларда саудада жүрген теңге таза күмістен соғылған екен. Күміс теңгенің көлемі, түсі өзіміздің 20 теңгелікке келеді.
Тимур Смағұловтың айтуынша, ғасырлар қойнауындағы сырды бүгіп жатқан қорымдарды зерттеу әлі ұзаққа созылмақ.
Біз қорымда күнімен жүріп, археологтардың жанкешті еңбегіне куә болдық. Жалпы, Тасмола қорымын, Өлеңті жазбасын, Қаражардағы кесенелерді зерттеу жұмыстары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Негізінде, бұл жерді арнайы қоршаумен қоршап, белгі орнатып, тарихи құндылығын танытатын уақыт жетті. Келешекте жергілікті әкімдік тарихи орындарға баратын жолдың жөндеуден өткізілуіне атсалысса жөн болар еді.
Дария ЕРТАЙҚЫЗЫ.
Павлодар облысы.