Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшылықтың жетекшісі Н.Сыдықов пен «Жас Отан» ЖҚ Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы А.Добровольский әлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы балаларға қажетті мектеп заттарын жинауға арналған «Баланы мектепке даярлайық!» атты республикалық қайырымдылық акциясының басталуына орай брифинг өткізді.
Аталмыш іс-шара жыл сайын жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар мәселесіне қоғамның назарын аудару, тұрғындардың осы санатына үнемі қолдау көрсетіп, көмек беру, аз қамтылған отбасы мен жетім балаларға көмектесуге бизнес-құрылымдарын және үкіметтік емес ұйымдарды демеушілікке тарту мақсатында өткізіледі. Брифинг өткізушілер осындай отбасылар да бізбен қатар өмір сүріп отырғанын ескере отырып, көмектесуге дайын азаматтарды қалалық мәслихат депутаттарымен, бизнес құрылымының басшыларымен, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділерімен және БАҚ өкілдерімен бірлесіп қолұшын беруге шақырды.
Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы балаларға қажетті мектеп құралдарын жинауға арналған «Баланы мектепке даярлайық!» атты республикалық қайырымдылық акциясы 1-26 тамыз аралығында барлық өңірлерде өз жалғасын таппақ. Республика бойынша көмекті қажет ететін, жағдайлары жоқ отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балалардың саны 254235 құрайды. 2010 жылы осы акция бойынша «Жас Отан» ЖҚ 19325 балаға көмек көрсеткен болатын.
«Егемен-ақпарат».