• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2011

«Қараөткел» жәрмеңкесінің жақсылығы көп

595 рет
көрсетілді

30-31 шілдеде Астанадағы «Метро» сауда орталығының аумағында Ауыл ша­руашылығы министрлігі, Астана қалас­ы­ның әкімдігі және «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың ресми қол­дауымен бесінші рет еліміздің агро­өнер­кәсіптік жетістіктерінің «Қараөт­кел- 2011» республикалық жәрмеңкесі болып өтті. Дәстүрге сай республиканың барлық аймақтарынан келген кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары елорда тұрғындары мен қонақтарына өз тауарларын ұсынды. Малмен көзін ашқан қазақ үшін мұнда жиналған жұртшылықты алғашқы кезекте қызықтырғаны, әрине, төрт түліктің түр­лері еді. Еліміздің барлық аймақта­ры­нан дерлік әкелінген асыл тұқымды малдар түрі өте көп болды. Астана іргесіндегі Қосшы ауылынан орын тепкен «Асыл түлік» АҚ базасында өсірілген мүйізді ірі қаралар мен Семейдің «Гүл-Райхан» шаруа қожалығынан келген шопан ата төлдері қараған жанның қызығушылығын тудырмай қоймайды. Сондай-ақ, асыл тұқымды етті бағыттағы жылқылар да жәрмеңкеге келгендердің назарын өзде­рі­не аудара берді. Мұнан өзге үй құс­та­ры­ның бір тобы да жәрмеңке сөресінен орын алыпты. Аты айтып тұрғандай, ауылшаруа­шы­лық жәрмеңкесі болған соң мұнда өн­дірілетін өнім түрлері де назардан тыс қалмайтындығы белгілі. Бұл ретте Жам­был облысы, Жамбыл ауданы, Гродеково ауылынан ат арылтып келген жеке кәсіпкер Еркінбек Тоққұловтың ұсынған сүт өнімдерінен жасалған тағамдарын айт­қан жөн. Кәсіпкер жеті адамды жұ­мыспен қамтыса, орташа жалақы 20 мың теңгені құрайды екен. Облысқа бағыт­талған өнімдері қазіргі күндері тұтыну­шы­лар тарапынан жылы бағалар алып жатқанға ұқсайды. Ауылдық жерде тұ­рып, тұрғындарды жұмыспен қамтуда жұмыс жасап жатқан кәсіпкерге алғыстан басқа айтар жоқ. Ал Тараз қаласындағы «Дәнегүл» ЖШС сүт өнімдері, со­ның ішінде, қою­лан­ған сүт өнім­де­рі­м­ен айналысса, кә­­сіпорында отыз­дан астам адам жұ­мыс­пен қамтылған. Тау­арларының жыл­дық айналымы 59 млн. теңгені құрайды. Диқандықпен ай­налысатын ауыл халқы үшін ауадай қажет техниканың көптеген түрі де осында көрініс тап­қан. «Агромаш Хол­динг» АҚ ұсынған аталмыш техникалар шаруа­шы­лық­тың барлық түріне қызмет етуге даяр тұр. Әлемнің бі­р­қатар елдерімен әр­іптестік бай­ла­ныс орнатқан ком­па­ния­ның қызметі қа­шан­да халыққа әз­ір екені жәрмеңкені аралағанда анық байқалды. Сонымен қатар, Атырау облысынан келген «Амангелді» өндірістік кооперативі өнімдерінің барлық жағынан халыққа ыңғайлап жа­сал­ғаны да ешкімді бей-жай қалдырмады. «Қараөткел-2011» жәрмеңкесі аясында II Халықаралық «KazMeat&Milk-2011» мал шаруашылығы форумы өтсе, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан үздік ау­ылшаруашылық тауар өндірушілері анық­талды. Жәрмеңкеге қатысушылардың үз­діктері ұйымдастыру алқасының атынан «Қараөткел-2011» алтын медалімен мара­патталды. Осылайша жәрмеңке сарап­шы­лар мен агрокәсіпорындардың тәжірибе ал­масуларына мүмкіндіктер беріп, ауыл­ша­руашылық өнімдерінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ, өнім өндірушілер мен сауда желілерінің іскерлік байланыстарын орнатуға өзіндік серпін берді. Әбдірахман  ҚЫДЫРБЕК, Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ.