Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Тұнғыш Президенті «Өркен» білім грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы болып өтті.
Республикалық комиссия үстіміздегі жылдың маусым айының ортасында өткен байқаудың қорытындысын шығарды. Сонымен бірге жиында оқушыларды 7 сыныпқа іріктеу байқауының қорытындысы бойынша талапкерлердің резервтік тізімі бекітілді және оқушыларды 8-10 сыныптардағы ваканттық орындарға іріктеу үшін қосымша байқау өткізу шешімі қабылданды.
Басқосуда министр Мемлекет басшысының талапкерлерді мөлдір әрі сапалы іріктеуге айрықша мән берілуін тапсырғанын атап өтіп, Назарбаев зияткерлік мектептерінде қалыптасқан жаңа стандарттар мен оқыту әдістемелері уақыт өте бүкіл білім беру жүйесіне енгізілетінін айтты.
Тағы бір айта кететін жайт, конкурстық іріктеуге 2583 оқушы қатысқан болса, комиссия мүшелерінің қарауына білім беру грантын тағайындау үшін 945 үміткердің материалдары ұсынылған екен. Соған орай, республикалық комиссияның шешімі бойынша 833 үміткерге грант тағайындалып, 112 оқушы биылғы жылы тұңғыш рет құрылып отырған резервті тізімге енгізілді. Ваканттық орын пайда болған жағдайда резервті тізімдегі оқушылар оқу жылының ішінде қосымша конкурстық іріктеуге қатыспастан Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға шақырылады.
Назарбаев зияткерлік мектебіне Талдықорған, Семей және Астана қалаларында физика-математикалық бағыттағы конкурстық іріктеу екі кезеңде өткізілді. Биыл Көкшетау, Талдықорған, Өскемен, Семей қалаларында алғашқы рет іріктеудің бірінші кезеңі компьютерлік тестілеу түрінде өтті.
Компьютерлік тестілеу конкурстық іріктеудің тиімді, ал емтиханның ашық және объективті өтуіне жағдай туғызды. Конкурстың екінші кезеңіне өту үшін жоғары балдың 40 пайызын алу керек болды.
Екінші кезеңде талапкерлер мектептің физика-математикалық немесе химия-биологиялық бағыттағы бақылау жұмыстарын орындады. Бақылау жұмыстары ең жоғарғы 30 балмен бағаланды, порогтік балл 30%-ды құрады, яғни 9 балл болды.
2009 жылдан бастап Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан 11 000 бала тестілеуден өтті . Оның ішінен Назарбаев зияткерлік мектептерінде 3 638 бала оқиды.
«Егемен-ақпарат».